---
title: "Қоқан қыпшақтарының қырылуы немесе бір әріптің «ылаңы»!"
description: "Қоқан қыпшақтарының қырылуы немесе бір әріптің «ылаңы»!Бала кезімде алыстағы Қоқан қыпшақтарының қыр..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-07-17T14:48:33+00:00"
modified: "2019-07-17T14:48:33+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-an-ypsha-taryny-yryluy-nemese-bir-ripti-yla-y-836451"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-an-ypsha-taryny-yryluy-nemese-bir-ripti-yla-y-836451/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қоқан қыпшақтарының қырылуы немесе бір әріптің «ылаңы»!

> Қоқан қыпшақтарының қырылуы немесе бір әріптің «ылаңы»!Бала кезімде алыстағы Қоқан қыпшақтарының қыр...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/618fde9ad50d73ba3c2193a261895f.jpg)

Қоқан қыпшақтарының қырылуы немесе бір әріптің «ылаңы»!

Бала кезімде алыстағы Қоқан қыпшақтарының қырылғаны туралы әкемнен естіген едім, бірақ түйсігім аталарымызды КСРО-ның оқулықтарында «половцы» немесе өзіміз Дәшті-Қыпшақ жұрты деп оқығанымыз болмаса, бұлардың қазаққа қандай қатысы бар деп ойлайтып едім. Дегенмен, қазіргі қазақ құрамындағы қыпшақ тайпасы мен бағзы заман – қыпшақ этнонимінің айырмашылығы барын да айтуымыз керек. Салыстырмалы түрде бергі уақыттағы «Қара Қыпшақ Қобыланды» жырында: «Кешегі өткен заманда, Дін мұсылман аманда, Қарақыпшақ Қобланды, Атасы мұның Тоқтарбай Халықтан асқан болды бай. Байлығында есеп жоқ, Айдалып бағып жайылды Төрт түлік малдың бәрі сай. Жаз жайлауы Көздікөл, Көздікөлді жайлаған Қалың Қыпшақ жағалай. Тоқтарбайдың дәулеті — Ішкені мас, жеген тоқ, Бай-кедейдің көңілі жай. Қыс қыстауы Қараспан, Қараспан көкке таласқан. Ат үйірінен адасқан, Қалың Қыпшақ тізіліп Қонса, қоныс жарасқан. Әліп таңба Қыпшақтың Атағы озған алаштан.» деп келетін жерлері бар еді ғой. Қараспан тауыңыз қазіргі Түркістан облысы аумағындағы жер. Ал, Қоқан (Әндіжан) қыпшақтарының, яғни бұлардың да қазақ даласынан кеткені түсінікті әрине, бірақ, бұл Қоқан қыпшақтарына қырғыз қыпшақтарының да қатысы да бар деп санаймын. Қалай десек те бұлар өзбек қыпшағы ма, қазақ қыпшағы ма, қырғыз қыпшағы ма, әйтеуір олардың сол өңірдегі бұрыннан отырған жұрттардан бір өзгешелігі болып тұрғаны анық. Әңгімені әріден бастайық. Орта Азиядағы әртүрлі мемлекеттерді көптеген ру-тайпа одақтары билеген, яғни белгілі бір династиялық ұлыстар құрғаны белгілі. Мысалы, Әмір Темір барлас руынан шықса, маңғыттардың династиясы да Орта Азияда билік жүргізген. Түптен келгенде Шайбанилар династиясы да қазақ даласынан шыққан ғой. Ферғанада билік жүргізген тайпалардың бірі Орта Азия (дұрысы Қоқан) қыпшақтары болды.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/6b3d3bc012eefbc51223d0151c1c19.jpg)

Әкемнің «Елдің Қорғаны» кітабында: «ХІХ ғасыр Қоқан қалаларының бәрінде қыпшақтардан арнаулы жасақтар тұрды. Олар ел билігін өз қолдарына алуға тырысып, нәтижесінде Қыпшақ Мұсылманқұл аталық ханның атынан бүкіл хандыққа билік жүргізді. Дегенмен оның күйеу баласы Қоқан ханы қыпшақтарды биліктен тайдыруды өзіне мақсат етіп қойды. Хан бір күнде қалалардың қақпаларын жаптырып тастап, қыпшақтарды қырғызады. Бір хандықтың ішіндегі халық әр тайпадан құралғанымен, адамдарды түріне қарап ажырату оңай шаруа болмаса керек. Дегенмен қыпшақтар Жиделі Байсынға кеш келіп, өзгелермен аз араласқандықтан олардың тілдеріндегі өзгерістер сезіліп тұрады екен. Хан кеңесшілерінің бірінің ақылымен қаланы аралаған жендеттерінің қолына бір-бір бидай талын ұстатады. Жендеттер тосыннан ұсталған адамға бидай талын көрсетіп: «Бұл не?» – деп сұрайды екен. Өзге өзбектер «буддай» деп жауап беріп, ал қыпшақтар өз тілдеріндегі ерекшеліктеріне байланысты «бидай» деп айтып, қыпшақ екендігі білініп қалып, өлтіріліп отырған. Кейіннен әупірімдеп аман қалғандары бірігіп қарсылық көрсеткен соғыс болады. Қыпшақтар осы соғыста тек қызыл киім киініп шығыпты. Себебі қыпшақтар Қоқан хандығына өздерінен өзгелерге қызыл шапан киюге тыйым салған екен-мыс. Осы соғыста қыпшақтар жеңіліп, көбі жазаға ұшыраған.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/cb4c89d056a329e27bc43ecac77be5.jpg)

ХІХ ғасырдың 60-жылдарындағы орыс әскерінің Орта Азияны жаулап алар алдында жағдай өзгеріп, Қоқан хандығында Қыпшақ молда Әлімқұлдың билігі басталған еді. Әлімқұл хандықтан үміткер көп ханзаданың бірін таққа отырғызып, ел билігін толық өз қолына ұстатып отырды. Орыстармен болған шайқастарда үлкен ұйымдастырушылық көрсетіп, ерлікпен соғысады. 1865 жылы Ташкент түбінде болған соғыста Әлімқұл қаза табады. Ол қаза болғаннан кейін ғана орыс армиясы Қоқан хандығын жаулап алды. Әлімқұлдың қандасы – Әндіжанның қыпшағы Якупбек кейін Қашқар хандығын басқарып, 1877 жылы қытайлықтар Қашқарды басып алды.». Әрине, бір әріп арқылы тілдік ерекшеліктерін біле отырып, оларды қырып тастауды Орта Азиядағы көптеген қанды шайқастардың бірі деп назар аудармауға болар еді, бірақ қазақ тарихындағы «Қатаған қырғыны» сияқты, бұл оқиға да көмескі тарта береді. Біле жүргеннің айыбы болмас! Бірақ, менің басты айтпақ ойым, бір әріптің артында қаншама өлтірілген жұрттың тағдыры тұр еді?! Суреттердерде Қоқан шаһарындағы Құдияр хан сарайы мен Құдияр ханның өзі және Ақмешіттің бегі, кейін Шығыс Түркістандағы Шетішардың ханы Якупбек

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/o-an-ypsha-taryny-yryluy-nemese-bir-ripti-yla-y-836451](https://yvision.kz/kk/post/o-an-ypsha-taryny-yryluy-nemese-bir-ripti-yla-y-836451)