---
title: "Қоқан -азаттықтың, қайсар рухтың символы және Қазақстан мен Орта Азия халықтарының бірлігінің символы"
description: "Түркістан автономиясының 100 жылдығына орай Қоқан – азаттықтың, қайсар рухтың символы және Қаза..."
author: "Eltin1951"
published: "2016-12-26T06:23:30+00:00"
modified: "2016-12-26T06:23:30+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-an-azatty-ty-aysar-ruhty-simvoly-zh-ne-aza-stan-men-orta-aziya-haly-taryny-birligini-simvoly-741548"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-an-azatty-ty-aysar-ruhty-simvoly-zh-ne-aza-stan-men-orta-aziya-haly-taryny-birligini-simvoly-741548/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Қоқан -азаттықтың, қайсар рухтың символы және Қазақстан мен Орта Азия халықтарының бірлігінің символы

> Түркістан автономиясының 100 жылдығына орай Қоқан – азаттықтың, қайсар рухтың символы және Қаза...

Түркістан автономиясының 100 жылдығына орай

**Қоқан – азаттықтың, қайсар рухтың символы** және Қазақстан мен Орта Азия халықтарының бірлігіің куәсі

Алтын Орданың күйреуіне әмір Темір себеп болды. Ыдыраған Алтын Орданың кеңістігінде Аспан асты елі, Ресей патшалығы мен көптеген ұсақ мемлекеттер пайда болды. Алғашқы екеуі өзара келісіп, қалған шағын мемлекеттерді жұтып, алып державаларға айналды. Қызыл империяның бізге қалтырып кеткен тарихында былай жазылған: «Добровольное присоединение Казахстана и Средней Азии к России». Шын мәнінде олай болған емес. Ресей неше түрлі әдіс – тәсілдерді қолданып, түркі халықтарын Еуропа үлгісіндегі жойқын қарудың күшімен жаулап алды. Ресей жазып берген тарихта өз шапқыншылық әрекеттерін жағымды құбылыс деп жариялайды. Ал құрбан болған мемлекеттердің азаттық үшін күресін, өзін-өзі қорғауын, теріс іс деп бағалайды, билеушілерін – қанішер, салық жүйесін – қанау деп атайды. Керісінше, отарлау әскери әрекеттерін азат ету, жергілікті халықтың шұрайлы жерлерін тартып алып орыс переселендер (Ресейдің орталық аймақтарынан көшіп келушілер) мен казактарға беруді, форпостар салуды, жаулаған халықтарды қорғау үшін қажет шаралар дейді.

Қоқан хандығының аумағына Сырдария өңірі, Жетісу, Өзбекстанның үлкен бөлігі, Тәжікстан, Қырғызстан, Қашқария жерлері кірді. Халық құрамы ортаазиялық парсылар, түркілер, сарттар, Алатау және Сібір қырғыздары, қыпшақтар, қашқарлықтар болатын. Ресми тілдер ортаазиялық парсы тілі және шағатай тілі еді. Қоқанның салық жүйесі бойынша мал саны 40-тан аспаған отбасы кедей саналып, салықтан босатылатын, асса зекет төлейтін. Егіншілердің салығы харадж деп аталатын. Жаулап алынған жергілікті халықтардың әр түтіні Ресей империясында тұрғаны үшін жеке салық төлейтін болды. Оның үстіне өз жерін пайдаланып, егін егіп, мал баққаны үшін де қосымша алым-салығы болатын. Байырғы халықтың өкілдеріне кейбір атақоныстарына бас сұғуына да тыйым салынды. Ресейдің Орталық Азияныны (Қазақстан мен Орта Азия) отарлау үдерісі трагедияға толы. Көптеген тұлғалардың тағдыры мен өміріне балта шабылды, ру - тайпалар қырғынға ұшырады. Олардың ішінде Абылай ханның кіші ұлы Қасым сұлтан, оның ұлдары – Есенгелді, Саржан, Кенесары, Наурызбай, шекті Жанғожа Нұрмұхамедұлы, Есет Көтібарұлы, қыпшақтың батыры Мұсылманқұл т.б. Шекті руының басшысы Жанқожа батыр Ресеймен одақ құрып, 200 рубль мөлшерінде жалақы алып тұрған, Қарақұм мен Сырдария жағасындағы Борсыққұм қазақтарының басқарушысы лауазымына ие болды.

Ресейдің жоғары үкімет билігінің атынан Жанқожа батырға «жасауыл» деген атақ берілді. Батырдың көмегімен Ресей Қоқан мен Хиуаның шаһарларын жаулап алып, ол жерлерге мықты әскери бөлімдерін орналастырып, зеңбіріктермен қамтылған бекіністер шептерін салып алды. Ең құнарлы, суармалы жерлерді тартып алып, Ресейдің орталық аймақтарынан көшіп келген казактар мен переселендерге берді. Шектінің көсемін өз қажеттілігіне пайдаланып, отарлау мақсатының үлкен бөлігі орындалғаннан кейін, Жанқожа батыр «керегі жоқ зат» сияқты болып қалды. 1860 жылы Ресейдің жазалаушы әскері Жанқожа батырдың ауылын қоршауға алады. Қанды шайқаста батыр жау оғынан қаза тапты. Кузьмин бастаған жазалаушы отряд шектінің 164 ауылын ойран сала шауып, аяусыз тонады, үйлерін өртеп, малдың бәрін айдап әкетті. Көптеген шектінің батырлары мен белсенділері жазалау шаралары кезінде қаза тапты. Мал - мүлкі түгел тоналған шектілер ашаршылыққа ұшырады.

