---
title: "Ортақ ақпараттық кеңістік құру"
description: "Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ортақ ақпараттық кеңістік құру − қоғам тұтастығының ма..."
author: "Eltin1951"
published: "2016-12-26T05:57:04+00:00"
modified: "2016-12-26T05:57:04+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/orta-a-paratty-ke-istik-ru-741539"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/orta-a-paratty-ke-istik-ru-741539/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Ортақ ақпараттық кеңістік құру

> Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Ортақ ақпараттық кеңістік құру − қоғам тұтастығының ма...

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай

**Ортақ ақпараттық кеңістік құру** − **қоғам тұтастығының маңызды шарты**

Бүгінде Қазақстан қоғамы екі үлкен топқа бөлініп отыр: қазақ тілділер, орыс тілділер. Қоғамдағы консолидация үдерісі өте баяу жүзеге асуда. Бұған басты кедергі болып отырған көршілес Ресейдің ақпарат кеңістігі. Баршамызға белгілі, Ресейдің ақпараттық кеңістігі − бұрынғы КСРО-ның үгіт-насихаттық ақпараттық кеңістігінің мұрагері. Коммунистік империя мүдделеріне қызмет еткен ақпараттық кеңістік, партиялық сипатта болғандықтан, қарқынды дамыған. Орыс тілділер ресейлік телебағдарламалардағы ақпаратты санасына сіңіріп, өздерінің Қазақстан азаматтары екенін ұмытып, русоцентристерге айналуда. Негізінен екі топтың да өмірлік ұстанымдары бірдей. Дегенмен, кейбір мәселелер бойынша, тарих, мәдениет, халықаралық қатынастарға қатысты пікірлері тоғыспайды. Мысалы, Украина мәселесіне қатысты, қазақ тілділер украин халқының тәуелсіздік үшін күресіне түсіністікпен қарап, Ресей ТМД-ның аумақтық тұтастық туралы шарттарын және 1994 жылғы Будапешт Меморандумын дөрекі түрде бұзып отыр деп санайды. Орыс тілділер, мәскеулік телебағдарламалардағы насихатқа беріліп, украин халқын «сатқын халық» деп есептейді. Бұндай жағдайда ел тұтастығы туралы не айтуға болады? Қазақстан нашар тігілген құрақ көрпе іспетті, демократияны әрі қарай дамыту шаралары хаосқа әкелуі мүмкін. 1995 жылы Халық Ассамблеясының құрылыуын және бүгінгі таңда облыс пен қала әкімдерінің тағайындалуын осы жағдаймен түсіндіруге болады.

Қазақстанның ақпарттық кеңістігі өз халқына ықпалы жағынан ресейлік ақпараттық кеңістігінен әлдеқайда артта қалып отыр. Азаматтарымыздың ішінде Мәскеуді астанамыз, В. Путинді президентіміз, «триколорды» ұлттық туымыз деп санайтындар да кездеседі. Сондықтан қоғам беріктігін арттыру үшін, бізге мемлкеттік тілге көшу үдерісін жеделдету аса қажет. ҚР Конституциясындағы « орыс тілі − ресми тіл» деген бапты алып тастайтын уақыт жетті. Оны алып тастамай қазақ тілі өзінің конституциялық тұғырына көтеріле алмайды. Қазақстанның Ресей құрамында 260 жыл болған мерзім ішінде әр адамның санасында русоцентристік ұғым қалыптасқан, яғни орыс тілі дүние жүзіндегі бірінші тіл, Ресей – әлемнің кіндігі деп санайтындар да бар. Әрине, орыс тілі – ұлы тіл, таралу жағынан әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қазақстанның даму жолында орыс тілі белгілі жағымды рөл атқарды. Дәл қазір бұл тіл, метрополия тілі болғандықтан, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өз тұғырына көтерілуіне кедергі. Қазақстанның 24 жыл тәуелсіз мемлекет ретінде даму барысында қазақ тілі дамып, жеткілікті нығайды. Сонымен қатар дүние жүзі мойындаған мәдениет, ғылым, жаңа технологиялар, ұлтаралық қатынастар тілі - ағылшын тілі. Бұл жағдайда Ата Заңда екінші «ресми тілдің» қажеттігі қандай? Бүкпесіз айту керек, бүгінгі күнде қазақ тілі орыс тілінің көлеңкесінде қалып, тұрмыстық тіл ғана болып отыр. Қазақ тілінің кең өріс алу үшін жұмсалатын қаражат, лайықты нәтиже бермей, желге ұшқанмен бірдей.

