---
title: "Оң қолыңа қамшы алған, сол қолына парша алған..."
description: "Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы» https://yvision.kz/post/858..."
author: "Masa77"
published: "2020-12-11T07:06:00+00:00"
modified: "2020-12-11T07:12:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-oly-a-amshy-al-an-sol-olyna-parsha-al-an-887341"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-oly-a-amshy-al-an-sol-olyna-parsha-al-an-887341/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Оң қолыңа қамшы алған, сол қолына парша алған...

> Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы» https://yvision.kz/post/858...

Жалғасы, осы тақырыптағы алдыңғы посттар: «Батырлар мен әулиелер заманы» https://yvision.kz/post/858731; «Күнгейдің ол да қыран шаһибазы» https://yvision.kz/post/859230; «Салуалы ордам қонған жұрт» https://yvision.kz/post/859340; Бір жағынан ай туып, Бір жағынан күн туып, Жарық көрді Алашы! https://yvision.kz/post/860976; Мұсылман-кәпірде жоқ жүрек... https://yvision.kz/post/862239, Бабалар рухының көші https://yvision.kz/post/862800, Қанаты ақ сұнқардың қайрылғандай, https://yvision.kz/post/863280, Мәсәлім Бидің Сұр Жорғасы, https://yvision.kz/post/879413

1928 жылы Мәсәлім Би кенетен дүниеден өткенде - «жайын-найзағай» болып (Әрімжан ақын) - Күнгейдің Найман-Байжігіт тайпасының үлкен бір тармағы Алты Жұмық-Бес Сатының матриархы, биі болып үлкен анамыз Бақтиар қалыпты. «Тәңір Құтын іздедім» кітабында былай делінген: Әкемнің асын беріп, қайғы- қасіретті аза мерзімі аяқталған соң, о кісі (анамыз) белін бекем буып, атқа мінген-ді. Ел -жұрт, әке жолдастары би сайлап, бір үкірдай ел ішіне үкімін жүргізе бастады. Бір сөзінде айтқан-ді: ”Менің билік құрып, мансап иесі болу ойымда жоқ нәрсе, тек сендерді жетімсіретпей, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, еркін өсірсем болғаны". Сол мезгілден бастап Бақтиар Бибі атала басталды. Анамыздың бойында жауынгер Абай Керейдің ел басқарған аналарының міңезінің бар қасиеті жиналғандай. Әкемнің естелігінде: «Мінезі қаталдау, бетің - жүзің демей айтып салатын тілді адам еді. Қисыны келсе қарсыластарына қамшы жұмсайтын адуын әрекетінен сескеніп, кейбір ел атқамінерлерінің өзі именетін. Сырт көзге суықтау көрінетін мінезімен абысын-ажын, келін- кепшектерге сұсты боп тұратын. Бірақ, бұл сырт көзге ғана солай еді. Туысқа, жалпы адамға деген шынайы көзқарасы маңайымыздағы кедей-кепшіктерге дейін мейіріммен қарап, жазда ат майын, қыста соғым жағынан қарасып тұратынынан белгілі болатын. Қозы күзем, қой күземінде жүн қырықтырып, үйлерін жамап—жасқауға бөліп беріп, жазда қымыз бен айранды елден аяған емес. Үйде үнемі мал сойылып, қазан қайнаудан, дастархан жайылудан босамайтын. Мал бағушылардың айлық еңбекақысы ел ортасында бір жүнді қой болса, шешем - қой-серкеш беретін. Жаздың екі айында оларды бір көйлек-дамбал, сулық сырт киім, қыста - тон-шалбар, жылы киіммен толық қамдайтын. Көрші қолаңға 15-20 қой сауын беретіні есімде. Бұның бәрін айтып отырғаным - сол кездегі көшпелі қазақ қауымының өмірі есіме түсіп, көзіме бір сәт елестегендіктен», - деп жазады әкем.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/25c0e90ec0f6edf8e8732d50450357.jpg)

Абақ Керей тайпасының келіншегі. Суретті ХХ ғасырдың елуінші жылдардың басында Кашмирге барған алтайлықтарды рәсімдеген National Geographic журналының фотокорреспонденты түсірген.