Отаршылық идеологиясының уағыздаушылары «орыстар қазақтарды зұлым қоқандықтардан құтқарып, бейбіт өмір сыйлады, өркениетке сүйреді» дейді. Бұл ақиқатқа жанаспайды. Орыстардың қазаққа шектірген зәбірі өте көп. Қоқан хандығының құрамында болғандағыдан қиянаты еселеп асып тұр. Бейбіт өмір сыйлағаны да жалған. Қоқанның салығынан, әскери міндетінен жалтарамыз деген қазақтар түлкі талауынан құтылып, атақоныстарынан айрылып, арыстанның жемтігіне айналды. Ресей Қоқанмен Кенесары ханға қарсы шартқа отырды, Қоқанды Кенесарының көтерілісін басуға, одан әрі өзін өлтіруге пайдаланды. «Кенесарыны қырғыз өлтірді» деп таратылған лақап, Кенесары Қоқан билігінің көмегімен қаза болды дегенмен тепе-тең. Әйтеуір, хан Кененің бас сүйегі Санкт-Петербургтың Кунсткамерасынан бірақ шықты. Өйткені ол кезде Алатау қырғыздары Қоқанның қол астында болатын. Кенесары қай «қырғыздың» қолынан опат болса да, Ресей мен Қоқан билеушілерінің тапсырысымен орындалды.

Ресей агентурасы Орталық Азияда жоғары деңгейде қызмет етті, сарай билігіне де араласатын жағдайлар болатын. Резиденттер ретінде түркіден шыққан, Ресейде білім алған текті адамдардың балалары алынатын. Қасым сұлтан Қоқан хандығымен келіссөз жүргіземін деп, Ташкент қаласында жұмбақ жағдайда зұлымдықпен өлтірілді. Қай елдің агентурасы бұл ажалға қатысты екені айтылмаса да түсінікті. Ресейліктер Абылай ханның немересі Уали ханның үлкен ұлы Ғұбайдулла сұлтанмен, қытайлықтармен дипломатиялық қатынас орнатты. Баянауыл таулары аймағында қытайлықтармен кездесу өткізуге әрекет жасады. Қытай императорының делегациясы 600 қарулы солдатымен Ғұбайдолланы хан сайлап қайтуға тырысты. Бірақ олай етудің сәті түспеді. Ресей патшасының агентурасы қарулы жасақпен жол тосып жүріп, қытай өкілдігін де, Ғұбайдолланы да қолға түсірді. Ғұбайдолла бұдан кейін де Қытаймен келісім жасауға әрекет етті. Бірақ бұл жолы Қытай үкіметі оның ұсынысынан бас тартты. Өйткені Қытай Ресеймен қарым-қатынасының шиеленіскенін қаламады. Құдияр ханның өзі Ресейдің қолжаулығына айналған. Құдияр хан кем дегенде Қоқан тағынан үш рет түсіріліп, Ресейдің көмегімен екі мәрте хан тағына қайтадан отырғызылды. Соңында ресейліктерге қашып барып, Қоқан хандығының жойылуына себеп болды. Шоқан Уәлиханов 1858 жылы Қашқарға жасаған сапарында негізінен Қоқанға қарсы барлау ісін атқарды. Ресей Қоқан, Бұхар, Хиуа хандықтарының ішінде болып жатқан әр наразылықты, көтерілісті қоздыру үшін қаржы аямады. Ол үшін наразы топтардың көсемдеріне шен-шекпен таратып, сыйлық жіберіп, қаржыландырып өздеріне қолайлы іс-әрекеттерге баруға итермелей білді. Ресей Қазақстанның көп жерлерін отарлап алғаннан кейін, Қоқанды жаулауға кірісті. Соғыс әрекеттері ұзақ жылға созылды. Қоқанның өз тәуелсіздігі үшін күресінде жеңістері де болды. Мысалы, Перовскийдің әскери экспедициясы Ресей үшін жеңіліспен аяқталды. Сол сияқты Ресей үшін талай жорықтар сәтсіз болғаны белгілі. Қандай да жанкештілік танытқанымен, кішкентай Қоқан жаңа еуропалық үлгіде қаруланған алып Ресейден жеңіліс тауып, тәуелсіздігінен айрылды.

**Түркістан өлкесінің Қоқан хандығы құрамындағы тағдыр-талайы әлі күнге дейін терең де жүйелі зерттеле қойған жоқ.** Кеңестік дәуірдегі жазылған тарихи еңбектерде Түркістан өлкесінің ақ патшаның әскери күшімен жаулап алынуы, отарлануы бүркемеленіп, бұл елдің Ресей құрамына «өз еркімен» қосылғаны дәріптеліп келгені анық. Осындай жымысқы саясаттың салдарынан Түркістан өлкесінің Қоқан хандығына қарасты елдерінің күшпен отарлануы, оның шынайы тарихы шындық тұрғысынан сараланбады. Еліміз тәуелсіздік алған соң ғана тарихшыларымыз кем-кетігімізді түгендеуге мүмкіншілік алды. Патшалық Ресейдің басқыншылығына дейінгі Түркістан аймағын мекендеген халықтардың тұрмыс-жағдайы, орыс әскерлерінің осы өлкеге жасаған қанды жорықтары мен жергілікті елдің басқыншыларға қарсы жанқияр күрестері, ұлт-азаттық қозғалыстардың Ресей тарапынан басып-жаншылып отырғаны туралы енді ғана там-тұмдап айтыла бастады. Алайда, біздің қазіргі тарихшыларымыз Қоқан хандығының тарихына келгенде әлі де күмілжи береді. Бұл біздің тарихымызды түгендеудегі үлкен олқылық. Қоқан хандығы тарихын ажырата алмасақ, Түркістан өлкесі елдерінің өткенінен бүгінгі және келер ұрпаққа нақтылы мәлімет бере алмаймыз. «Қоқан» сөзінің өзін қазіргілер Өзбекстанның әкімшілік-аумақтық нысаны түрінде ғана танып, ол тарихты тек өзбек халқының тарихындай көреді. Олай емес, **Қоқан билігі кезіндегі тарих – біздің де тарихымыз. Ол тарих – Түркістан жұртының құрамындағы Қазақ еліне де қатысты ортақ тарих.** Олай болса, Түркістан өлкесін билеген Қоқан хандығының тарихын өз тарихымыз деп түсінгеніміз абзал. 1814 жылы Қоқан хандығы тарапынан Түркістан өлкесіне датқа болып тағайындалған Молда Қошық Тоқбайұлын тарихымыздан алып тастай алмаймыз. Датқа хан билігі тұсында төртінші дәрежелі лауазым еді. Датқаның ұлан-байтақ елі, қолында мөрі бар шексіз билігі болды.

