---
title: "Отбасы бақыты - ұлт бақыты"
description: "Отбасындағы бақыт, татулық, сыйластық кез - келген адамның қалауы. Бірақ кейде сол бақыт ұзаққа соз..."
author: "Asekina019_ga"
published: "2022-12-05T11:03:49+00:00"
modified: "2022-12-06T15:05:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/otbasy-ba-yty-lt-ba-yty-980110"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/otbasy-ba-yty-lt-ba-yty-980110/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Отбасы бақыты - ұлт бақыты

> Отбасындағы бақыт, татулық, сыйластық кез - келген адамның қалауы. Бірақ кейде сол бақыт ұзаққа соз...

Отбасындағы бақыт, татулық, сыйластық кез - келген адамның қалауы. Бірақ кейде сол бақыт ұзаққа созылмайды. Сырт көзге бақытты болып көрінеді. Дегенмен біз көріп жүрген сол бақыттың, сол күлкінің астарында бір мұң болуы мүмкін екенін естен шығарып аламыз. Негізі үнемі мұңайып, уайымға салынып жүретін болсаң, ол жүрекке түседі. Содан ағзада бір айықпас дерт пайда болуы ғажап емес. «Күліп жүрген адамның ғұмыры ұзақ болады», - деп бекер айтпаған. Бірақ бақытты күндерің саусақпен санарлық болса, ұзақ өмірдің не керегі бар?!

Кезінде «отбасы болғасын ыдыс аяқ сылдырламай тұрмайды» деген сөзді жиі естейтін едік. Алайда біз елей қоймайтын сол бір кішігірім реніштің салдары отбасылық қақтығысқа алып келгенін байқамай қаламыз. Ал отбасылық қақтығыстың туындауына қандай себептер түрткі болуы мүмкін? Отбасы құруға асығыс шешім қабылдау. Бұл жас отбасының жанжалдасуына, ажырасуына алып келетін ең негізгі себеп. Бір-бірін толық танып-білмей тұрып асығыс шешім қабылдаудың артында «мінезіміз сәйкес келмеді», «ол менің адамым емес екен» деген мәселе жатыр. Аталған мәселеге ата-ананың танысуымен, келісімсіз алып қашу, жігіттің (немесе қыздың) үйленетін жасы келіп қалып, ата-әжеден келген немереге, ата-анадан келген қолды ұзартатын келінге деген сұраныс алып келеді. Екінші себеп екі жастың ортасына үшінші жақтың түсуі. Үшінші жақ деп тұрғанымыз ата-ана, бауырлар, ағайын-туыс тіпті құрбы-құрдас болуы мүмкін. Айналадағы дәл сол отбасына қажет емес кейбір ақыл-кеңестер де отбасында кикілжіңдер тудыруы мүмкін. Үшінші себеп қаржының жетіспеушілігі. Отбасында айлықтан-айлыққа күн көріп, не азық-түлікке, не жалдамалы пәтерге ақша жеткізе алмай, баланың да қажеттілігін толыққанды қамтамасыз ете алмай жатқан отбасында жиі ұрыстар орын алады. Ақша жетіспеушіліктен қарыз бен несиеге ұрынады. Ал бұл жетіспеушіліктің артында ерлердің жұмыссыз болуы, жалақының аздығы сияқты еліміздегі өзекті мәселелердің бір шеті шығады. Төртінші мәселе шектен тыс қызғаныш. Яғни екі адамның бір-біріне деген сенімнің болмауы. Арада сенім болмаудың нәтижесі ерінің немесе әйелінің кіріп-шыққанын, әр басқан қадамын аңдуға алып келеді. Бұл жерде екі жастың адалдығының деңгейі де сыналады. Бұл ең негізгі деп тапқан себептер. Аталған себептер тек жас отбасында кездеспейді. Бірнеше жыл отау құрған отбасында да кездеседі. Нәтижесінде ерлі-зайыптылардан бұрын арадағы бала зардап шегеді.

Отбасылық қақтығыстың балаға тигізетін кері әсері қандай? Ата-ана арасындағы ұрыс-керісті көрген бала жасқаншақ, тұйық, өзін-өзі бағалауы төмен, өзіне не керегін білмейтін,қоғамда өз пікірі жоқ адам болып өседі. Балаға деген махаббат ерекше болу керек. Оған үнемі көңіл бөліп жүру керек. Ата-ананың, әсіресе анасының назар аударғаны балаға өте маңызды. Және баланы тәрбиелеймін деп қатты тырысудың қажеті жоқ. Оның есесіне әр ана мен әке өзін тәрбиелегені абзал. Нәтижесінде бала үлкендердің әрекетінеқарап тәрбиеленеді. "Жеміс бұтағынан алысқатүспейді" деген сөз дұрыс айтылған. Ал егер үлкендердің сөзі басқа, іс-әрекеті басқа болатын болса онда ата – ана оған дұрыс үлгі бола алмайды. Психологтардың айтуынша,отбасында ұрыс-керісті көріп өскен бала,өскенде де отбасылық мәселелерге жиі тап болады. Бейсаналы түрде. Себебі әр бала губка тәрізді. Үйдегі болып жатқан барлық жағдайды өзіне сіңіріп алады. Шын мәнінде ешқандай отбасы бақытсыз болғысы келмейді. Балаларының жүзі күлкіден айырылмағанын, ұйыған, ұмтылған, өскен, өнген әулетке айналғанын бәрі қалайды. Тұрмыстың тауқыметі, қу кедейшілік жүнжітіп жіберетіні рас. Бірақ қара суды да қайғысыз ішетіндер бар. Себебі сол жоқшылықтан айырылу үшін ең басты керегі өзара түсіністік, өзара құрмет, өзара сыйластық пен демеу. Маман айтты, отбасында бала не көріп өседі, дәл соны қайталайды. Өзіңіздің әрекетіңізді қайталап тұрған балаңызды елестетіп көріңіз...

Аңсат ДҮЙСЕНҒАЛИ, Әсел АМАНДЫҚОВА,

ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 4 курс студенттері. Жетекшісі: аға оқытушы Н.Б.Рушанова

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/otbasy-ba-yty-lt-ba-yty-980110](https://yvision.kz/kk/post/otbasy-ba-yty-lt-ba-yty-980110)