Түбегейлі өзгерістер енгізілмейінше, қазақ тілін конституциялық тұғырға жеткізбейінше өзіміздің ақпараттық кеңістігімізді орнықтыру мүмкін емес. Қазақ тіліне мемлекеттік дәрежеде қажеттілік тудыру керек. Тіл саясаты жағынан Ресейден үлгі алуымызға болады. Ресей федеративті мемлекет бола тұра, барлық салада орыс тілі үстем болып отыр. Орыс тілін білмегендер азаматтық ала алмайды. Тіпті «гастарбайтерлер» орыс тілінің минимумын меңгеруі тиіс.

Алдымен, барлық бала-бақшалар мемлекеттік тілге көшірілуі тиіс. Бұл болашақта (ата-аналардың қалауы бойынша) қазақ тілі бойынша білімінің тереңдеуіне алғышарт болады. Кәсіби мектептер, арнаулы орта, жоғары оқу орындары да мемлекеттік тілге көшуі керек. Азаматтардың құқығын шектемеу үшін орыс, ұйғыр, өзбек орта мектептері сақталуы тиіс. Себебі, бұл мектептерді бітірген түлектер білімін әрі қарай сәйкес ұлттық аумақтарда жалғастыра алатын болатындай. Этникалық мәдени орталықтардағы жексенбілік мектептер жұмысы жалғасын табуы тиіс. Сонымен бірге угор халықтарының ( мордавалар, удмурдтар, марийлер, комилер, карелдер) этномәдени бірлестіктерін ашу қажет. Казак бірлестіктерін жеке этнос бірлестіктері ретінде тану ( Л.Н. Гумилевтің айтуынша, «казактар ерекше субэтнос, олар кейіннен этносқа айналған») жөн. Казак атты әскери жасақтарын маңызды стратегиялық нысандарды қорғауға және мемлекеттік салтанатты шаралар өткізуге қолдануға болады. Бұл тағы да Ресей тәжірибесі: кезінде Касимов хандығы сыртқы жаулармен күресуге, түркі-мұсылман халқын Ресей қоғамына кіріктіруге қолданылған. Тілдердің жақындығын ескеріп, татар-башқұрт мәдени орталықтарын татар-башқұрт-чуваш орталықтары деп өзгерту қажет. Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа ықпалдастығын арттыру үшін әр қалада ағылшын-қазақ мектептерін ашу керек. Еліміздің тарихи және мәдени байланыстарын, географиялық орналасуын, халқымыздың этникалық және діни құрамын ескере отырып ағылшын, орыс, қытай, түрік, араб тілдерін факультативтерде оқыту үшін бағдарлама шығару маңызды (сәйкесінше жоғары оқу орындарында кадрлар даярлауды алға қою керек). Халқымыздың түркітілдес үлесіне сай қазақ тіліндегі телебағдарламалардың төменгі шегін 80 пайызға жеткізу керек. Танымдық бағдарламаларды, мысалы, «Viasat nature», «Viasat history», «Моя Планета», көркем фильмдерді мемлекеттік тілдегі аудармасымен берген дұрыс (орыс тіліндеге субтитрымен алуға болады). АҚШ, Қытай, Туркия, Euronews, араб елдерінің ақпараттық бағдарламаларын қазақ тілінде беру керек. Мемлекеттік және халыққа қызмет ету саласында қазақ тілінің минимумын меңгергендерді ғана қабылдаған жөн. Егемендігімізді нығайту үшін мұндай түбегейлі өзгерістердің кезегі жетті, олар ешбір халықаралық құқыққа қайшы келмейді. Сонда ғана мемлекеттік тілдің қажеттілігі артады, Қазақстандық тәуелсіз ақпараттық кеңістікті құра аламыз.

Біздің қоғам осыған дайын ба? Экономикалық белсенді халық дайын. Эстонияда эстон тілін білмейтін адам осы елдің азаматы бола алмайды, ал бұл жағдай азаматтығы жоқ адамдардың мүддесіне еш нұқсан келтірмейді. Euronews телебағдарламасында Нарва қаласының тұрғынының айтқаны: «Мен орыс ұлтының өкілімін. Эстон тілін білмегендіктен менде Эстонияның азаматтығы жоқ. Бірақ менің екі балам осы елдің толыққанды азаматтары. Менің немерем эстон мектебінде оқиды. Өміріміз жақсы, ресейліктерге қарағанда анағұрлым артық тұрмыс кешудеміз. Бұнда да оппозиция бар, қарсыласу қозғалыстары да бар, бірақ барлық мәселелер заң аясында шешіледі. Мен үшін ешқандай ұлы Русо-Балтияның керегі жоқ...».