**Қазақ шежіресі бойынша Ұлы жүз Ақарыстың үшінші ұрпағы Төбе бидің төрт баласының бірі Меркіден – Мыңжүз, Қьрықпанжүз деген рулары тарайды.** Түбі түркі тектес халықтар қатарына жатып, арғы тегі қазақтармен тамырлас болған Мыңжүз бен Қырықпанжүз XV ғасырдың аяғында Жетісу мен Қашқар өңіріндегі Моғолстан хандығы ыдыраған кезде ассимилияциялық жолмен бір жағы — ұйғыр, бір жағы – өзбек этностарына сіңісіп кеткен. Бұл екеуі өзбек пен ұйғырдың басқа тайпалары мен араласып, Ферғана жазығы мен Қашқар арасын жайлаған. Уақыт өте келе, өзбек арасындағы мыңжүздер (мингілер) санының көптігімен үстем тайпаға айналған.

Қоқанды алғаш құрған Ерезеноғлы Шахрух бек осы мыңжүз (мингі) тайпасының Тобағыш тармағынан шыққан. Шахрухты өздеріне басшы етіп тәуелсіздікке ұмтылған Ферғана жұрты таңдайды. Бірақ Шахрух не Шыңғыс ханның, не Абрасиаб әмірлерінің ұрпағы емес-ті. Сондықтан да сол кездегі қалыптасқан қоғамдық жүйе бойынша, хан атануға немесе әмір атануға қақы жоқ-ты. Дегенмен оны жақтаушы жұрттың көсемдері мен ақсақалдары Шахрухтың шыққан тегін Ақсақ Темірдің ұрпағы Бабырмен байланыстырған «Алтын бесік» аңызын ойлап тауып, елге жария етеді. Сөйтіп ол Бабырдың ұрпағы ретінде танылып, жеке бектіктің бегі болып 1710 жылы сайланады. Шахрухтың бектік туы астына жұртты алғаш ұйыстырған жері – Марғұлан уалаятына қарасты Қоқан қышлағы. Алған бетінен қайтпайтын, қатал да ержүрек әрі сөзге шешен Шахрух бек айналасы аз жылдың ішінде жан-жағындағы Марғұлан, Наманған иеліктеріндегі жерлерді қосып алып, Қоқан бектігінің билігін нығайтады. Және де басып алған жерлеріне сонау Қашқария мен Қысарда жатқан өзіне туыс мыңжүз бен қырықпанжүздің мыңдаған өкілдерін шақырып орналастырады**. Шахрухтан соң билік басына келген оның ұлы – Әбдірахым** бектіктің шекарасын одан ары кеңейтіп, Хоженд, Әндіжан, Каттақорған шаһарларын және Самарқан мен Жызақ өңірлерінің оңтүстік аймақтарын өзіне қаратты. **Одан кейінгі бек болған Әбдірахымның інісі – Әбдікерім Ош өлкесін жаулап алады.** 1740 жылы бектіктің арнайы резиденциясы ретінде Қоқанның қақ ортасынан өте үлкен сарай салдырады, сондай-ақ оның сыртын қоршатып, қамал тұрғызады. Осыдан бастап бұл қала бектіктің ресми астанасы болып орнығады. **Елдана бек** (1751-1770) үлкен саясаттың адамы болыпты. Ол Ферғана жазығындағы ірі-ірі шаһарлардың билеушілеріне ықпалы күшті билерін өзіне тартып, солар арқылы бектік аумағын кеңейтеді. Оның кезінде Қоқан бектігі (1758 жыл) Бұқар мен Хиуа тарапынан жеке ел ретінде танылады. Қоқан тарихында айтулы із қалдырған Нарбота бек (1770-1799) қазіргі Тәжікстанның шығыс облыстарын құзырына қаратады да, XVIII ғасырдың аяғына таман Қоқан бектігі бүкіл Ферғана жазығына билік орнатып, оған Ферғана, Әндіжан, Ош, Каттақорған, Наманған, Марғұлан, Шұсты, Қасансай, Ұратөбе, Өзгент қалалары қарайды. Әлбетте, бір талассыз нәрсе – мұндай жетістіктің бәріне жеке билікті аңсаушы – Шахрух бек ұрпақтары жанкешті жорықтар арқылы қол жеткізеді.

