---
title: "Орталықта «Жазу жолы» жастар форумы өтті"
description: "Бүгін, Жастар орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жазу жолы» деп аталатын жастар фору..."
author: "CRMI"
published: "2017-10-31T05:01:06+00:00"
modified: "2017-10-31T21:36:40+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ortaly-ta-zhazu-zholy-zhastar-forumy-tti-783425"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ortaly-ta-zhazu-zholy-zhastar-forumy-tti-783425/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Орталықта «Жазу жолы» жастар форумы өтті

> Бүгін, Жастар орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жазу жолы» деп аталатын жастар фору...

Бүгін, Жастар орталығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жазу жолы» деп аталатын жастар форумы өткізілді.

Форумның шымылдығын Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы Саят Бейбітұлы Жүсіпбаев «Жастар ортасында рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру» атты баяндамасымен ашты. Ол өз сөзінде бұл бағдарламаның маңызды бөлігі жастардың мойнына артылғанын ескеріп, Жастар орталығы осы жолда аянбай жұмыс істеуі керектігін айтты.

![Орталықта «Жазу жолы» жастар форумы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/7nj5HDX179nabBO6MCjWON5YmQ6gJ3.jpg)

Ал, Павлодар облысы тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Кокина Гүлсара Зейноллақызы «Латын графикасының ұтымды тұстары» тақырыбында ой қозғап, қазақ тілінің кирил қаріпінен латын қаріпіне көшу өзектілігі жайында сөз қозғады.

![Орталықта «Жазу жолы» жастар форумы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/P37P190YmOS62SlSVbW5fUaJ4XWWNG.jpg)

Жастар бастамалары орталығының жадындағы Арт – орталықтың жетекшісі Мұқашева Әсия Мұқашбекқызы «Жастардың латын әліппесіне көзқарасы» баяндамасында «Біз латын қаріпіне көшпейміз, біз оған ораламыз» деген пікірін алға тартты. Шын мәнінде де біздің жазу тарихымыз бұған дәлел. Ол жөнінде интеллектуалды тарихи саяхат барысында келесі спикерлер айтып кетті.

![Орталықта «Жазу жолы» жастар форумы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/0N7mqNau5aeE6wOxH2gbW0rW30t0tu.jpg)

Спикерлер өз баяндамаларында қазақ тілі графикасын 4 кезеңге бөліп қарастырды. Бірінші кезең қазақ даласындағы алғашқы жазулар жөнінде Бақытхан Оразбек айтты. Ол Орхон – Енисей руникалық жазуларына тоқталып, Білге қаған мен Күлтегін ескеркіштерін еске түсірді.

Екінші кезең – қазақ даласына араб графикасының енуі. Бұл тақырыпта баяндаманы Ауешeв Азамат оқыды. 900 жылға жақын қазақ даласында патшалық құрған бұл жазумен түркі халықтарының бетке ұстары Қожа Ахмет Яссайи дан бастап Алаштың ардақтысы Абайға дейін қолданған.

![Орталықта «Жазу жолы» жастар форумы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/05sQCC7RTO4meL212yAEW8tVb40Wv1.jpg)

1912 жылы араб графикасына негізделген қазақ жазуының негізін Ахмет Байтұрсынов салды. Ол әліппеге қазаққа тән төл дыбыстарды қалдырып, тілдік нормамызға жат әріптерді алып тастады.

Ал 20 ғасырдағы латын алфавиті мен кирилица кезеңін Күнтуған Еркебұлан жастарға баяндап берді. Бұл жоғарыда айтылған «Біз латын қаріпіне көшпейміз, оған ораламыз» деген сөздердің дәлелін келтірді. Ал кирил қаріпі бойынша айтылған маңызды ақпараттың бірі ол бүгінгі біз қолданып жүрген қазақ жазуының нұсқасын Сәрсен Аманжолов сәтті жасап шыққанын тілге тиек етті.

![Орталықта «Жазу жолы» жастар форумы өтті](https://storage.yvision.kz/images/user/crmi/Oqyv8sA7ogtk57u128RWRares5cQfZ.jpg)

Фoрум соңында жиналған жастар мен спикерлер естелік фото суретке түсті.

 

Ерболат ӘМІРЕ

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ortaly-ta-zhazu-zholy-zhastar-forumy-tti-783425](https://yvision.kz/kk/post/ortaly-ta-zhazu-zholy-zhastar-forumy-tti-783425)