---
title: "Қоқыс жәшіктерінің оқиғасы"
description: "Астана қаласында өткен «Қазақстанда «жасыл» экономиканы құру конференциясында Қоршаған орта министрі..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2017-08-05T03:15:31+00:00"
modified: "2017-08-05T03:15:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-ys-zh-shikterini-o-i-asy-774866"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-ys-zh-shikterini-o-i-asy-774866/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қоқыс жәшіктерінің оқиғасы

> Астана қаласында өткен «Қазақстанда «жасыл» экономиканы құру конференциясында Қоршаған орта министрі...

Астана қаласында өткен «Қазақстанда «жасыл» экономиканы құру конференциясында Қоршаған орта министрі, - Қазақстанға «жасыл» дамудан басқа жол жоқ деген еді. Министр өз сөзінде, дұрыс бағытта даму үшін ресурстарды үнемдеу мен инновациялық технологиялардың қазіргі заманғы, жаңа үлгідегі өнімін қолға алу керек деді.

![Қоқыс жәшіктерінің оқиғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/8HbaM7LxvBL4Ti0taci83nX7us9rYh.jpg)

Экологияны ластамайтын, энергиялық тұрғыдан тиімді технологияларды енгізу жобалары қарастырыла бастады. Тұрмысқа жарамсыз заттарды сұрыптап жинау, қайта өңдеу, қайта пайдалану жобалары қабылданды. Алайда, технологияға ілесеміз деп экологияны ластамаудың, қоқыспен күресудің қарапайым әдісін қаншалықты қолданудамыз. Бүгінгі пост қоқыс жәшіктері турасында болмақ. Еліміздің қалаларында қоқыс жәшіктері, жай түрі емес оюланған, безендірілген түрлері, қымбат түрлері қойылуда. Сонымен қатар, ерекше түрлері, жер асты қоқыс жәшіктері де қойылған. Солардың бірі қолданыс тапса, кейбірі пайдаға аспай жатыр.

**Оңтүстік астанамыз, Алматы қаласында оюлы қоқыс салатын жәшіктер пайда болды.** Қалада көшелер мен саябақтарда қоқыс салатын жәшіктер орнату бағдарламасы қолға алынды. Қаланың өзіндік ерекшелігін келтіру мақсатымен бірнеше үлгі жасалған, солардың ішінен оюлы қоыс жәшіктері таңдалыпты. Осы үлгідегі алғашқы қоқыс жәшіктері Есентай өзені жағасында қойылған. Ағымдағы жылдың соңына дейін қала көшелеріне 5778, парктерде 2934 қоқыс салатын жәшік қойылады деп күтілуде.

![Қоқыс жәшіктерінің оқиғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/r4sSPYTFHD6N1Z4qJ8je2Xz95fbKn3.png)

Бұл қоқыс жәшіктері жолдарда, ірі ауданішілік көшелерде, бақтарда, мектептерде, Жоғарғы оқу орындарында, ауруханаларда, базарларда, алаңдарда, аялдамаларда, білім беру орындарында, жалпы адам көп жүретін орындарда қойылатын болады. Сонымен қатар, назар аударатын жағдай қоқыстардың арақашықтығында болды. Мәселен, екі қоқыс салатын жәшік арақашықтығы 50 метрден алшақ болмауы тиіс. Ал адам көп өтетін жерлерде қос қоқыс жәшігінен қойылатын болады. Алматы қаласы басшылығының өкілетті мүшелерінің айтуынша, қала бойынша қоқыс жәшіктері жетіспеушілігі байқалады. Көп жағдайда ол ұрлық пен қоғамдық мүлікке қастандық деректеріне байланысты. Мысалы, жыл сайын қоқыс жәшіктерінің саны бір жарым мыңға азаяды екен. Табиғат ресурстары жөніндегі басқарманың мәліметі бойынша, 2008 жылы он алты мың, 2013 жылы алты мың жаңа қоқыс жәшіктері орнатылған. Дегенмен, 2016 жылы тек сегіз мың қоқыс жәшігі қалған. Бүгінде қала бойынша қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстарына 300 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ, орындықтар да қою жоспарда бар. Мәселен, бақтарда қоқыс салатын жәшік және орындық орнату 19 000 теңгені құрайды. Қоқыс жәшіктерінің материалына да баса көңіл бөлінуде, олар сапалы материалдан жасалып, бірнеше жыл халық игілігіне қызмет етуі керек.

