---
title: "«Қол жеткізген ұлы игілік»"
description: "«Қол жеткізген ұлы игілік» Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. ..."
author: "akerkeden"
published: "2017-10-24T12:24:06+00:00"
modified: "2017-10-24T12:24:06+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ol-zhetkizgen-ly-igilik-782732"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ol-zhetkizgen-ly-igilik-782732/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Қол жеткізген ұлы игілік»

> «Қол жеткізген ұлы игілік» Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. ...

**«Қол жеткізген ұлы игілік»**

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл – ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тиылсақ, ой ойлаудан да тиылар едік» - деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсеріңді өмір қажетіңе жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі.

**Бүгінде қолына кітап ұстаған емес, күнұзақ теледидар мен компьютерге телмірген ұрпақ өсіп келеді. Бұл қорқынышты емес пе? Бір кездері, дәлірек айтқанда 70-80-ші жылдары «ең көп оқитын ел» атанған Қазақстан бүгінде ең аз оқитын елге айналды.**

Керек деректі, материалды адамдар компьютерден ала салатын болады деп те жүрміз. Компьютер қанша жерден керемет, интернет пен интеройындар ғажайып болғанмен, көркем әдебиеттің орны бөлек екенін әлемнің озық ойлы адамдары тегіс мойындаған. Компьютерге жұтылсақ, қазақ тілінің құнарын жұтқызамыз, ол дегенің ұлтты жұтқызумен тең. Соны білгендіктен шығар, техникасы қарыштап дамыған Жапонияда, өзіміз айта беретін АҚШ-та интернет те, компьютер әлемі де біздегіден әлденеше есе артық дамыған. Солай бола тұрса да оларда кітапқа деген ықылас барған сайын артып келеді екен. АҚШ-та 1980 жылдары 8-9 миллиард доллардың кітабы сатылса, бүгінге дейін әр жыл сайын осы көрсеткіш екі есеге артып отырыпты. Оларда теледидар, интернет өршелене дамыған сайын жұртшылықтың кітапқа ынтығып, жақындауы арта түскен. Жалғыз АҚШ емес, дамыған Еуропа елдерінде кітап шығару мәдениеті әлі күнге дейін өзекті болып тұр. Кітап - ондағы халықтың иммунитетіне айналған. Мектептеріндегі ең басты тәрбие - баланы кітапқа құнықтыру болып тұр. Кітапхана - халықтың ең сүйікті, қасиетті, қастерлі үйіне айналған. Америкалықтар да, еуропалықтар да кітап саудасына өзгеше құрметпен қарайды. Супермаркетте де, кафеде де, университет пен колледжде де кітап саудасы қызып жатады. Бірақ кітап саудасын пайда көзі деп емес, аса ардақты кәсіп санайды. Дамыған ел газет оқиды, дамушы ел радио тыңдайды, дамымаған ел теледидар көреді деген тәмсіл бар. Газеттің орнына кітапты қойсаңыз да қателеспейсіз. Бір кездері әлемдегі ең көп оқитын ел санатында болған Қазақстанда қазір кітап шықпай жатыр деп айта алмайсыз. Бірақ жетпей жатқаны шындық. Ол әлі күнге кітап тарату ісінің жолға қойылмағандығында. Қазақстан баспагерлері мен полиграфистерінің қауымдастығы қағаз жүзінде бар болғанмен, іс жүзінде жоқ. Бұдан былай кітап тарату мәселесі жолға қойылмаса, тағы да 20 пайыз оқырманымыздан айырылып қалу қаупіндеміз деген сарапшылар пікірі тағы бар. Ал бұл саланы зерттеп, кітап маркетингін жолға қоюға талпынып отырған әл-әзір ешкім жоқ. Кеңес өкіметі кезінде елімізде 1500 кітап дүкені (кітапхана емес) болыпты. Қазір аудан орталықтарынан бір кітап дүкенін табар ма екенсіз. Кітап дүкені тұрмақ, газет сататын дүңгіршегі де жоқ аудан орталықтары бар екені жасырын емес. Ал негізінде, 10 мың тұрғынға бір кітап дүкені болуы керек екен. Ал Ресейде 500 адам тұратын жерде бір кітапхана болуы керек деген заңдылық бар. Әлеуметтанушылардың дерегіне қарағанда, отандастарымыздың 40 пайызы мүлдем кітап бетін ашпайды екен. Үй кітапханасы бар отбасылар саны да ең төменгі шекке дейін құлдыраған. ЮНЕСКО-ның Статистика институтының мәліметі бойынша, адам басына шаққандағы кітапханасының көптігі жағынан бүгінде әлем бойынша Грузия мемлекеті көш бастап тұр. Бұл елде 1 мың адамға шаққанда 16 335 кітаптан келеді екен. Алғашқы ондықта бұрынғы Кеңес одағы елдері ішінен Армения, Эстония, Литва елдері де бар. Кітап қоры жөнінен Қазақстан әлем бойынша 41-орында тұр. Еліміздегі әрбір мың тұрғынға 249 кітаптан келеді екен. Бұл да жаман емес. Қазіргі уақытта мемлекеттік тапсырыс бойынша баспалардан шығатын кітаптардың ең көп таралымы - 2000 дана екен. Ол кітаптар еліміздегі кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылып беріледі. Кітап дүкендеріне түспейді. Баспалар кейбір өтеді-ау дегендерін өздері үстінен қосып шығарып, сатқан болады. Бірақ ол да өздері жалдап отырған жердегі кітап сататын жалғыз бұрыштан ары ұзамайды. Ал баспагерлер бір-бірінің кітабына жанашырлықпен қарамайды. Қысқасы, баспалар кітап шығарумен айналысады, бірақ кітап таратумен айналыспайды. Қазір Алматыда кітап сатумен «Книготорг» фирмасы ЖШС-ның Алматы филиалы, «Алматыкітап» , «Атамұра-Мир кітаптар» фирмасы, «Эврика» фирмасы айналысады. Өкінішке қарай, Алматыкітап» та, «Атамұра» да тек өз өнімдеріне ғана жұмыс істейді. Оның үстіне жоғарыда аталған фирмалардың Алматы мен Астанадан басқа жерде кітап дүкендері де жоқ. Тек «Атамұра» баспасының ғана барлық облыс орталықтарында кітап дүкендері бар. Онда да, негізінен, тек өз өнімдерін сатады. Есесіне Алматыда Ресей баспаларының өнімдерін саудалайтын 43 кітап дүкені бар екен. «Гулянда», «Меломан» сынды кітап үйлері қазақ кітаптарын қоюдан қашқалақтайды.

Әдебиет пен қоғамның ымыраға келе алмауы тек Қазақ еліндегі ғана жағдай емес екен. 64 миллион француз жұрты да осы трагедияны басынан кешуде. Герольд Бельгерше айтқанда: «Қазақ тілін қарабайыр санайтын надандық бұлтын сейілту үшін мынаны еске алу артық болмас: егер бір ғана «Абай жолында» Әуезов 16983 сөз қолданса, ал Шекспир мен Байронның барша лексиконы 15 мың сөзді құрайды. Демек, қазақ әдебиетінің дәмін көрмей жатып, әлемдік әдебиетке қол созудың өзі – ақмақтық» деген екен.

**Қазкенова Ақерке**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ol-zhetkizgen-ly-igilik-782732](https://yvision.kz/kk/post/ol-zhetkizgen-ly-igilik-782732)