---
title: "Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойы атап өтілді"
description: "Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165-жылдық м..."
author: "Law.and.Order"
published: "2023-08-12T11:36:59+00:00"
modified: "2023-08-12T11:36:59+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/pavlodar-oblysynda-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-165-zhyldy-mereytoyy-atap-tildi-992931"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/pavlodar-oblysynda-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-165-zhyldy-mereytoyy-atap-tildi-992931/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдық мерейтойы атап өтілді

> Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165-жылдық м...

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165-жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/503631/af7e6db7a5624fdb6359fb2a96078e.jpg)

Алқалы жиын Павлодар облысы Баянауыл ауданында өтті.

Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

– Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы халқымыздың ауыз әдебиетін, шежірелі тарихын және салт-дәстүрін жан-жақты зерделеп, ұлт руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Халықты өнер-білімге шақырған өлеңдер мен толғаулар, дастандар мен қиссалар жазып, төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтті. Ұлы ойшылдың мол мұрасы әлі де талай ұрпақтың қажетіне жарары сөзсіз. «Салған мені бейнетке ғылым-білім» деп ақынның өзі жырлағандай, терең таным мен телегей білімнің арқасында елге танымал болып, «Мәшһүр» атанған абызды ұлықтап, еңбектерін жұрттың жадында жаңғырту – баршамыздың ортақ парызымыз, – делінген Президент құттықтауында.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/503631/3f6988f2668eafbe2a20647a86a721.jpg)

Ерлан Қошанов Ертіс-Баянауыл өлкесі ұлтымыздың тағдыры мен тарихына өшпес із қалдырған ұлы перзенттерді дүниеге әкелген киелі топырақ екенін атап өтті. Солардың бірі де, бірегейі – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы.

Мәжіліс төрағасы ақын өлеңдері мен көсемсөзі қазақ руханиятының алтын қорынан ойып тұрып орын алатынын айтты.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/503631/db048e963cd2da1abf6d46612e372c.jpg)

– Ол кезде заман қандай болғанын білеміз. Сол аласапыран уақыттың өзінде қаншама шежірені, дастан-қиссаларды, ертегілерді, айтыс үлгілерін көзінің майын тамызып отырып жинағаны ерлікке пара-пар, – деді Мәжіліс төрағасы.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/503631/dc8928aa0e6b6eab81eb12d341c244.jpg)

Сөз соңында Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының есімі мен мол мұрасы халқымызбен бірге мәңгі жасай беретінін ерекше атап өтті.

Мерейтой аясында облыста республикалық ақындар айтысы, жыршы-термешілер байқауы, көкпар, бәйге мен қазақ күресінен жарыс өтті.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/503631/328659d696d8c476504579983f2eb6.jpg)

Мәжілістің Баспасөз қызметі 74-63-04. Суретті түсірген Ж.Жұмабеков

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/pavlodar-oblysynda-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-165-zhyldy-mereytoyy-atap-tildi-992931](https://yvision.kz/kk/post/pavlodar-oblysynda-m-sh-r-zh-sip-k-pey-lyny-165-zhyldy-mereytoyy-atap-tildi-992931)