---
title: "Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық ашылып, ескерткіші орнатылды"
description: "Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық ашылды. Сондай-ақ..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-06-27T06:25:00+00:00"
modified: "2015-07-03T06:28:33+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/oral-alasynda-adyr-myrza-li-atynda-y-ortaly-ashylyp-eskertkishi-ornatyldy-517252"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/oral-alasynda-adyr-myrza-li-atynda-y-ortaly-ashylyp-eskertkishi-ornatyldy-517252/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық ашылып, ескерткіші орнатылды

> Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық ашылды. Сондай-ақ...

**Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы орталық ашылды. Сондай-ақ, қазақтың белгілі ақынына ескерткіш орнатылды.**

Игі шара тума таланттың 80 жылдығына арналған. Мерекеге еліміздің әр тарабынан ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері жиналып, терең ой, тегеурінді талант иесінің рухына құрмет көрсетті.

Аумағы 5 мың шаршы метрге жуықтайтын нысанды өңірдегі мәдениет пен өнердің орталығына айналдыру үшін бар жағдай жасалған.

Мұнда амфитеатр, көрме залы, жазушылар мен суретшілер одағының өкілдіктері, балалардың шығармашылығын шыңдауға арналған үйірмелер жұмыс істейтін болады.

Орталықтың көзайымы - Қадыр Мырза Әлінің музейі. Онда ақынның тұтынған бұйымдары мен өмір бойы жинаған жеке кітапханасы орналасқан. Ондағы кітап қоры 8 мыңнан артып жығылады. Арасында ақынның туындылары да аз емес.

Көзі тірісінде ардақталған қарымды қаламгеріне Ақжайық жұрты осылайша құрмет көрсетті. Ақынның бейнесі алаш жұртының есінде мәңгі сақталары сөзсіз.

*Қадыр Мырза Әлі 1935 жылы Орал облысы Жымпиты кентінде дүниеге келген.*

*Еңбек жолы «Балдырғаннан» балалар журналынан бастау алған. «Жұлдыз» журналы редакциясында поэзия және сын бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары, 1968-1973 жылдары «Жазушы» баспасында қазақ поэзиясы бөлімінің меңгерушісі, «Балауса» баспасының редакторы, кейін Қазақстан Жазушылар одағында поэзия секциясының кеңесшісі болған.*

*1966 жылы «Ой орманы» жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолының сыйлығы берілді. 1980 жылы «Жерұйық» жыр кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Ол Қазақстанның халық жазушысы. 2001 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығын алды.*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/oral-alasynda-adyr-myrza-li-atynda-y-ortaly-ashylyp-eskertkishi-ornatyldy-517252](https://yvision.kz/kk/post/oral-alasynda-adyr-myrza-li-atynda-y-ortaly-ashylyp-eskertkishi-ornatyldy-517252)