**1806 жылы Әлім бек Қоқан бектігін Қоқан хандығы деп өз хаткерлеріне ресми түрде жазғыза бастайды.** Баяғыда тұрғызылған қала қорғанын бұздырып, аумағын кеңейтіп, биіктетіп, жаңадан жеті қақпалы қорған салдырады. Осы кезден бастап оны сыртқы елдердің бәрі хандық деп мойындайды. Әлім өзін хан деп жариялаған шақта Қоқан иелігінде 15 шаһар болған, әскер саны 80 мыңнан асқан. Сол жылы бүкіл Ташкент уәлаятындағы ( Жизақ, Шардара )сарт, қазақ, өзбек, құрама жұртына қарасты қалалар мен қыстақ-ауылдар Қоқан хандығының иелігіне өтеді. ХІХ ғасырдың 20 - жылдары Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары қоныстанған Арал теңізінен Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықтар кірген. Соның нәтижесінде Қоқан хандығының шекарасы батыса Хиуа, Бұқар хандықтарымен, шығысында Шығыс Түркістанмен, оңтүстікте Қаратегін, Дарбаза және Кулябпен шектесіп жатты, солтүстікте Шудың орта ағысын бойлап отырып Балхашқа дейін жетті. Қоқан хандығы билеушілері Сырдария бойында Дінқорған, Қошқорған, Жаңақорған, Күмісқорған, Шымқорған, Жүлек, Шудың бойында Тоқмақ , Пішкек, Меркі, Сарысуда Қаражар, Төртқұман, Ұлытау бекіністерін, Қорғаты өзені бойында Иткешу бекінісін салдырды. 1826 жылы Әулиеата бекінісінің негізі қаланды. Қоқан хандығында халықтың негізгі кәсібі егіншілік болды. Басты дақылдары мақта және күріш еді. Хандықтағы Қоқан , Әндіжан, Марғұлан секілді ірі қалаларында жібек және мата шығаратын кәсіпшіліктер едәуір дамыған болатын. Олардың беретін өнімдері елдің өз ішінде ғана сауда саттыққа түсіп қоймай, басқа жақтарға да шығарылатын. Сонымен қатар Ферғана жазығын суландыру жүйелерін салу да кеңінен дамытылды. Қоқан Орталық Азиядағы сауда жүйесінің бір орталықтарына айналып, ең жазиралы өлке атанған. Қытай мен Қашқардың, Үнді мен Парсы елдерінен келетін керуендер өтетін, қазіргі тілмен айтқанда, экономикалық аса маңызды Ферғана өңірінде Қоқан тәрізді жеке елдің пайда болғанын көрші хандықтардың қаламағаны анық. Жеке елдік мүдде жолында әрекетке кіріскен қоқандықтарға кедергі келтірер ешкім болмады. Анығын айтқанда, оның жеке ел болып қалыптасуына тарихтың өзі осындай ыңғайлы сәтті тудырып берді. Әлім хан тұсында хандық ретінде нығайған соң жан-жағындағы елдердің бәрі онымен санасты. Қоқан хандығының негізін қалаған **Шахрухтан бастап соңғы ханы Құдиярға** дейін атадан немесе әкеден балаға ауысқан билік сатысын ұстанды. Қоқанда қалыптасқан берік мемлекеттік құрылым болмаса да, өздеріне тән билік жүйесі бар-ды. Билік бектің (кейін ханның) қолында болды. Оның жарлықтары мен пәрмендері бұлжымас заң түрінде қабылданды. Бектікте екінші адам болып бас уәзір саналды. Бектік кезінде әр билеуші төрт жыл сайын бас уәзірді алмастырып отырды. Бек сарайында бас уәзірден бөлек әрқайсысы белгілі бір салалық – әскер, дін, елшілік, қазынашылық, шаһарлармен қатынас, ішкі тәртіп жұмыстарына басшылық жасайтын алты уәзір қызмет атқарды. Әскербасы, яғни бас қолбасшы – әмір-ләшкер, жаяу әскер мен зеңбірекшілердің басшысы – найып, атты әскерді басқарушы – ынақ, хан әкімшілігінің жұмыстарын реттеуші – есік аға, бек пен уәзірлердің кеңесшісі – аталық, ханның жеке күзетшілерінің бастығы – кешіктенбашы, сарай шаруашылығының басшысы – дәстүрханшы атанды. Осылардың барлығы бек (хан) кеңесіне кірді. Осы дәрежеге жеткен адамдардың барлығы алдымен бектікке еңбек сіңіріп, мыңбасы деген шенге қол жеткізуі ләзімді. Бұған себеп – Шахрух алғаш бектікті құрған шақта әскерінің саны мың адамды құрапты. Әскерді басқарған Шахрух алғашқыда бек емес, мыңбасы атанған. Соған орай кейін Шахрух құзырына қаншама иелікті қаратып, әскер санын бірнеше мыңға жеткізсе де, «мыңбасы» атағы маңызын жоймай, елдегі барлық шенді басшыларға осы атақтың қоса берілуі – хандық құлағанша бұлжымас тәртіпке айналған. Бұлардан кейінгі сатыда шаһар хәкімдері, дінбасылары (қазы-кәлән), даруға-хәкімдердің сарайларының, рабатханаларының диуанбектері, күндізгі және түнгі күзетшілерінің басшылары – кептеуілбашылар мен торғауылбашылар, шаһар әскерінің басшысы – пансатбашылар (кейде бұларды құрбашылар деген), бек (хан) пен шаһар хәкімдерінің жеке һәм шұғыл тапсырмаларын орындайтын арнайы шеріктің басшысы – паруанашылар тұрды. Бұлардың бәрі бектің жеке пәрменімен тағайындалатын.

Әлім ханнан кейін, Қазақстанның қазіргі оңтүстік аймағына билігін толық орнатқан **Омар хан 1814 жылы бектік кезіндегі билік жүйесіне біраз өзгерістер енгізіп,** бас уәзір мен екінші сатыдағы уәзірлер деп аталатын лауазымды жояды. Оларға сарай даруғалары деген шен береді. Бірақ атқаратын жұмыс түрлері өзгертілмейді. Үлкен қалалардың билеушілерін де –даруға, ұсақ шаһарлардың қожаларын – хәкім деп атау туралы жарлық шығарады. Ташкентке хандықтың маңызы жағынан екінші қаласы деген мәртебе беріп, оның билеушісін құшбегі деп атайды. Ханның өзі алыстағы Қоқанда отырған соң хандық құзырына жаңа өткен қазақ даласындағы әлеуметтік - саяси жағдайды үнемі бақылап тұруды және ол жерлердегі шаһар даруғалары мен хәкімдерін, сонымен бірге далалық датқаларды да өз бетінше тағайындауды Ташкент құшбегісіне жүктейді. Датқалар демекші, хандықта датқалық жүйені де алғаш енгізген Омар хан. Осы жерде датқалықтардың қандай құрылым, ал датқалардың кім болғанын айтудан бұрын мына нәрсені де тілге тиек ете кеткен жөн. Бұрын қазақтарға хандармен қатар жүздер мен ру-тайпалардың билері билік жүргізетін. Төбе билер хан кеңесшілері болып табылатын әрі өз қарамағындағы жұрттың қамын күйттейтін. Оларға сол жүздердегі тайпа билері бағынысты болса, тайпа билеріне ру, ауыл билері қарайтын. Бұл – далалық жұртты ұйыстырып отыру үшін өз кезінде пайдаға асқан жүйе-тін. Омар хан қазақ даласына Қоқан хандығының үкіметтік құрылымын енгізді. Үлкен шаһарлар мен ірілі-ұсақты қала-кенттерге бір-бір даруға-хәкімдерді тағайындады.