**Астанада арнайы қағаз жинайтын қоқыс салатын жәшіктері орнатылады деп күтілуде.** Жыл соңына дейін елордада қағаз жинайтын 700-ге жуық арнайы қоқыс жәшігі орнатылады. Астанада қоқыстарды бөліп жинау мәселесіне қатты назар аударылуда. Осы мақсатта тек қағаздарды жинайтын жеті жүз қоқыс салатын жәшігін орналастыру жоспарланған. Бұл жөнінде қала ойынша табиғи ресурстарды пайдалану және реттеу басқармасы бөлімінің басшасы хабарлады. Сондай-ақ, электр жарығын үнемдейтін арнайы электр шамдарын жинайтын және жоятын жобаларда қарастырылуда. Әрине, ол мақсатта басқа қоқыс жәшіктері қолданылатын болады.

![Қоқыс жәшіктерінің оқиғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/6AX0hMIMgWR4j661QnBd6IsJO4eUHJ.jpg)

Бүгінде Астана көшелерінен сан алуан қоқыс жәшіктерін көруге болады. Олар – шыныға, пластикке, қағазға, тамақ қалдықтарына арналған жәшіктер. Қоқыстарды бұлай сұрыптаудың басты мақсаты, қоқыстарды қайта өңдеп, пайдаға жарату. Мұндай бастаманы іске асыру бір жақты болмайтыны да белгілі. Ол үшін қоқыс тасуша, оны сұрыптаушы, одан кейін өңдеуші компаниялар бірлесе ортақ мақсатта жұмыс істеуі керек. Бірақ бұл тақырып басқа посттың мәселесі, бүгін қоқыс жәшіктері туралы пост.

Астана әкімдігінің хабарлауынша, қалада жалпы саны тоғыз мыңнан асатын қоқыс жәшіктері орнатылған. Олар қала тұрғындары мен қонақтары арасында дұрыс қолданыс табуда. Қоқыстарды сұрыптап тастау мәдениетін қала тұрғындары түсінуде, өз өмірлеріне енгізуде.

**Шымкент қаласында сынақ жоба ретінде қарастырылған қоқыс контейнерлерінің байқау мерзімі аяқталды.** 2012 жылы қалада тың жаңалық еңгізіліп, жер асты қоқыс құтылары орнатылған еді.

![Қоқыс жәшіктерінің оқиғасы](https://storage.yvision.kz/images/user/anuarbek_ainash/FnyrqOEPUkSqu6cwf8viByXJ0mZFi4.jpg)

Мамандардың айтуынша, 25 миллион теңгеге орнатылған Ресейде жасалған жер асты қоқыс құтылары ешқандай пайдасын тигізбеген, проект өзін ақтамаған. Бір данасы 500 мың теңге тұратын қоқыс жәшіктері Шымкенттік шағын ауданның 19 жеріне орнатылған. Бүгінде сол жәшіктер жарамсыз куйге түскен. Осындай ерекше қоқыс жәшіктерін алу «Тазалық 21» мекемесінің идеясы болған екен. Ондағы мақсат – қоқысты қайта өңдеу, қайта пайдалану. Ойлап қарасаңыз, жақсы идея. Бұл қоқыс жәшіктері жер астына орналастырылған. Ал қалада жер асты жәшіктерінен қоқысты алатын техника болмаған. Осы ретте заңды сұрақ туындайды, жақсы өмір үшін тек жақсы идея жеткілікті ме? Жоқ әлде ол идеяға өмір сүретін ортаны да қарастыру керек пе? Сонымен қатар, бұл қоқыс жәшіктерінің өз өзін ақтамауына тағы бір себеп, қала тұрғындарының қоқысты сұрыптап салмауында. Дегенмен, қала тұрғындары арасында «Эко-тазалық» ұйымы тұрмыстық қалдықтарды бөліп тастау мәдениетін қалыптастыра алыпты.

Осылайша, Шымкент қаласын тазалаймыз деген қала билігінің ойы толық жүзеге аспады, алайда тәжірибе жинады. Тәжірибелер әлі де жалғасын таппақ. Енді қала көшелеріне евро үлгідегі қоқыс жәшіктері орнатылады, олар да сыналатын болады. Қала бойынша 260 қоқыс салатын жәшіктер орнатып, жаңартылуы әкімдіктерге тапсырылды. Бұл жобалардың қаншалықты өміршең болатынын, әрине, уақыт көрсетеді.

*Күн сайын дамыған әлемде қоқыс тастау да дамып, қоқыс таутаудың да өз мәдениеті болады деп ойлап па едіңіз. Тұрмысқа жарамсыз заттарды қайта өңдеу, қайта пайдаланудың пайдасын еліміз түсініп келе жатқандай. Қабылданып жатқан ауқымды бағдарламалар мен жобалар сияқты бұл сала да маңызды, назар аударуды талап етеді. Дамудың бір баспалдағы. Елді дамыту бір адамның немесе бір топтың міндеті емес, ол тіпті міндет те емес болар, ол сол елдің әрбір тұрғынының таңдауы.*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/o-ys-zh-shikterini-o-i-asy-774866](https://yvision.kz/kk/post/o-ys-zh-shikterini-o-i-asy-774866)