---
title: "\"Он үште отау иесі\""
description: "Қазіргі сәтте өзекті болып отырған ерте отбасы құруы туралы мәселені алға тартқым келіп отыр. Қазір..."
author: "kosherbaeva_anar"
published: "2021-04-19T06:42:34+00:00"
modified: "2021-04-19T06:42:34+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/on-shte-otau-iesi-931483"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/on-shte-otau-iesi-931483/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# "Он үште отау иесі"

> Қазіргі сәтте өзекті болып отырған ерте отбасы құруы туралы мәселені алға тартқым келіп отыр. Қазір...

Қазіргі сәтте өзекті болып отырған ерте отбасы құруы туралы мәселені алға тартқым келіп отыр. Қазір бәрі дамыған, бәрі қол жетімді заман. Үйімізде отырған ақ жаулықты апа-әжелеріміз айтып,көрсетіп отырған тәрбиені көрген заманнан қазіргі заман бөлек. Қазір бәрі жұмыс басты, ешкімнің бос уақыты жоқ, өмір сүру үшін қаражат табу керек, еңбектену керек. Ал, бұл жағдайдың кесірі біздей жас, қазақ айтпақшы "бесіктен белі шықпаған" жігіт-қыздардың тәрбиесіне тиюде. Оларды тәрбиелейтін кішкентай көгілдір экранды қорап. Әрине, бар кінәні оған жауып қоюға болмайды. Қазақта айтушы еді "бала берсең сана бер, сана бермесең ала бер". Бұл жағдайдың себеп-салдарын іздер болсақ, сана-сезімге де келіп тіреледі. Жіті бақылап, тәрбиесіне қатаң қарап отқан күннің өзін де осындай жағдайларға тап болып жататын жасөспірімдер аз емес. Тәрбиені дұрыс қабылдап, әрдайым қаперіне ала жүру, оны өмірлік ұстанымға айналдырып, қорыта білу жастарымыздың тікелей сана-сезіміне байланысты.

Отбасы деген киелі ұғым. Отбасының отын сөндірмей, еркегінің қабырғасы болып отыруға, кәмелетке толмаған арудың ақыл-шамасы жете ме? Қайын жұртқа қызмет, салт-дәстүр, ырым-жоралғы жақсы біледі ме? Отбасы осындай міндеттерді орындау, арқалау деп білемін. Одан кейін, отбасы болудың басты қағидасы бала тәрбиесі. Тәрбие қай жанның болмасын көрегендік айнасы. Осы тұста кемеліне жетпеген, кәмелетке толмаған жастар тәрбиені баласына жөнді бере алады ма? Бұл көптің көкейіндегі сұрақ!

Ата-бабамыздан қалған "он үште отау иесі” деген ұғым бұл ойыма қарама-қайшы келері анық. Ата-бабамыз өмір сүрген заман бөлек, қазір заман бөлек. Ойланып қаралық, қазақтың алыбы болған, ұлы Абай Құнанбаев 15 жасында сөзі толымды, ойы өрісті, тұлғасы қалыптасқан нақ отау иесі болуға лайық болды деп айта аламыз. Ал, қазіргі ақпараттық, технологияларға байланған, қатері-қаупі басым, болмысын тек қана инстаграм, тик-ток секілді әлеуметтік желі де қалыптастыратын замандағы 15 жасар жасөспірімдер мүлдем бөлек.

Осындай ерте отбасы болған, тұрмыс құрған жандармен осы мәселенің мағынасын ашу мақсатында тілдескенім де. Алған жауабым мынадай болды: отбасы да шамадан тыс шектеудің көптігі, қыз балаға деген тиымның көп салынуы, сүйгені туралы ашылып айталмауы осындай қадамға әкелгенін айтады.

Бұл тілдесуден шығатын қортынды бір жағынан әлі де балалықтың көрінісі, сезімнің етегіне еріп кететін жастардың қиялы болса, бір жағынан отбасыда баламен ашық тілдесудің болмауы, баланың ой –пікрімен санаспауы тағы да бір өзекті мәселе екенін көрсетеді.

Шариғатта үйленуге, үй болуға асығу керектігі жөнін де айтылғанын көпшілік алға тартады. Әрине, Қазақстан зайырлы, демократиялық ел болғандықтан, әркімнің өмірі өз қолында болғандықтан өмір бағыты қай бағытқа бұрыларын өзі шешеріне ешкімнің таласы жоқ. Дегенмен де, отбасы деген қадірлі ұғымды аяқ асты етпей, еліктеудің, қызығушылықтың құрбаны қылмаған жөн. Сонда ғана, елімізде үлгі аларлық отбасы, көрегенді ұрпақ, қастерлі қазақтың болмысы сақталған болушы еді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/on-shte-otau-iesi-931483](https://yvision.kz/kk/post/on-shte-otau-iesi-931483)