**Даруғалар билейттін үлкен шаһарлар қатарына – Шымқала (Шымкент), Түркістан, Әулиеата жатса, Сайрам, Ақмешіт, Қазалы, Созақ, Меркі тәрізді кенттер хәкімдер билік ететін ұсақ қалалар саналды.** Әр шаһар мен ұсақ саналған қала-бекіністерде арнайы әскер тобы тұрды. Қазақ шаһарларына қарасты өңірлер датқалықтарға бөлінді. Мысалы, Шымкент шаһарына – 7, Әулиатаға – 7, Түркістанға – 4, Меркіге – 4, Қазалыға – 4, Созаққа – 2, Сайрамға – 2 датқалық бағынды. Бұл аймақтағы датқалықтарға датқа болып, тек қазақтар тағайындалды. 1814-1864 жылдар аралығында қазақ жерінде 39 датқалық, ал оларға әр жылдары әр рудан тағайындалған датқалардың саны 82-ге жетіпті. Датқалар тікелей даруға-хәкімдерге, ал даруға-хәкімдер Ташкент құшбегісіне бағынды. Датқаға лайықты адамдарды даруға-хәкімдер іріктегенімен, оны тағайындап, бекіту – Ташкент құшбегісінің құзырында болды. Ол кездегі адамдардың саны дәл бүгінгідей мол болмағанын және ауылдардың бір-бірінен қашықтау, жайыла орналасқанын ескерсек, бір датқалықтың көлемі қазіргі бір ауданның аумағына парапар келген әрі оған бәрін жинап санағанда үй саны 3000-3500 болатын 40-45 ауыл қараған. Датқалық басшылары датқа атанған. 1814 жылдан бастап қазақтар арасындағы беделді кісілерді де датқа тағайындауға әмір еткен. Датқалардың міндеті – хандық мүддесі үшін қызмет етуден тұрған. Хан мен құшбегінің, шаһар басшыларының жарлық-пәрмендерін ел арасында орындату, жұрттан хандыққа жиналатын алым-салықты уақытында жинау, хандық қалаған мезгілде құзырындағы ауылдардан әскер топтастырып беру сияқты қызметтер олардың басты міндеттеріне кірген. Уақытысында ел арасында қазақ мүддесі үшін өздеріне шен-шекпен берген қоқандықтарға қарсы қол бастап, соғыс салған датқалар да көп болған.

**1710 жылдан 1876 жылға дейін өмір сүрген Қоқан хандығына 29 билеуші билік етті.** Хан болмаса да, 1862-65 жылдары ханнан асып билік құрған қыпшақ Әлімқұлдың да бұл хандық тарихынан ойып алар орны бар. Осы Әлімқұлдың ойында не болғанын кім білген? Бір тарихи деректерде ол Қоқан хандығын Қыпшақ хандығына айналдырам деген ниеті болғаны жайында мәлімет кездеседі. 1860- жылдан бастап Ресей басқыншылары шабуылдарын үдете түсті. Ұзынағаш түбінде Колпаковскийдің отряды құшбегі Қанағатшаһқа ауыр соққы берді. Сол жылы полковник Циммерманның басқарған отряд Тоқмақ пен Пішпек қамалдарын быт-шыт қылды. Қоқан мылтығы мен зеңбірегі орыстардың жойқын қаруының алдында дәрменсіз екені айқын көрінді. 1864 жылы көктемде генерал Черняев бастаған орыс әскері Әулиеата, Меркі, Қордай бекіністерін басып алды. Сөйтіп Шымкентке таяды. Ақмешітті орыстар 1853 -жылы жаулап алған. Бұл кезде Ақмешіттен шығып, аз уақытта Жаңақорған, Созақ, Түркістан, Иқанды жаулап, Веревкиннің отряды да күнгей жақтан Шымкентке жақындады. Екі отряд Арыс жағасында түйісіп, 22 -қыркүйек күні Шымқаланы алды. 1865 жылдың 16-маусым күні Черняев Ташкентті, 1866 жылы Жизақты орыс иелігіне қаратты. Содан 1876 жылға дейін, яғни генерал Скобелев Наманған, Марғұлан, Әндіжан, Қоқан қалаларын басып алғанша, Қоқан хандығы тек Ферғана жазығында ғана өмір сүріп тұрды. 166 жыл өмір сүрген Қоқан хандығы орыс басқыншыларына қарсы айтулы қарсылық көрсете алмады. Осы соғыстарда Қоқанның әскеріне жауынгер ретінде алынған көптеген жас қазақ опат кетті.

**1917 жылы Қазан төңкерісі жеңген соң, 22 қараша күні** **Ташкентте** [Түркістан Халық Комиссарлары Кеңесі](https://kk.wikipedia.org/w/index.php?title=%D0%A2%D2%AF%D1%80%D0%BA%D1%96%D1%81%D1%82%D0%B0%D0%BD_%D0%A5%D0%B0%D0%BB%D1%8B%D2%9B_%D0%9A%D0%BE%D0%BC%D0%B8%D1%81%D1%81%D0%B0%D1%80%D0%BB%D0%B0%D1%80%D1%8B_%D0%9A%D0%B5%D2%A3%D0%B5%D1%81%D1%96&action=edit&redlink=1) **құрылады.** 14 мүшесі бар бұл үкіметтің құрамында жергілікті мұсылман халықтарының бірде-бір өкілі жоқ еді. Бұл кеңестік биліктің патша заманындағы отаршылдық сипатын сақтап қалғанын көрсетті. Бұған жауап ретінде **Түркістан өлкесінің мұсылмандар кеңесі 26 қараша күні Қоқан қаласында IV-ші Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін шақырды**. Бұл съезге Мұстафа Шоқай, Махмұт Бехбуди, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Убайдулла Қожа, Саломон Герцфельд, Камал қазы, Насырхан төре, Ташболатбек Нарботабеков, Әбдірахман Оразаев тағы басқалары өлке серкелері қатысты. Ары қарай «Түркістан», «Түркістан өлкесі» дегенді Орталық Азия деп түсіну керек. Бұл ұғымның ішіне Түркістан қаласы да кіреді.