Әкемнің тағы есінде қалғаны: Анам “еңкейіп жүріп өмір сүргенше, шалқайып жүріп өлген артық” деп отырушы еді, жарықтық, және осы қағидасын көбінесе өзінен жоғарыларға ұстанатын». «Ер мінезі төркінінен болса керек, - дейді әкем. Әкеміздің жазып кеткені бойынша, Бақтиар Бибі "Абақ Керей ішіндегі өсіп - өнген орта Жастабан руынан, әкесі - Дәреген мерген, шешесі - Аққыз. Сейдолла, Қабдолла деген батыр тұлғалы бауырлары бар еді». Сейдолланның нағашымыз Шығыс Түркістан Армиясының әпесері болғанын, батыр атанғанын, Ұлт-Азаттық армиясының медальдарымен марапатталғаны туралы алдында жазғанбыз.

Жалпы, шежірелерге, ел аузында сақталған әңгімелерге жүгінсек Абақ Керейдің тарихы ел билеген Абақ (Әппақ) Анадан басталады. Әппақтың Ұлы Құттықожадан осы күнгі жалпақ он екі ата Абақ-Керей тарайды. Үлкені Шымырдан Ашамайлы Керей тарқайды. Нағашылары үйсіндер Шымырды кішкентай кезінде ашамайға (балаға арналған ер-тұрман) мінгізіп, «Менің ашамайлы Керейім», - деп ертіп жүрген екен. Жалпы, қазақтың тарихи санасында көптеген қазақтың тайпалы елдері Ұлы Аналардан бастау алады. Байжігіт Найман -Мақта Ападан, Абақ Керей - Әппақ Анадан. Ана ұлылығын дәріптеген, ана билігін мойындаған елміз. Мадиар досым Лашын Вад Баяндүр айтқандай: Minden kazak klánnak megvan a maga Isten Anyja - У каждого казахского рода есть свои Богоматери.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/823c454053b3ce7b53f33f3deb947c.png)

Осыдан он жеті жыл бұрын әкеміздің "Тәңір Құтын іздедім" кітабын жарыққа шығарамыз деп жатқанда, бірге істейтін тарбағатайлық Марат Әубәкіров арқылы еліне сыйлы Бошан (Бәтима) деген анамыз мені үйіне әдейі шақыртып алған. Маған үлкен анам Бақтиар туралы айтпақ екен. Тұлымы желбіреген шағынан Бақтиар бибі туралы көп естіп, пір тұтқан болса керек.

Бәтіш апамен кездесу бір ғанибет болды. Қазақта феминист болса нағыз өзі. Орта бойлы, жинақы, көкшілдеу көздері күлімдеп тұрады. Ел билеген аналар, Бақтиар Бибі туралы айтқанда дауысы ширыға бастайды.

Бірінші "Мәуетекті Бәтіш" деген қайынбикесі туралы айты. Мінезді, сөзді адам болыпты. «Ішінде Мәметектің Атантаймыз, / Біліп қой Бәтіш деген мәуетекті!" – деген екен. "Мәуетекті Бәтіш" - керемет образ.

Ескі сөздерді қызықтап, қотарып жүретін байырғы әдетім. "Мәу" түбірінен шыққан «мәуелікті» көбіне ағашқа телиміз –- қаулаған жидесін, жемісін беруге дайын пісіп-жеткен, көлеңкесі де мол. Қазақтың архаикалық лексикасының қоры мен үшін ХХ ғасырдың басында шыққан "Айқап" пен "Қазақ". Үйге келе сала соларды ақтардым. Міне: «Қыз екен бой сылаған бір ақбілек, Бұралған тал шыбықтай бір мәуетек». Тағы: "Күркіреп жай түскенмен тау құламас, / мен сендік, жетекте де аулына қаш. / Біреудің мен сондай мәуетегі, / шайқада жұмыртқадай баурына бас" - дейді. Бәтіш апамыз туралы осымен түсінікті болар.

