---
title: "Құнфуццийшылдық дін бе, әлде философиялық жүйе ме"
description: "Батыс білімпаздары осы екі аралықта көп адасты. Шын мәнісінде христиандық дегеніміз не? Мұсылмандық ..."
author: "amanovaiko"
published: "2014-04-27T06:05:56+00:00"
modified: "2014-04-27T06:05:56+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/nfucciyshyldy-din-be-lde-filosofiyaly-zh-ye-me-411393"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/nfucciyshyldy-din-be-lde-filosofiyaly-zh-ye-me-411393/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Құнфуццийшылдық дін бе, әлде философиялық жүйе ме

> Батыс білімпаздары осы екі аралықта көп адасты. Шын мәнісінде христиандық дегеніміз не? Мұсылмандық ...

*Батыс білімпаздары осы екі аралықта көп адасты. Шын мәнісінде христиандық дегеніміз не? Мұсылмандық дегеніміз не? Әрі наным, әрі ілім. Қайсысы оң, қайсысы жөн? Мәселені бұлай қою, ғылыми түрғыдан алғанда, тым үстірт, біздің көзқарас тұрғысынан — күнә болар еді. Әрине, лә илаһа ил алла, Мухам­мед расул алла — Алла бір, пайғамбар хақ: біз — мұсылманбыз.* Алайда, Арабстаннан бастау алған исламның әуелде сеніммен ғана емес, қарудың күшімен де бекітіліп, келесі ғасырларда бейбіт жолмен ескі дүниенің жарым бөлігіне орнығуы әлеуметтік және тарихи заңдылық десек те, дәл қазіргі кезеңінде алып отырған аймағында үстем болуының рухани астары бар. Христиан дінінің әуелде Жерорта теңізі аумағынан өріс табуы да кездейсоқ емес. Ислам да, христианшылдық та бірнеше құрылық, жүздеген ұлтты қамтып отырған халықаралық діндер. Ал кұңфудзышылдық — ұлттық сыпаты басым, өзгеше тұрпатты наным, сондықтан ханзу жұртының шеңберінде ғана қалған. Рас, бүгінгі ханзу, бізше қытай — қисапсыз халық, қазіргі әлемде жер басып жүрген бес адамнын бірі — қытай (ал қазіргі Қытай Халық республикасының территориясы — Еуропа қүрылығына тепе-тең, яғни жарым Рос­сия, Украина, Белоруссия, күнгейдегі Балқан, күзейдегі Скандинавия, орталықтағы қаншама ел, әрідегі Анг­лия, Германия, Франция, Италия, Испания… түгел сыйып кетеді деген сөз…), бұдан жиырма-отыз жыл бұрын жер басқан төрт адамның бірі қытай болатын, бұдан мың жарым, екі мың жыл бұрын бұл жұрттың үлес салмағы одан артық болмаса, кем болмаған, тарихшылардың демографиялык, есебінше, бергі ғұн заманында, V ғасыр шамасында Қытайда елу миллион халық болыпты, біздің бабаларымыздың бас-аяғын жинағанда үш миллионнан аспады дейді, ал кейін әлемнің тұтқасына айналған Еуропада үш миллиондай ғана халық болса керек, яғни бүгінде ғана емес, бұрында да соншама байтақ жері бар, қисапсыз халқы бар Қытай өзіне өзі жетіп жатқан; ұлттық мемлекетің Аспан асты жұрты деп атауы, ата мекенін Әлемнің орталығы санауы кездейсок, емес. Міне, осы жүрттың рухани байрағына айналған конфуцийшылдық — білімдар зерттеушілердің ұйғаруынша, әдепкі дін емес, оқымысты дін, ғұламалар діні (Жу-дзиәу), анықтап айтқанда, діни ілім. Рас, ханзу жүртында, дүңгендер қабылдаған мұсылманшылықты айтпағанда, тек азиялық сыпаттағы тағы екі дін: Дау-дзиәу — Дау (Дао) діні және Ши-дзиәу — ханзулық Будда діні бар, бұл екі жолды ұстағандар да көп болыпты, бірақ конфуцийшылдық басым ғана емес, негізгі дін, дін ғана емес, ғұрып, рәсім һәм мемлекеттік, ұлттық идеология қызметін атқарды; ханзу жұртының әуелде тұтастануы, содан соң өсіп-өркендеуі, айрықша қуатқа жетуі, мәңгілік мемлекет түзуі — ең алдымен осы өзгеше ілімнің арқасы деп есептеледі.