**250 делегат қатысқан үш күнге созылған съез 28 қараша күні Түркістан өлкесін Түркістан Мұхтарияты (Автономиясы) деп жариялады.** Саяси билік заң шығарушы орган болып сайланған Түркістан Ұлттық Кеңесі және Түркістан уақытша үкіметінің билігіне өтетіндігі жөнінде қаулы қабылдады. **Түркістан Уақытша Кеңесі құрамына барлығы 54 адам енді,** 36-сы мұсылмандар, 18-і өзге ұлт пен дін өкілдері еді. Сол 54 адамның ішіндегі 32-сі Түркістаннан Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына сайланған депутаттар болатын. Бұлардың арасында негізгі тұрғындары қазақтардан тұратын Сырдария мен Жетісу облыстарынан 11 өкіл бар еді. Кеңес құрамында, Қоқан қаласының өзін-өзі басқару ұйымдары съезінің 4 өкілі, түрлі өлкелік еуропалық ұйымдардың 13 өкілі бар болатын. **Түркістан Уақытша Кеңесі 12 адамнан тұратын Уакытша үкіметті бекітті.** Съезд Түркістан өлкесіндегі барлық халықтардың құқығын сыйлап, қорғайтындығын мәлімдеп, өлкенің барлық мұсылмандар, переселендер, басқа да тұрғындарын Түркістан автономиясы төңірегіне топтасуға шақырды. Түркістан Мұхтариятының бас қаласы болып Ташкент жарияланды, мемлекеттік байрақ, елтаңда қабылданды. Ташкентті орыс большевиктері иеленіп алғандықтан Түркістан Ұлттық Кеңесі мен Уақытша үкімет Қоқан қаласында орналасты. Уақытша үкіметтің төрағасы және Ӏшкі істер министрі болып Мұхамеджан Тынышбаев бекітілді, Сыртқы істер министрі қызметіне Мұстафа Шоқай тағайындалды. Осылай 10 миллионнан астам түркістандықтардың мүдделерін қорғайтын шешім қабылдап, 4-ші съез өз жұмысын аяқтады. «Жасасын, Түркістан Мұхтарияты!» деген ұран айналаны жаңғыртып кетті. Көптеген делегаттар көздеріне жас алды. Мұсылман еместер құшақтасып, бір-бірімен қол алысты. Көп ұзамай Автономияның үкіметінің төрағасы Мұстафа Шоқай болды. Түркістан автономиясының құрылуын Түркістан өлкесінің жергілікті халықтары зор қуанышпен қарсы алып, оған қолдаушылық танытуға даяр екендіктерін білдірді. 1918 жылы қаңтарда Түркістан қаласында өткен Сырдария қазақтарының съезі Сырдария облысы Түркістан автономиясы құрамында болатындығын мәлімдеді. 1 желтоқсан күні Түркістан автономиясының Уақытша үкіметі өлке халқына арнап үндеу жариялады. Онда халықты Автономияға қолдау көрсетуге шақыра отырып *“Бұғаудан босаған түркістандықтардың өз жерінің толық қожайындары ретінде өз тарихын өздері жасайтын сәт туды. Біз алдымызда тұрған міндеттердің ауқымды екендігін, біздің ісіміздің дұрыстығын сезініп, Алланың ризашылығымен өз жұмысымызға кірістік*” – делінді. Қоқан қаласында мұсылмандардың Түркістан автономиясын қолдаған манифестациясы болды. Мыңдаған адам қатысқан бұл манифестация халық бостандық негіздерін қорғауға және Түркістан автономиясын қолдау көрсетуге ант берді. Мұның артынша Наманганда Автономияның Уақытша үкіметіне қолдау көрсетуге арналған митинг өтті. Наманган көшелеріне лық толған адамдар “Жасасын, Түркістан автономиясы мен оның үкіметі!” деген плакаттар алып жүрді. 6 желтоқсан күні Ташкентте “Шуро-и-ислам” ұйымы ұйымдастыруымен Түркістан автономиясын қолдау көрсетуге арналған 60 мыңнан астам адам қатысқан митинг болды. Социал революционерлер (эсерлер) Қоқан қаласында өлкелік съезін өткізіп, Түркістан автономиясын қолдайтындықтарын, оның үкіметімен бірлесе жұмыс істеуге дайын екендіктерін мәлімдеді.

**Түркістан автономиясының жариялануын Ташкенттегі еврейлердің “Бунд” пен Қоқандағы “Вайнер” қоғамдары құттықтап, оған көмек беретіндігін айытты.** Түркістан автономиясының жариялануы өлкедегі мұсылман жұртшылығының көңілінен шығып, олардың рухын көтерді. Самарқанд, Закаспий облыстары мұсылмандарының съездері, Түркістан еңбекшілері мен диқандарының съезі, Шымкент қаласының мұсылмандарының жиылысы Түркістан автономиясын қызу қуаттады. Перовск және Қазалы уездеріндегі қазақтар Автономияны қолдайтындықтарын білдірген жеделхаттар жолдады. Мұндай пікір Ырғыз қазақтары тарапынан да білдірілді. Закаспий облысындағы қазақтар Түркістан автономиясына кіруге ризашылығын білдіру мақсатында Қоқанға Ж.Мыңбаевты жіберді. 13 желтоқсанда Қоқан қаласында өткен мұсылман жұмысшылары, солдаттары мен диқандарының съезінде Түркістан Автономиясының Уақытша үкіметін қолдау жөнінде шешім қабылданып, оның құрамына мұсылман жұмысшыларынан, диқандардан және солдаттардан өкілдер енгізу жөнінде ұйғарым жасалды. Автономия жетекшісі Мұстафа Шоқайдың пайымдауынша бұл тәуелсіз қазақтардың, қырғыздардың, өзбектердің, ұйғырлардың, түркімендердің, тәжіктердің, еврейлер мен переселендердің біртұтас жергілікті мемлекеттік құрылымы болу керек еді. 13- желтоқсан мереке күні Ташкент маңынан 10 мыңнан астам адам қалаға атпен кірді. Қала көшелері: *«Түркістан Мұхтарияты жасасын!», «Мұқтарият үкіметі жасасын!»* деген ұрандар жазылған плакаттармен безендірілген еді. Мерекені ұйымдастырушы аса жігерлі, намысқой қайраткер адам Мүнауар Қари болатын. Жергілікті халықтардың рухын көтерген осы мерекеден большевиктер қатты қорықты. Митинг аяқталып ескі Ташкент тұрғындары үйлеріне қайтып келе жатқанда күтпеген жерден пулеметтер мен мылтықтардан оқ жаудырылды. Қарусыз құр қол халық басы ауған жаққа қашып, қынадай қырылды.