Ал Атантайға келсек - ол біздің атамыз Буратайдың ағасы. Атантайлар көбінесе Теріскейде тұрады, Ақжар-Зайсан жақта.

Бошан апам Мәметек атамыз туралы біраз айтып берді, батырлығына қоса әулиелігі туралы. Мәметектің шежіресін тарата келе мен бұрын естімеген, шежіреден көрмеген Есқара-Қынаш елін атады. Мәметек атамыз қартайғанда жас тоқал Қынашты алыпты. Шау тартса да бойында қайраты бар, бір ұрыста жекпе жекте қалмақтын батырын күйрете жеңіп, ол жанының өтеуіне қызын берген екен. Көз тоймайтын сұлу болыпты, еркелігі басым, күйеуіне сөзі өтімді, бала тапқаннан бастап: «Мен өз алдыма ел болсам» деп қолқа салыпты. Жас иіске қанған атамыз қарсы болмапты. Есқара шал деген Қынаш тоқалдың шаңырағына еріп келген, Қынаштың әкесінің құлы екен. «Сөйтіп, есті тоқал аты өшпесін деп, өзіне адал жалшысын атаусыз қалдырмай, “Есқара-Қынаш” деп ру таратты», - деді Бошан апа.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/0c1e85a67b8442a2479550e2a2bbae.png)

Мәметек Сұлеймен қажының келіні Бәтима-Бошан апа атам Мәсәлім туралы айтқаны - жұртқа байлығымен емес, ақылдылығымен және әділеттілігімен танымал болған. Сондықтан сонау Арқадан Торайғырдың Сұлтанмахмұтының өзі іздеп келген. Би атамыз дүниеден өткенде арғы жақ пен бергі жақ бірдей жиналып, жоқтау айтып, қоштасқан. Талай ақындардың айтқаны ел аузында сақталып, жұртқа кеңінен тараған... Осы жерде мен Әрімжан ақынның жоқтауын еске алдым: "Күнгейдің ол да бір шаһибазы...", "Қанаты ақсұнқардың қайрылғандай..." Бошан апа: Кім жазғаның білмеймін, бірақ Мәсәлім бидің жоқтауларынан есімде қалғандары мыналар, - деп, көзің жұмып сарнап жіберді: "Арғы атасы бай өткен, / Төрт түлігі сай өткен. / Мінезі сондай жігіттің, Бұл дүниеден жайы өткен!" ... "Талаптың мініп тұлпарын, / Тас қиядан өрледің. / Ерегесіп келгенде, / Дұшпанға есе бермедің!" Соңғы жолдардан эпостық нақыштарды нақ сездім. Жалпы, қазақ жоқтау шығарғанда, белгілі бір инструментариі бар - бейнелер, метафоралар, тіркестер - бірақ әркезде олар қайталанбайтын өзіңдік бір нақыш, өрнектер құрайды. Сондықтан жоқтаулар бір жағынан бір-біріне ұқсас, бір жағынан қайталанбас - novel, original. "Би атамыз дүниеден өткеннен кейін он жылдан кейін тудым ғой, ес білгенде есімде қалғандары осы ғана", - деді Бошан апа кешірім сұрағандай.

Апамыздың санасында, көкейінде Мәсәлім бидің тоқалы, ел сүйген Бақтиар бибі айтқандары көбірек сақталған екен. "Қатырма тонның жағасын, / Қайырмай қалай киейін? / Қадырлы жұртқа сұнқарым, / Қайғырмай қалай жүрейін?! / Елтірі тонның жағасын, / Емермей қалай киейін? / Елеулі жұртқа сұнқарым, Еңіремей қалай тұрайын?!" – деп бір уақытта сұнқылдата жөнелді.

