---
title: "Құпиясын қойнына бүккен Дуана тамы"
description: "2019 жылғы 6 шілде күні Арқалық қаласынан шығып, Амангелді кентіне жеткен экспедиция мүшелері Батпа..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-07-17T13:59:53+00:00"
modified: "2019-07-17T13:59:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/piyasyn-oynyna-b-kken-duana-tamy-836447"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/piyasyn-oynyna-b-kken-duana-tamy-836447/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Құпиясын қойнына бүккен Дуана тамы

> 2019 жылғы 6 шілде күні Арқалық қаласынан шығып, Амангелді кентіне жеткен экспедиция мүшелері Батпа...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/435f0e88aaca1862e5bee8cea2bfae.jpg)

2019 жылғы 6 шілде күні Арқалық қаласынан шығып, Амангелді кентіне жеткен экспедиция мүшелері Батпаққара жеріндегі А.Иманов атындағы музейді тамашалап болған соң (музей туралы кейін жеке пост жазбақпын), сол жердегі бистродан түскі асымызды іштік. Бұл қоғамдық тамақтандыру орнын ауылдық жер үшін асы да сапасы да жақсы деп бағалауға болады. Содан кейін аудан орталығында орналасқан "Алтын Дала" резерватының бас офисіне кіріп, аталалған резерваттың табиғи кешендерді қорғау бөлімінің бастығы Серікболсын Қаржаубайұлы Құлжанов бізді қарсы алды, резерват аумағын кіруіміз үшін рұқсат қағазымыды көріп, барлық ақыл-кеңестерін беріп, шығарып салды. "Ұлы Жыланшық" учаскесіне кіре берісте күтіп алған бекет қызметкерлері бізді аймақ бойынша алып жүрді. Бірден дала еркелері - киіктер ойқастап алдымыздан шықты, мұны жақсы ырымға бағалап, сапарымызды жалғастырдық. Ұлы Жыланшық бойындағы біз барған кешендердің бірі - Дуана тамы болды. Әрине, Дуана туралы бұған дейн де жазғанмын, дегенмен тағы да толықтыра кетуді жөн көрдім! Айтқандай, Қостанай облысы Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Қуанышбекұлы Торыбаев мырзаға және «Алтын Дала» резерватының директоры Дүйсенғали Қалибекұлы Айтпаев мырзаға, сондай-ақ, аталған резерваттың Табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімінің бастығы Серікболсын Қаржаубайұлы Құлжанов мырза алғыс білдіремін! Менің түсінігімде диуана (дуана) деген ел кезген, жер кезген, дүниеден баз кешкен адамды айтады және ол дінді де таратушы, былайша айтқанда дін жолында өзін құрбан қылған, «темір етігі теңгедей, темір таяғы тебендей» болған жанды көзге елестетемін. Мұны еске алып отырғаным, біздің Ұлытаумен шектес Торғай жерінің басын Ұлытаудан алатын Ұлы Жыланшық өзенінің бойында Дуана атты кесене бар. Осыдан үш жыл бұрын «Алтын Дала» резерватының аумағындағы аталған кесенеге арнайы барған едік. Әйтеуір, бір білетінім бұл кесене бар құпиясын ішіне бүгіп жатқан дала ескерткіштерінің бірі. Айтқандай, жанынан түсініксіз тілде жазылған (араб, түркі жазуларын танимын ғой) бағзы заман тасын да тауып алдық, дәл сол уақыттағы мақсатымыз қазба жұмыстарын жүргізу болмағандықтан, оны сол маңға жасырып, қайтадан таба алмай да қалдық. Кейін білгендей бұл тастардың сызбасы, өрнегі бар бөлігі ғана екен. Өкініштісі суретке түсіре алмадық, құдайдың құдіреті телефонымыз отырып қалыпты, ал фотоаппарат істен шыққан. Кездейсоқтық шығар, дегенмен, бір тылсым күш бар. Тіпті уақыт тоқтап қалған сияқты. Бұл тастарды осы жолы фотоға түсіріп алдық. Бұл жердің табиғатының өзі керемет. Дәл, соғыс сценасын түсіретіндей үлкен алаңы да бар. Биіктен қарасаңыз, бәрі алақандағыдай көрінеді. Ар жағында Мешіт ауылының жұрты бар. Дуана тамын (кесенесін) бұрыннан көріп жүрсек те оның сәулет ерекшеліктері Ұлытау бойындағы ескерткіштермен ұқсас екендігінен хабар беріп тұр, сол уақытта байқағанымыз кесененің ортасы қазылған, адам қолы ма әлде даланың тағысының (мысалы, түлкінің) ісі ме ол жағы бір Аллаға аян! Кезінде Әлкей Марғұлан да бұл аймаққа келіп кеткен деседі, Кеңес заманында археологияда да жыртқыштық көзқарас болғаны шын. Толық қазба жұмыстарын жүргізбестен, тек негізгі, ортасын ғана қазғаны өтірік емес. Тіпті, әкемнң айтуынша 30-40 ескі тастарды Мәскеуден бәлкім Алматыдан келген ғалымдар алып кетіпті содан із жоқ... Бір білетінім Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновтың) әніне арқау болған Аққұм керемет жер, ал, Диуана кездейсоқ құрылыс емес, әкемнің айтуынша кезінде Айырқұм жерінде түркі руникалық тастары болыпты, біздің қазақ әуелден «қалмақтардан қалған ғой» деп тереңге бармай айта салады. Кейін ол тастар үйлердің іргетастарына қаланып кете беріпті. Ал, үйлердің өзі, үйлер ғана емес-ау, тұтастай кеңшарлар қаңырап, жұрты босып кетіп еді. Бірінші рет, 30 жылдарда ашаршылықтан кейін Ұлы Жыланшық бойы қаңырап қалса, 90 жылдары бұл жағдай тағы қайталанды. Алайда, Ұлы Жыланшық бойы әлі талай құпиясын бүгіп жатыр. Енді, бір-екі қызықты ойымды айта кетейін. Жақында, Жомарт Түбекбаев ағам Ералы Оспанұлының «Дуана қожа мен Құсшы ата бір адам бар?» деген мақаласын жіберіпті, ол материалды оқыған кезде: «Дуана қожа мен Дуана кесенесінің арасында бір байланыс жоқ па?» деген ой қылаң берді.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/24d8b55bcbe16b2ed11c169fa6bf02.jpg)

