---
title: "«Қоғамдық лекцияның» айтары бар..."
description: "Әлемнің көптеген елдерінде халық өзінің ойын ашық білдіруге тырысып жатыр. Бірақ ол қаншалықты өзіні..."
author: "Adilet_4"
published: "2014-12-07T03:01:13+00:00"
modified: "2015-01-23T14:56:28+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-amdy-lekciyany-aytary-bar-420406"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/o-amdy-lekciyany-aytary-bar-420406/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Қоғамдық лекцияның» айтары бар...

> Әлемнің көптеген елдерінде халық өзінің ойын ашық білдіруге тырысып жатыр. Бірақ ол қаншалықты өзіні...

Әлемнің көптеген елдерінде халық өзінің ойын ашық білдіруге тырысып жатыр. Бірақ ол қаншалықты өзінің жемісін беруде? Әлде керісінше ме?! Егер халықтың көпшілігі азаматтық позициясын білдірмесе, ол не болғаны? Азаматтық позиция деген не? Біреу үшін жұмысына барып келіп, бала-шағасының қамын жеу (үндемей қалу), біреу үшін әлеуметтік желіге уақыт тауып өмірінде көрген-түйгенімен бөлісу. Не болсада, жастарымыз өздерінің алтын уақыттарын тиімді, әрі пайдалы жұмсасын, өздерінің позицияларын нықтасын деген оймен, өмірден көргені мен түйгені өз алдына, ең бастысы айтары бар тұлғаларымызбен кездесетін «Қоғамдық лекция» сынды игі бастаманы қазақтың бірқатар жігіттері қолға алған болатын. Бұл жаңалық емес, бұл шет елде баяғыдан бар дүние. Бастысы, тиімді пайдалану.

Қоғамдық лекция басталғалы 12 адаммен кездесіппіз (мүмкін одан да көп). Атап өтсек Берекет Кәрібаев, Саясат Нұрбек, Тұрғын үй жинақ банкінің және қалалық тұрғын үй басқармасының өкілдері, Айдос Сарым, Бекболат Тілеухан, Расул Жұмалы, Қанат Ислам, Мәмбет Қойгелді, Олжас Құдайбергенов, Сейдахмет Құттықадам, Зейнеп Ахметова, Ғани Нығметов сынды елімізде өзіндік орны қалыптасқан тұлғалар мен мемлекет қызметкерлері. Кездесулерге барлығын қосқанда 800-ден аса көрермен келген екен. ҚЛ-ның форматы бойынша уақыт регламентін 1 сағат деп алсақ, оның жартысында лектор өзі жайлы және белгілі бір тақырып көлемінде сөз қозғайды. Кейін сұрақ-жауап жалғасын табады.

![«Қоғамдық лекцияның» айтары бар...](https://storage.yvision.kz/images/user/adilet_4/OK9hYGuVd7U2ezdDHxMZF9Xp5O4C9p.jpg)

Қоғамдық лекцияның бастапқы мақсаты-ағартушылықты дамыту өз кезегінде жемісін беруде. Әрбір келген лектор өз саласының маманы ретінде барынша сұрақтарға жауап беруге тырысса, өз еркімен «білімді арқау еткен» жастарымыздың аузынан сан қилы сұрақтар естиміз. Осы ретте ҚЛ-ның ең керемет тұсы –еркін, әрі ашық өтуі. Лектор мен аудиторияның арасындағы байланыс тақырыпты қыздыра түсіп, уақыттың шектеулі екенін де ұмытып та кеткен күндеріміз көп болған. Өз кезегінде алып шаһардың күйбең тіршілігі, уақыттың аздығы «Қоғамдық лекцияға» келетін жастарымыздың санын сейілте қоймас. Өйткені әрбір келген жастың көңіліне ой тоқып, қоржынына сандаған ақпарат жинап кететіні анық. Бұл бос кеткен уақыт емес-білімге жұмсалған уақыт. Осындай тұлғалардың жастармен еркін, әрі қарапайым түрде диалог құруы-қуантарлық жағдай. Әр тұлғаның дәрісінен кейін рухани азыққа байып, алдыға талпынатынымыз жасырын емес. «Қоғамдық лекцияның» біздерге берері көп. Әр жұманың кешінде Тұрардың атындағы экономикалық университетте кезекті кездесу.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/o-amdy-lekciyany-aytary-bar-420406](https://yvision.kz/kk/post/o-amdy-lekciyany-aytary-bar-420406)