"Бақтиар Бибіні көзіммен көрмедім, бірақ қанықпын, - деді Бошан апа, - Би болған, ел билеп, шабарман ұстаған. Өте көрікті де, келбетті еді. Қолынан өнері тамған шебер, ақылдылығымен бірге ел билеушіге тән айбындылығы болған. Айбындылығы соншалық, күйеуінің өлімі туралы естіп, қаралы күйінде отырғанда, бір де бір адам батылы барып үстіндегі алтын жіппен апталған сәукелесін шешіп ала алмапты. Ақыры, біреу қаралы шәліні әкеліп, сәукеленің үстіне жаба салған көрінеді. Осындай өр мінезді анамыз елді әділ билегендіктен жұртқа өте қадірлі болып, көзі тірісінде дана атаныпты. Дүниеден қайтқанда дүйім бүкіл ел жылап, көптеген жоқтаулар айтылыпты".

Бір күрсініп алып, Бошан апа қайтадан айта жөнелді: Құлаштап шашын тараған, / Қиғаштап қасын қараған. / Құлашынан шашы озған, / Қиғашынан қасы озған. // Оң қолына қамшы алған, / Сол қолына парша алған. / Қамшымен билік үйірген, / Паршадан асыл киінген. // Апатайым, айбатым! / Апамдай болған қай қатын?! / Затың әйел демесең, / Еркектен артық қайратың!

... Біраз отырып, көзіне жас алып: Сол Мәсәлім би мен Бақтияр бибіден туған асыл тұқымның бірі - аяулы ағамыз Әнуарды қытайлар 1952 жылдың қаңтарында Таңғыт үкірдай Еңсе ұлымен бірге атты. Әнуар өте қайсар, сері, елге сөзі өтетін, жұртты аузына қаратқан ақылды, шежіре азамат еді. Сол қыста менің аяғым ауыр еді. Таңғыт пен Әнуар атылған күні түстен кейін мен босанып, егіз ұл таптым. Арқа сүйер ел ағаларынан айрылып, күйзеліп келген ағайындар, менің босанғанымды көріп, көздеріне жас алып: “Ия, Құдай, екі арысты алып, орнына екі ұл берген екенсің, оған да тәубә! Бұл екі ұл Әнуар мен Таңғыттың төлеуі болсын,”-деп, той жасап, азаматтардың атын қоюға қытайлардан қорқып, аттарын Мұхаметрақым және Мұхаметкәрім қойды, - деп аяқтады әңгімесін аяулы Бошан апа, Мамырбек қызы Бәтима, Жұмық Сүлеймен қажының келіні.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/303080/6f87019ccff0d320f8012a9c85720a.png)

Қазақ аналарының ескі суреттері...

Өкінішке орай, үлкен анамыз Бақтиардың суреті, бейнесі ұрпағына қалмапты. 1945 жылы Шығыс Түркістан Республикасы орнағаннан кейін алпысқа тақаған шағында дүниеден өткен. Ерте кеткен, бірақ ұлдарының өсіп-өнгенін, оқығанын, соның арқасында қоғамға кіріп, ел билей бастағанын көріп кетті. Бақилықты алдындағы екі-үш жылы жылаумен өтіп еді. Менің әкемді қытайлар құпия оқуға жіберіп, қайда, не істеп жүргені туралы хат-хабарға үш жыл тиым салғанда, жылаудан көзі ашылмай, Шәуенің өлдіге санап, құран-дұға оқытқан. Оралғаннан кейін көзі ашылып, ұлан-ғасыр той жасапты. Соңғы тойы сол болса керек....

Әкем он жасқа келгенде қазақ даласының басқа бір шетінде, үлкен қазақ елінің шығысында киелі Шыңғыстауда Тобықты Жігітек Арыстанбектің Қабылхағының шаңырағында менің анам Рахима дүниеге келген еді. Алдағы әңгіме ана жұрт туралы болмақ.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/o-oly-a-amshy-al-an-sol-olyna-parsha-al-an-887341](https://yvision.kz/kk/post/o-oly-a-amshy-al-an-sol-olyna-parsha-al-an-887341)