Ұлы Жыланшық бойындағы Дуана кесенесі туралы ақпарат бір біріне қарама-қарсы. Диуана кесенесі туралы бір рулас ағам оның Қара руының өкілі десе, нағашым Әбілда ақсақал тірі кезінде: «Дуана – алыс жолдан келе жатып, осында қайтыс болған кісі екен, сондықтан осында жерленген» деген еді. Қалай десе те кесене қарапайым адамға салынбағаны мәлім. Бәлкім, екінші нұсқасы дұрыс болар, олай дейтінім Торғай жері Сарыарқаның бір пұшпағы болғанымен, батысқа да, ар жағынан Сыр бойына да, мына жағы Ұлытауға да жақын, Науырзым арқылы солтүстікке шығасыз, ал егер, солтүстік шығысқа тіке жүретін болсаңыз, қазіргі Нұр-Сұлтан шаһарының қашықтығы бар болғаны 400-500 шақырым ғана. Кезінде Кенесары ханның бір жыл бойы Ұлы Жыланшық бойын қыстап шыққаны да тегін емес қой. Өйткені, географиялық орналасуы өте ыңғайлы болып тұр. Сондықтан, мақаладағы Дуана қожаның Дуана кесенесіне қатысы жоқ па екен деген күмәнді сұрақ туындайды. Өйткені, көшпенділер үшін қашықтық деген салыстырмалы ұғым ғой. Тағы да тарихты еске түсірейік. Кенесары хан заманында Қоқанның бектері қазақтарға қоқаңдап, маза бермегені бар, сонда аттылы Кенесары сарбаздары бір апта ішінде Торғайдан оңтүстіктегі Созақ жеріне жетіп, жергілікті халықты зар жылатқан қоқандықтардың сазайын беріпті. Бұл, тарихта болған оқиға, биыл олардың ізімімен жүріп өткен жігіттер де бар. Ойды ой қозғайды демекші, тағы да жаңағы мақалада айтылатын Құсшы ата туралы оқыған кезде жақында Қызылорда облысына жасаған саяхатым есіме түсті. Қызылорда облысының Шиелі ауданы аймағындағы Оқшы Ата кесенесін көрген кезде ол жердегі қорымдардың ерте заманнан келе жатқанын көрдім, кей деректер 9-11 ғасырлар деп атап көрсетіпті. Осында тек Сыр бойына ғана емес, Торғай жұртына таныс Досбол датқа да жерленген екен. Әрине, Сыр мен Торғай байланысы бұрыннан бары белгілі, ал Сырдың арғы жағы салыстырмалы түрде Түркістанға да тиіп тұр. Бәлкім Дуана осы тараптан келді ме екен? Қалай десек те менікі тек болжам ғана! Бірақ, жоқты іздеген табады дегендей, бәлкім аңыз түбі ақиқат та болуы мүмкін, өйткені Дуана қожаның екінші аты Құсшы ата кесенесі де қазіргі Түркістан облысында орналасқан ғой. Енді бір қызықты қараңыз, кешегі күні, яғни, 2019 жылғы 6-8 шілде аралығындағы Дуана тамы маңынан табылған тастар Шыңғыс хан ұрпағына, яғни қазақ хандарына тиісті болып шықты. Алдын ала деректер 15-16 ғасырға жататынын көрсетіп отыр. Иә, Ұлы Даламыз қаншама құпиясын бүгіп жатыр! Суретте "Алтын Дала" резерваты Ұлы Жыланшық учаскесінің аумағындағы Дуана тамы. Суретке түсірген Әлия Ахмалишева!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/piyasyn-oynyna-b-kken-duana-tamy-836447](https://yvision.kz/kk/post/piyasyn-oynyna-b-kken-duana-tamy-836447)