Түркістан өлкесіндегі қосбилікті, анархияны, қан төгісті тыю үшін Мұстафа Шоқай Мәскеуге Совнарком төрағасы Лениннің атына жеделхат жолдады. Жеделхатта Ташкенттегі большевиктер кеңесін жоюды, Түркістан Уақытша Кеңесі мен Уақытша үкіметіне сенім беру қажеттілігі айтылған болатын. Өкінішке орай жеделхатқа жауап келмеді. Ташкент большевиктері (Совнарком төрағасы Колесов) Түркістан Мұхтариятының өкілеттілігін мойындамай Түркістан Уақытша Кеңесін Қоқан автономиясы деп атап, Мәскеудің нұсқауымен, ұсынған келіссөзден бас тартты. 1918 жылдың 26 қаңтарда Ташкентте өткен большевиктер кеңестерінің съезі Автономияны және оның Уақытша үкіметін заңнан тыс деп жариялап, Түркістан автономиясын күшпен тарату жөнінде шешім қабылдады. Жауап ретінде Автономияшылар саны 2 мыңға жетер-жетпес әскери бөлім құрды, Қоқан қалалық милициясының басшысы Ергештің қол астында 4 мыңға жуық қарулы жасақ болды.

**Большевиктер Түркістан автономиясын құрту мақсатымен Қоқан маңатына 11 эшелонмен Қызыл гвардияшыларды, Ташкент әскери гарнизонын, армян құрамасын (дашнактарды), австровенгрлік соғыс тұтқындарынан құрылған әскери бөлімді топтастырып Қоқанды қанға бөктірді**. Өзін қорғайтын не армиясы, не офицері болмаған Түркістан автономиясы большевиктердің жойқын күшіне төтеп бере алмады. Оның үстіне пошта, телеграф, теміржол жаудың қолында болды. Үш күнге созылған қырғын, тонаудан кейін 150 мың тұрғынның 80 мыңы өлтіріліп, зеңбіріктермен атқыланған қала өртке оранып, қирандыға айналды. Уақытша үкімет пен Ұлттық Кеңестің 54 мүшесінің 30-ы тұтқындалды. Осылайша халық тілегіне сай құрылған Түркістан Автономиясы Мәскеу билігінің қаруымен құлатылды. Ауыр соққы алған автономияшылар ұлт - азаттық күресін тоқтатпады. «Басмашы қозғалысы» атанған партизан соғысы 10 жылдан астам уақыт қаһармандықпен жалғасты. Автономия көсемі Мұстафа Шоқай өзінің тәуелсіз Түркістан үшін күресін 1941 жылға дейін жүргізді, ақыры уландырылып өлтірілді.

**Орталық Азия халқы түбі бір, діні, тарихы, мәдениеті ортақ біртұтас халық болатын.** Кеңес өкіметі билікке келгенде халық сарттар, ортаазиялық парсылар, құрамалар, қыпшақтар, хорезмдіктер, бұқарлықтар, қашқарлықтар, сібір және Алатау қырғыздары болып бөлінетін. Орталық Азияда ұлт-азаттық күрес толастамады. «Басмашылармен» соғыс ұзаққа созылып кетті. «Басмашылардың» мақсаты Орталық Азияда біртұтас мемлекет құру еді. Бұндай сценарий қызыл отаршылардың жоспарына қайшы келді. Большевиктер бұрыннан сыннан өткен отаршылардың «бөл де, биле» тәсіліне көшті. Отралық Азияда жаңадан қалыптасып келе жатқан ұлттың негізін прагматикалық қостілді, түркі-парсы тілдес сарттар құрайтын.

**Ұлтты қалыптастыру үдерісін тоқтату үшін пантюркизм мен панисламизммен күресу идеясы қаруға алынды**. Ресей империясында 1897 жылы жүргізілген толымсыз халық санағы бойынша Орталық Азияда ең ірі этнос сарттар болып шықты. Толымсыз дейтініміз тіпті 1926 жылы жүргізілген санақтың өзінде көптеген елді мекендер тізімде де, карталарда да болмай шықты. Сарттардың саны төңкерістен кейін 3 миллионнан асып жығылатын. Мұндай өсіп келе жатқан мұсылман ұлты ұлы орыс империясын қауіпсіздігіне нұқсан келтіреді деп санаған большевиктер « сарт» этнонимін қолдануға тиым салды. Қоқан хандығының тұрғындары ресми түрде сарттарға, парсыларға, қазақтарға (көшпелі) бөлінетін. «Сарт» деген кім? Монғолдар «сарт» деп өз арийлік ерекшеліктерін сақтап қалған мұсылмандарды атаған. Арабтар Яксарт (Сырдария) өзені бойында тұрған дихандарды « сарттар» дейтін. Орыстар Орталық Азияның егіншілікпен айналысатын туземдік (жергілікті) халықты (өзбек, тәжік, қазақ, т.б.) атаған. Өзбектер түркі мен парсыдан аралас некеден туғандарды «сарт» дейтін. Қазақтар көшпелі өмірді тастап, егіншілікпен айналысатын өз туыстарын «сарт» атаған. Махмұт Қашқари: «сарт» – саудагер, керуенбасы. Масанов Н.Е. : «сарттар» – Испиджаб (Сайрам) қаласының тұрғындары. Сарттар барлық аймақтарда тұратын, ғылыми ізденістерде, ұсталықта, суармалы егіншілікте, құрлыста, қоғамдық тамақтануда , саудада, мәдениет пен дін салаларында басты роль атқаратын. Сарттар Орталық Азия халқының саны жағынан ең ірі ұйыстырушы және өсетін ұлт болатынын түсінген Қызыл империя идеологтары, КСРО-ға қауіп төндіреді деп санап, таратуға кірісті. Бұл жоспарды жедел түрде іске асыру үшін ВКП(б) – ның Орталық Азиялық арнайы Бюросы құрылды. Бюроның ішінде бірауыздық болмады. Бүркенішке Бюроның құрамына әр региондардан жергілікті халықтардың өкілдерін кіргізді. Бірақта, нақты шешім қабылдағанда олардың пікірлері ескерілмеді.

