---
title: "Петропавлда Әскери-патриоттық орталық ашылды"
description: "Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихаттау тобы Солтүстік Қазақстан облысы..."
author: "minoboronyRK"
published: "2014-04-11T06:32:13+00:00"
modified: "2014-04-11T06:32:13+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/petropavlda-skeri-patriotty-ortaly-ashyldy-409297"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/petropavlda-skeri-patriotty-ortaly-ashyldy-409297/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Петропавлда Әскери-патриоттық орталық ашылды

> Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихаттау тобы Солтүстік Қазақстан облысы...

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-насихаттау тобы Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында болды.

Сапардың мақсаты Қарулы Күштердің оң беделін арттыру, әскери қызметті насихаттау және жастардың арасында әскери-патриоттық тәрбие жұмысын жандандыру.

Топ жетекшісі Бас штаб бастығының орынбасары – ҚР ҚК Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы полковник Мұхамеджан Таласов облыстағы Әскери-патриоттық клубтар мен жас армияшылар орталықтарының басшыларымен кездесті. Кездесуге, сондай-ақ, облыстық білім және жастар саясаты басқармаларының басшылары қатысты.

Қазіргі уақытта облыста 10 әскери-патриоттық клуб пен 14 жас армияшылар орталығы белсенді жұмыс істейді. Бұл қоғамдық ұйымдардың жастарға патриоттық рухта тәрбие беруде атқарып жатқан жұмыстары айтарлықтай.

Кездесуде сөз алған полковник М. Таласов:

– Біздің мемлекетіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастардың дені сау, бақытты болып өсіп, еліміздің лайықты азаматтары, Отанымыздың патриоттары, тәуелсіз Қазақстанның сенімді қорғаушылары болуына үлкен көңіл бөлуде.

Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында жастар саясатына барынша басымдық берілген. Біз өскелең ұрпақты Жаңа Қазақстандық Патриотизм рухында тәрбиелеуіміз керек. Патриотизм – мемлекеттіліктің негізі. Елін, Елбасын сүйетін патриот тәрбиелеу – басты міндет. Бізді барша қазақстандықтардың басты құжаты – «Мәңгілік ел» идеясы топтастырады. Сондықтан, Сіздерге артылар міндет өте жауапты, - деп атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған әскери-патриоттық клубтардың жетекшілері жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы жан-жақты әңгімелеп, тәжірибелерін ортаға салды.

Сапар барысында ақпараттық-насихаттау тобының мүшелері «Саланг» әскери-патриоттық клубының мұражайында болды.

Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі ақпараттық-насихаттау тобының жетекшісін Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Самат Ескендіров қабылдады. Кездесу барысында Қорғаныс министрлігі, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі және Жас армияшылрадың республикалық штабы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру туралы үш жақты меморандумға қол қойды.

Ақпараттық-насихаттау тобының Петропавл қаласына жұмыс сапары барысында ҚР ҚМ Әскери-техникалық мектебінің Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы жанынан әскери-патриоттық орталық ашылды. Бұл орталық облыстағы әскери-патриоттық клубтардың басын бір жерге қосып, жастар тәрбиесін жаңа қырынан жандандыратын болады.

ҚР Қорғаныс министрлігі ақпараттық-насихаттау тобының жетекшісі полковник М. Таласов қалалық Мәдениет үйінде Солтүстік Қазақстан облысының жастары алдында сөз сөйлеп, Қазақстан Қарулы Күштерінің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері туралы кеңінен әңгімелеп берді. Жастармен болған емен-жарқын кездесуден соң Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі қала халқына арнап концерт береді.

 

**ҚР ҚМ Баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/petropavlda-skeri-patriotty-ortaly-ashyldy-409297](https://yvision.kz/kk/post/petropavlda-skeri-patriotty-ortaly-ashyldy-409297)