---
title: "Оңтүстік Қазақстанда шегіртке қаптады"
description: "Биылғы ауа-райының қолайсыздығынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы 73 мың гектарға жуық жерді қар..."
author: "kaztrk_kz"
published: "2012-04-23T10:20:15+00:00"
modified: "2012-04-23T10:20:15+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-t-stik-aza-standa-shegirtke-aptady-251152"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-t-stik-aza-standa-shegirtke-aptady-251152/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Оңтүстік Қазақстанда шегіртке қаптады

> Биылғы ауа-райының қолайсыздығынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы 73 мың гектарға жуық жерді қар...

Биылғы ауа-райының қолайсыздығынан Оңтүстік Қазақстан облысындағы 73 мың гектарға жуық жерді қара шегіртке басып алды. Ен даланы қаптаған жәндіктер жайылымды жайпап, қамсыз жұртты әбігерге сала бастады. Мамандардың айтуынша, шегірткенің биыл қара бұлтша қаптап кетуінің бірден бір себебі - қуаңшылық. Жерде шөп аз болғандықтан, зиянкестердің таралуы аумағы күн санап ұлғайып барады. Оның үстіне жер ерте қызған соң шегіртке тұқымы тез жетіліп, қанаттана бастаған. Күн санап көбейіп келе жатқан зиянкестер өңірдің бес бірдей ауданындағы шалғындық шөптерді көктей солдырып, баудай түсіріп барады. Өткен аптадан бастап мамандар зиянкестердің шоғырланған жері мен өсіп өнетін ошақтарына улы дәрілер себуді бастады. Шегірткені жоюға арнайы жабдықталған 39 техника, тікұшақ пен 186 маман жұмылдырылған. Бүгінге дейін 29 мың гектар алқапқа улы химикаттар себілді. Болжам бойынша, биыл зиянкестердің тұқымы 135 мың гектар жерге дейін таралуы мүмкін.

**Сәбит Бекбосынов, Облыстық ауыл шаруашылығы аумақтық** **инспекциясының** **бөлім бастығы:**

*Кешікпедік деп ойлаймын. Өйткені, анықталған жылдың басынан бері монолит алынып, жұмыстар орындалып, болжам әдістемелік орталығының мамандарының барлығы сонда жүрді. 15-не хабар келді. 18 сәуірде бүкіл группа, отрядтар жұмылдырылып, әрқайсысы өзінің бекітілген бекітілген учаскелеріне жіберілді. *

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/o-t-stik-aza-standa-shegirtke-aptady-251152](https://yvision.kz/kk/post/o-t-stik-aza-standa-shegirtke-aptady-251152)