---
title: "Ойсерік"
description: "Ой. Ол менімен үнемі бірге. Таңертең тұрғанда кешегі ойларды еске түсіріп, соның дұрыс-бұрысын тара..."
author: "TalgatBukharbayev"
published: "2011-03-22T17:59:39+00:00"
modified: "2011-03-22T17:59:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/oyserik-134826"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/oyserik-134826/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ойсерік

> Ой. Ол менімен үнемі бірге. Таңертең тұрғанда кешегі ойларды еске түсіріп, соның дұрыс-бұрысын тара...

![Ойсерік](https://storage.yvision.kz/images/user/talgatbukharbayev/pd9r0Hg3fuXrk14Yb26ehkyIi8ghMQ.jpg)

Ой. Ол менімен үнемі бірге. Таңертең тұрғанда кешегі ойларды еске түсіріп, соның дұрыс-бұрысын таразыға салумен басталады да, әрі қарай ойға ой қосып, ойлау кеңістігі кеңейіп кете береді.

Қазір не ойлап отырмын? Терезеде сығалап тұрған толық айға көзің түседі... бетіндегі үлкен үш дақ: екеуі көз, үшіншісі - аңырайған ауыз секілді. Жақынырақ барып қарайсың, бәз бір көзілдірікте телескоп бардай... Негізі бұл жерде ақылға сиярлық ой да жоқ, болмашы бірдеме.

Кейде небір ойлар келеді ғой, әсіресе өзіңмен-өзің жалғыздыққа беріліп, түннің үлесін үгітіп отырғанда... Олар, әдетте, күнделікті күйбең тіршілікте келе қоймайтын, сондай бір ұялшақ, сығалап келетін ойлар. Мен оларды жақсы көремін. Олар жаңалық алып келеді, тіпті көзқарасыңа қайшы, одан бетер радикалды болып түседі. Ол аз десеңіз, ойыңда орнығып алады да, соны түзетулер енгізеді, болмаса жаңаша көзқарас қалыптастырады, ізденіс туғызады.

Ойыңа ерік берсең болғаны, ұйқың қашып соның жетегінде кетесің. Әдеттегі жағдай. Кейде ұйқының басын жалғап, өліара күй кешесің. Оятып алады да, мидың бір түкпіріне тіркетіп қояды. Не болмаса түсіңе кіріп, жалғасын ертесіне ғана есіңе түсіресің. Неге олай деп ойлайсың, кейде ойыңнан ұяласың да, оны жерлей саласың. Сенімсіздік?

Олар сұрақ туғызады. Түн ұзаққа созылатын сияқты...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/oyserik-134826](https://yvision.kz/kk/post/oyserik-134826)