«Қазақстан» бағдарламасына да бір жас отбасы қатысты: Айдана - зайыбы, қазақ, Даниил- жұбайы. Даниилдың әкесі Нигерия тумасы, шешесі орыс. Олар «некеге байланысты проблемалар туындады ма?» деген сұраққа мынадай жауап қайтарды: «Иә, болды. Алматы қаласының №2 перзентханасында дүниеге келген мені «қазақ» деп танығысы келмегендер болды. «Қазақ» болмасам, сонда кіммін? Бұл сұрағыма ешкім жауап бере алмады. Қазір біз, Айдана екеуміз, бақытты өмір сүріп жатырмыз, ортақ сәбиіміз бар». Соңында Даниил Қ.Баекеновтың «Махаббат» әнін қазақ тілінде орындап берді.

А. Гирько КСРО ыдыраған жылдары Самара қаласына қаражат табу үшін барып, дальнебойщик болып жұмысқа орналасты. Мынадай оқиға болғанын әңгімелеп айтты: «Мені ұжымдастарым «қазақ» деп атап кетті. Алғашқы кезде мен өзімнің «қазақ» еместігімді, есімім Александр екенін түсіндірдім. Бірақ менің сөздеріме ешкім құлақ аспады, мені «қазақ» деулерін жалғастыра берді. Оларға қайта айтып түсіндірдім: «Мен қазақ емеспін, украинмын, Шурик деп атаңдар», − деп өтіндім. Олар оны да назарға алмады. Сөйтіп, мен өзімнің жаңа «атыма» үйреніп кеттім. Бірде, дальнебойщиктер керуені қазақ-қытай шекарасындағы Қорғас қаласына жүк алуға барды. Ол кезде Қорғас−Жетіген темір жолы ашылмаған болатын. Кеденге келгеннен кейін біздің бригадиріміз: « Ал, «қазақ», құтқар . Бұл жерде ағылшынша, қытайша, қазақша ғана сөйлейді екен. Орысша ешкім білмейді. Сен өз тіліңде сөйлесіп, оларға қытай жағындағы жүкті қазақ жеріне өткізуді ұйымдастырып бер. Бұл еңбегің үшін сыйыңды ескереміз», − деп қолқа салды. «Жігіттер, мен қазақша сөйлей алмаймын», − десем де, бригадир өз айтқанынан қайтпады. «Ыммен сөйлескеніміз ұят болар, сен ғана осы мәселені шеше аласың», − деп мені шығарып салды. Сөйтіп, амалсыздан келіссөзге баруға тура келді. Амалдың жоқтығынан ба, шошынғаннан ба, о ғажап, қазақша сөйлеп кеттім. Өзімнің қазақша білетінімді білмеппін. Келісіп, Қытай жағындағы жүгімізді Қазақстан жағына шығарып алдық. Осы оқиғадан кейін ұжымда беделім артып, мені Александр деп атайтын болды».

Қазақ тілі жөніндегі мәселені тіл жанашырлары талай биік мінбелерден қозғап келеді: орыс ұлтының өкілдері Надежда Лушникова, Татьяна Бурмистрова, азербайжан қызы Асылы Осман, этникалық немістер Герольд Бельгер мен Владимир Шнайдер, өзбек бауырымыз Розакул Халмурадов, түрік этно-мәдени орталықтары және т.б. Көптеген « қазақ» емес азаматтарымыз қазақ тілінде еркін сөйлеп, елімізде белсенділігімен танымал. Олар: Ирина Тен, Оксана Петерс, Майя Веронская, Максим Николаев, Андрей Сахар, Анна Данченко т.б.

Болашақ - қазақ тілінде. Біз осыны неғұрлым ерте түсінсек, соғұрлым қоғамның біртұтастығын нығайтып, өзекті проблемаларымыздың шешімін ертерек табар едік. Оның ішінде елді демократияландыру мен халықтың әл-ауқатын көтеру мәселелері бар. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақтан Халқы Ассамблеясының және ҚР Конституциясының 20 жылдығы тойланып жатқанда өзіміздің қазақ тілді ақпараттық кеңістігімізді құру кезек күттірмес өзекті мәселе болып отыр.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/orta-a-paratty-ke-istik-ru-741539](https://yvision.kz/kk/post/orta-a-paratty-ke-istik-ru-741539)