**Академик В.В. Бартольд басқарған ғалымдар тобы Орталық Азияны бөлшектеуге қарсы болды.** Ұлттық – территориялық межелеу, жасанды түрде әкімшілік шекаралар қою ғасырлар бойы қалыптасқан байланыстарды үзіп, аймақтың экономикалық дамуына теріс, орны толтырылмас нұқсан келтіреді, қоғамның дамуын көп жылдарға артқа тастайды деп санады. Сарттарды бөлшектеу де ішкі экономикалық байланыстарды үзіп, ғылыми, мәдени прогресті тежеу болады деген пікір айтты. Бұқар хандығы, Хорезм хандығы, Ферғана сияқты ірі өнеркәсіп орталықтарында тұрып жатқан әр этностан құралған халықтар жеке-жеке ұлтпыз деп санайтын: өздерін бұқарлықтар, хорезмдіктер, ферғаналықтар деп атайтын. Межелер белгіленді, өйткені бұл саяси бөліс еді. 1924 жылдың 15 қыркүйегінде Түркістан, 19 қыркүйегінде Бұқар, 29 қыркүйегінде Хорезм республикалары таратылып, бөлшектенді. Бөлшектеу нәтижесінде пайда болатын ұлттарға анықталған жаңа категориялар қабылданды. Бұрынғы атаулар күшпен жойылып өзбек, тәжік, түркімен, қарақалпақ, қарақырғыз, бадахшан деген жаңа ұлттар пайда болды. Бізге ХV ғасырда Мұхаммед Хайдар қойып кеткен «қазақ» атауы бұйырды, кезбе, көшпелі өзбек деген мағынаны білдіреді. Сарттардың көпшілігі өзбек болып, қалғандары тәжік, қазақ, қырғыз, түркімен, қарақалпақ болып жазылып кетті. Бұл тәжірибе КСРО-ның басқа аймақтарында да қолданды. Солтүстік монғолдар – бурят, батыс монғолдар – қалмақ атанды. Адыгтар үшке бөлінді: Адыгея, Черкесия, Кабарда. Бестаулықтар екіге бөлінді: Балкария, Карачай. Шығыс румын – молдован атанды.

**Тұтасып қалған елді межелеу, қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды үзу, ирригациялық жүйелерді бөлшектеу, мал өсірушілердің интенсивті жолдарын өзгерту оңайға соқпады**. 1920- 1934 жылдары белсенді түрде жүргізілген бөлініс нәтижесінде 5 «егеменді» одақтас, бір автономиялық республика, бір автономиялық облыс құрылды, олардың арасына ешқашан болмаған әкімшілік- территориялық шекара қойылды. Республикаларда бұрынғы ортақ шағатай тілінен барынша алшақтатылып жаңа «ұлттық» тілдер енгізілді. Жаңа тілдердің алшақтықтарын ұлғайту үшін жазуды араб графикасынан латыншаға, одан кейін жаңа тілдерді «байытып», орыс сөздерін қосып, жергілікті диалектерді қолданып, кириллицаға көшірді. Айналасы бір тауды қырғыздар «Алатоо», қазақтар «Алатау», музыкалық аспапты қырғыздар «қомыз», қазақтар «домбыра» дейтін болды. Қызыл отаршылар қойылған мақсаттарына жетті. 1934 жылы Орталық Азиялық Бюросы таратылды. Бөлшектеу экономикалық жағынан әділсіз, қажетсіз, зиянды болғандықтан, қойылған ұлттық – территориялық межелер 1942 жылға дейін талай өзгертілді. Бүгінгі күнге дейін «сарт» ұғымы халықтың есінен жойылған жоқ. 32 миллион Өзбекстан азаматтарының 16 миллионы іштей өздерін «сартпыз» деп санайды, қазақ ішіндегі сарт руы жүзге кірмейтін ру болып есептеледі.

«**Жергілікті ұлтшылдық» деген ұғым пайда болды. Бұрынғы мақсаттарын, жаулары кім болғанын ұмытқан, республикалар өзара таласқа көшті.** Дау тақырыптары жеткілікті: жер дауы, су дауы, тарих дауы, тарихи тұлғаларға таласу, мәдениет дауы, ... Жаңадан өніп шыққан республикалық деңгейдегі көсемшелер төрелікке Мәскеуге жүгінетін болды. Әрине, Мәскеу дауды империялық тұғырдан шешетін. Түймедей дауды, түйедей қылып қоздырып, республикалардың арасындағы жікті тереңдете білді. Кеңес билігі қандай да әрекеттерге барса да империяны сақтап алып қала алмады. 1991 жылы түркі халықтары тәуелсіздікке қол жеткізді. Әлемдік мұхиттан тыс жатқан түркі республикаларына тығыз экономикалық, мәдени байланыстар ауадай қажет. Империя ыдырағаннан кейін де 74 жыл ішінде дайындаған «құнды кадрлар» жазған жалған тарих беттері, қойылған межелер бауырлас елдердің бір-бірімен ықпалдасуына әлі күнге дейін кедергі болып тұр. Кешегі өткен, жадымыздың түбінде сақталған, тарихымызды еске алып, жаңа әлемге кіру – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Жаһандану заманында адамзат көшінен қалмау, ғаламдағы құрылымнан өз «кетігімізді» табу – Орталық Азия халқының басты мақсаты. Бұл істе 100 жыл бұрын адамзат тарихында жарқ етіп, ғайып болған, 64 күн өмір сүрген, қайсар Қоқан автономиясы тағлым болсын.

Бүгінде 300 мың халқы бар Қоқан – бауырлас Өзбекстанның гүлденген қаласы, мәдениет пен туризмнің орталықтарының бірі.

Амангелді Елтін, Павло

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/o-an-azatty-ty-aysar-ruhty-simvoly-zh-ne-aza-stan-men-orta-aziya-haly-taryny-birligini-simvoly-741548](https://yvision.kz/kk/post/o-an-azatty-ty-aysar-ruhty-simvoly-zh-ne-aza-stan-men-orta-aziya-haly-taryny-birligini-simvoly-741548)