---
title: "Отбасыдағы қақтығыстың бала тәрбиесіне тигізер зияны"
description: "Бала тәрбиесі қай елде болмасын бейжай қарамай, үлкен жауапкершілікпен мән беріп қарауды талап етеді..."
author: "anel_eldoskyzy02"
published: "2022-12-05T20:45:54+00:00"
modified: "2022-12-06T15:02:52+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/otbasyda-y-a-ty-ysty-bala-t-rbiesine-tigizer-ziyany-980139"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/otbasyda-y-a-ty-ysty-bala-t-rbiesine-tigizer-ziyany-980139/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Отбасыдағы қақтығыстың бала тәрбиесіне тигізер зияны

> Бала тәрбиесі қай елде болмасын бейжай қарамай, үлкен жауапкершілікпен мән беріп қарауды талап етеді...

Бала тәрбиесі қай елде болмасын бейжай қарамай, үлкен жауапкершілікпен мән беріп қарауды талап етеді. Бала өмірге келіп, жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап өзінің не көріп, не байқағанын жадында сақтайды. Міне, тәрбиенің берілуі жәй ғана қимыл, іс-әрекетпен де тікелей байланысты. Өз еліміздің бала тәрбиесіне қандай дәрежеде көңіл бөлетіндігімізді біршамамыз білеміз, өмірде көріп те жатырмыз.Отбасылық жанжалдар көбінесе ерлі-зайыптылар арасында, ата-аналар мен балалар арасында туындап жатады. Психолог А. Анцупов және журналист А.Шипилов ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдардың бірнеше негізгі себептерін анықтаған. Олар:

- ерлі-зайыптылардың психосексуалдық белгілері бойынша сәйкес келмеуі;

- жұбайы тарапынан құрметтің, қолдаудың болмауы;

- эмоционалды өзгерістерге қанағаттанбау;

- отбасы мүшесінің біреуінің екіншісінің қажеттіліктеріне зиян келтіре отырып, біреуінің қажеттіліктерін қанағаттандыра алмауы;

- білім беру немесе басқа отбасылық мәселелерде түсіністіктің болмауы;

- жеке демалыстарға қызығушылықтың болмауы және жеке хоббилерге түсіністікпен қарамау.

Сонымен қатар отбасыдағы дау, жанжал, түрлі қақтығыстың туындауы бала тәрбиесімен де тікелей байланысты. Иә, әрбір отбасының түп-тамырымен қалыптасып келе жатқан, яғни балаға деген қояр талап-мақсаттары жетерлік. Бірі баласын өз еркімен жіберіп, “тәйт” демей, бетінен қақпай өсірсе, енді бірі “ұят болады” мен “ел не дейді”-нің арасынан шығармай, ашық айтқанда қатал қарауды дұрыс деп санайды. Бұл арада әрбір отбасының баласын қалай тәрбиелеймін десе де өз еріктерінде екендігін ұғамыз. Бұл бір өрбіген тақырып болғандықтан, әрине сөз қозғау оңай болмайды. Дегенмен де, пікір қалдыра білу де керек. Отбасында бала үшін ата-ананың орны ерен. Тек бір жақтың тәрбиесін алған баланың өзінде екінші жақтың берерін қалап тұратыны бұл сөзсіз. Яғни, әке берген тәрбие мен ананың құйған ақылы балаға бірге сіңірілгені дұрыс деп санаймын. Әрине, егер бала ата-анасын жақын тұта білсе. Ал, тағдырдың жазғанымен анасының немесе әкесінің қарауында қалған жасөспірімдер өзі көрмеген махаббат пен жылулықты сырттан іздейді. Мейлі, анасының тәрбиесінде болып, бірақ әке махаббатын сезінбесе, қанша жерден ана әке орнын басамын десе де ол бәрібір орны толтырылмайтын дүние іспеттес. Шын мәнінде сол ата-анасының өмірде бар екендігіне бір мәрте болсын шүкіршілік етпей, сыртқы қоғаммен байланысты қалайтын жасөспірім ұл-қыздарымыз да бар. Бұл аралықта әртүрлі отбасылық проблемалардың салдары деп түсінеміз немесе әрине тағы да сол тәрбиенің тармағы дұрыс болмағандығы деген шешімге келеміз.

В.Белинский «Адамның тағдыры тәрбиемен шешіледі» деп бала тәрбиесіне ерекше мән берген болатын. Егер бала тек жанжалдың ортасында өсіп жетілетін болса, ол жеткіншек уақыт өте келе басқа өмір аңсайды немесе теріс тәрбиеге тез бой алдырып үлгереді. Тіпті айқайдан шок алып, біраз уақыт аралығында ұмыта алмай жүретін балалар да бар. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, дефектолог мамандар ата-аналардың баласының кекештеніп қалу мәселесімен жиі келетінін айтады. Оның себебін зерттеп қарағанда тұрмыстық жағдайдың салдарынан болып шығады. Нақты айтқанда: отбасының ішіндегі қажетсіз ауыр атмосфера, қажетсіз сөздер, әңгімелер, ұрыс-керіс. Осының салдарынан балада үрей пайда болады. Яғни, психикаға тікелей әсер етеді. Ал өз мәселесін шешсек болды деп санайтын ата-ана балаға тиіп жатқан зиянды байқамай да қалады. Иә, ешқандай отбасы ұрысты өздері қалап шығармайды немесе бақытсыз отбасы болуды қаламайды. Дегенмен де, барлығына түсіністікпен қарап, қара суды да қайғысыз ішетіндер бар. Қорыта келе айтарым, тәрбие тал бесіктен екенін естен шығармай, отбасылық құндылықты сақтай отырып, айқай-шудың бала психологиясына тигізер зиянының бар екенін естен шығармағанымыз жөн. Ұлағатты ұлтты құру өзімізден бастау алады.

Эльдос Анэль

Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/otbasyda-y-a-ty-ysty-bala-t-rbiesine-tigizer-ziyany-980139](https://yvision.kz/kk/post/otbasyda-y-a-ty-ysty-bala-t-rbiesine-tigizer-ziyany-980139)