---
title: "Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды"
description: "Оңтүстіктің археологтары бұрын-соңды кездеспеген тарихи жәдігерлерге тап болды. Ордабасы ауданы, Са..."
author: "ehistory"
published: "2014-07-28T22:00:57+00:00"
modified: "2014-08-13T21:34:23+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-t-stikte-tonalmay-sa-tal-an-asa-k-ndy-zh-digerler-tabyldy-423179"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-t-stikte-tonalmay-sa-tal-an-asa-k-ndy-zh-digerler-tabyldy-423179/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды

> Оңтүстіктің археологтары бұрын-соңды кездеспеген тарихи жәдігерлерге тап болды. Ордабасы ауданы, Са...

![Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды](https://storage.yvision.kz/images/user/ehistory/4y8MCV02Id7nHd9YZWYxWX1bjmskrJ.jpg)

**Оңтүстіктің археологтары бұрын-соңды кездеспеген тарихи жәдігерлерге тап болды.**

**Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылындағы Күлтөбе маңынан тарих жанашырлары осыдан 2 мың жыл бұрын өмір сүрген қаңлы тайпасы мен сармат тайпаларының дәуіріне қатысты адамдардың қорымын ашты.**

Үңгір етіп қазылған (катакомба) 3 қорымнан жалпы саны 12 адамдың мүрдесін анықтаған мамандар оларды б.з.д ІІ — б.з. ІV ғасырларға тиесілі дейді. Қорымда әйелдің де, ер адамның да мүрдесі бар. Қаңқаларға жынысына қарай түрлі әшекей заттар мен бұйымдар тағылған.

![Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды v](https://storage.yvision.kz/images/user/ehistory/yzAGDz3jhgjZpynreK8a3JLXA6Di7I.jpg)

Тарих жанашырларын ең таң қалдырғаны — ондағы әшекей бұйымдарының аса күрделі әрі жоғары сапада жасалғаны. Мәселен, қорымның бірінде әйел адамның тізбек моншағы бар.

Анықтап зер салсаңыз, тастар тау хрусталінан жасалынған. Археологтардың дерегіне сүйенсек, хрусталь тасын өңдеу үшін міндетті түрде лазерлік сәуле қажет екен. Ал оның қасында жан-жағы алтынмен көмкерілген ортасында лағыл тас орнатылған мойыналқа (кулон) да бар.

![Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды](https://storage.yvision.kz/images/user/ehistory/ZEB8V3r67KykY4cVzJJiENn8D577W1.jpg)

Ғалым Александр Подушкин бұл лағыл тастың нарықта 100 мың евро тұратынын айтады. Дегенмен, мәселе құнды заттардың бағасында емес дейді профессор. Сондай күрделі-де жоғары сапада бұйым жасай алған біздің ата-бабамыздың өнерлілігі мен білімділігі таң қалдырады.

Ал екінші қорымда жалғыз жатқан әйел адамының қаңқасы бар. Мұндағы адам сүйектері сармат тайпасына тиесілі болуы мүмкін дейді А.Подушкин. Қаңқаның айналасы түрлі заттарға толы. Қоладан жасалған айна, діни рәсімдерді атқаратын заттар, түрлі әшекей бұйымдар мен, тіпті, қой асығы да бар. Және кеуде тұсында цилиндрлі үлгідегі 82 данадан тұратын моншақ та бар.

![Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды](https://storage.yvision.kz/images/user/ehistory/IdjZe4Gg5rQ2OjK6c8Yu62ijbC9e2t.jpg)

Оны археолог киімге жапсыра тігілген болуы мүмкін деп болжайды. Бұл сол замандағы бақуатты отбасынан шыққан әйелдің денесі болуы мүмкін. Осындай жәдігерлерге қарап маман сол дәуірдегі халықтың әлеуметтік тұрмыстық салтының жоғары, экономикасы қарқын алған ел екенін алға тартады.

![Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды](https://storage.yvision.kz/images/user/ehistory/HlbT1RRjjEj0g3T3yaEUAKZVVSUnRv.jpg)

![Оңтүстікте тоналмай сақталған аса кұнды жәдігерлер табылды](https://storage.yvision.kz/images/user/ehistory/d7ih1NKNEi8AZX2sy8N3AfSA66D3ni.jpg)

Оқырмандарға мәлімет үшін жаза кетсек, археолог Александр Подушкин т.ғ.д., Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ профессоры, танымал Қазақстандық археолог Николай Подушкиннің ұлы. Қаңлы мәдениеті мен жазуының білгірі. Күлтөбе қаласы мен, Ақ-Бұлақ қонысын зерттеумен айналысады.

Тарих жанашырлары аса құнды жәдігерлерді ғылыми өңдеуге жібереді. Одан соң бүкіл қазба-құндылық Астанадағы мұражайға жеткізілмек. Ал Подушкин бастаған археологиялық топ қазба жұмыстарын одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені, бұл аймақ бір кездері қаңлы мемлекетінің қайнаған өмір орталығы болған.

[http://e-history.kz/](http://e-history.kz/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/o-t-stikte-tonalmay-sa-tal-an-asa-k-ndy-zh-digerler-tabyldy-423179](https://yvision.kz/kk/post/o-t-stikte-tonalmay-sa-tal-an-asa-k-ndy-zh-digerler-tabyldy-423179)