---
title: "Ойын бизнесіне қатысты заңдарға түзетулерде қандай..."
description: "Бүгін Мәжіліс заңдарға, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Фото: egemen.kz Түзетулерге сәйкес қазақстандықтардың..."
author: "jan.123"
published: "2024-06-05T06:00:09+00:00"
modified: "2024-06-05T06:08:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/oyyn-biznesine-atysty-za-dar-a-t-zetulerde-anday-zhayttar-arastyryl-an-1005325"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/oyyn-biznesine-atysty-za-dar-a-t-zetulerde-anday-zhayttar-arastyryl-an-1005325/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ойын бизнесіне қатысты заңдарға түзетулерде қандай...

> Бүгін Мәжіліс заңдарға, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады. Фото: egemen.kz Түзетулерге сәйкес қазақстандықтардың...

*Бүгін Мәжіліс заңдарға, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша енгізілетін түзетулерді екінші оқылымда қабылдады.* ![undefined](https://storage.yvision.kz/images/user/577780/5744e6e7edf75bcb89dd212f8fa036.jpg)

*Фото: egemen.kz*

**Түзетулерге сәйкес қазақстандықтардың белгілі бір тобына құмар ойындарға қатысуға және бәс тігуге тыйым салынады.** Олардың қатарында 21 жасқа толмаған азаматтар, ойын және бәс тігуге қатысуы шектелген, оның ішінде өзін-өзі шектеген (6 айдан 10 жылға дейін), сондай-ақ борышкерлердің бірыңғай тізіліміне сәйкес өтелмеген міндеттемелері бар тұлғалар кіреді. **Бұл қатарда мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер және арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері де бар.** Олар тыйымды бұзғаны үшін жұмыстан босатылады. Заңды тұлғалардың құмар ойындарға қатысуына алғашқы үш санатқа рұқсат бергені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Бұл жағдайда орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін – лицензияның қолданылуын тоқтата тұру жазасы қарастырылған. **Құмар ойындарға тәуелділікпен күрес туралы заң аясында электронды казино мен онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін заңды тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.** Жаза ретiнде 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салу, не 600 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу немесе мүлкі тәркіленіп, сол мерзімге бас бостандығынан айыру ұсынылады. Енді букмекерлік кеңселер өздерінің аппараттық-бағдарламалық жүйелерін Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қаржы мониторингі агенттігінің қолданыстағы ақпараттық жүйелерімен біріктіруге міндетті болады. Осылайша мемлекет олардың барлық қаржылық операциясын көре алады. Сонымен қатар Қазақстан аумағында лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің интернет-ресурстарының қызметіне тыйым салынды. Уәкілетті органның шешімімен қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың тізімі жүргізіледі. **Ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салады.** Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі. Бұл ретте отандық телеарналар халықаралық спорт жарыстарын тікелей трансляциялау кезінде букмекерлік кеңселер мен ұтыс ойынын жарнамалай алады. Сонымен қатар түзетулерде ұялы байланыс операторларына электронды казинолар, онлайн-казинолар, сондай-ақ халықтың абоненттік құрылғыларына құмар ойындар мен бәс тігулер туралы жарнаманы қамтитын мәтіндік хабарламалар жіберуге тыйым салу көзделген.

**Жаңа заңда лотерея билеттерін тарату ережелері белгіленеді.**

Лотерея билеттерін, оның ішінде электронды билеттерді тек лотерея операторы мен агенті арқылы таратуға болады. Оларды сатуға лотерея терминалдары, стационарлық емес сауда объектілері, пошта операторының пошта байланысы филиалдары және лотерея операторының филиалдары арқылы рұқсат етіледі. Бұл ретте тұрғын үйлер мен жатақханаларда, мәдениет ұйымдары орналасқан жекелеген ғимараттар мен құрылыстарда, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында, діни ғимараттар мен құрылыстарда лотерея билеттерін таратуға және терминалдар орнатуға тыйым салынады.

t.me/mazhilis_kz

Айта кетейік, дүйсенбіде еліміздегі [мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойын орындарына баруына тыйым салуды ұсынатын петицияға қол жиналып жатқанын](https://yvision.kz/kk/post/sheneunikterge-kazinoda-oynau-a-tyyym-salyna-ma-1005257) хабарлағанбыз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/oyyn-biznesine-atysty-za-dar-a-t-zetulerde-anday-zhayttar-arastyryl-an-1005325](https://yvision.kz/kk/post/oyyn-biznesine-atysty-za-dar-a-t-zetulerde-anday-zhayttar-arastyryl-an-1005325)