**Конфуций негізін салды дегенмен, одан кейінгі екі-үш ғасыр орайында түпкілікті қалыптасып, өзінің нақты сыпатын тапқан діни ілімді талдап, тексеру біздің мақсатымыздан тысқары, бұл арада өзіміз үстірт байыптаған бірер мәселенің ғана ұшығын шала кетейік.**

Кез келген діннің сыртқы сипаты жөне көлденең көз үшін ең басты белгісі - рәсім, ғибадат. Бірақ кез келген ғибадаттың мәнісі, кез келген рәсімнің мағынасы- нақты бір ұғым, наным, мүрат, мақсатқа тіреледі. Конфуций ілімі табынатын үш тұрғы бар: Көк, Рух, Аруақ - Адамдар.

- Көк (Тиән) — ең биік әмірші, ғарыш, дүниені жаратушы және өз билігінде ұстап тұрушы, ежелгі түріктің, бүгінгі қазақтың Тәңірісі (Көк) іспетті.

- Рух — Көкпен жалғас, астас, сол Көктің құдыретінен нақты көрініс беретін, әлемнің қозғаушы күші іспетті өзгеше нәрсе; әуелгі қалпы — Ауа (Чи), оның екі тұрпаты бар: Иән және Ин; Иән — өніп, өсудің, Ин — тозып, өшудің көрінісі, осы екеуінің мәңгілік бірлігі әлемдегі тіршіліктің көзі болып табылады. Рух ұғымының мағынасы кең, салалас: халықтық нанымда ізгі рух бар, зұлым рух бар, бұл – оқымыстылар қалыптаған Иән мен Иннің басқа бір кебі; сонымен қатар Жердің рухы, Күннің, Айдың рухы, өзеннің, таудың, бұлт пен найзағайдың, жел мен жауынның рухтары бар; діни жоралғы бойынша осылардың бәріне де тиесілі құрбандық шалынып отырады.

- Табыну мәртебесіне кетерілген бұрынғы Адамдар, қазақша айтқанда Аруақ үш түрлі болады: Әулиелер, Даналар, Дегдарлар. Конфуцийшылар әулие тұтып, та­бынатын, тиесілі құрбандық атайтын әулиенің ұзын са­ны он бес: әуелгі он — ежелгі заманның ұлы патшалары, он бірінші — Конфуций, ең соңғы, он бесінші — Конфуций ілімін бір жола тиянақтаған, м.д. 372-289 жылдар аралығында жасаған атақты оқымысты Міңзы. Әулие, Дана, Дегдарлармен қатар әркім өз атасына құрбан шалуы — міндетті рәсім болған. Әрине, аталмыш ерекшеліктердің барлығы да тек осы Конфуций іліміне ғана тән, таза ұлттық тұрғыдағы наным мен рәсім. Мұның бәрі — сыртқы қаңқа, ішкі тірек, ұстындар. Ал ілімнің түпкілікті мән-мағнасы мен мақсат-мұраты жалпы адамзаттық қасиеттен бөтен туыс танытпайды, кісі ұғылына тән құлықтық, ізгілік негізінде ұйысқан. Бұрынғы, соңғы зерттеушілердің байыбынша, Конфуций ілімінің өзегі бес тармақ арқауға құрылған, бұлар: кісілік, әділдік, рәсім немесе құлықтылық, ақыл немесе білімдарлық, адалдық. Айналып келгенде, өзіндік салт, жоралғылардың барлығы да осы бес асыл қасиетті және солардан туындайтын тағы қаншама игілікті бекітетін тәсіл, құрал ғана дер едік.

 

*Қарап отсақ, Конфуций ілімі талай ғасырлар бұрын пайда болғанына қарамастан әлі күнге дейі өз маңызын жоймай келеді. Ол бүкіл дүниежүзі елдері оқитын және Қытай халқы пір тұтатын ілім ретінде сақталып келеді. Мұның өзі бұл ілімнің аса терең даналыққа, ақыл-ойға негізделгендігінің белгісі. Тіпті, оның ұлылығы соншалық – бұл ілім қағидалары, талай заман өткеніне, талай қоғам ауысқанына қарамастан, өзінің маңызын, мәнін жоймай келеді. Керісінше, дәл бүгінгі таңда моральдық, рухани құндылықтар тапшылығын көріп отырған қоғамда одан сайын актуалды бола түскен сияқты. Егер әрбір адам осы идеяларды мұқият зерделеп, өз өмірінің басшылығына алса, онда қоғамның тура жолға түсетіні, онда гармония мен үйлесімділік орнаған идеалды мемлекеттің қалыптасатындығы күмәнсіз. Тәртіпті қоғам үндестігі мен иделды, адамгершілігі мол адам туралы идеялардың бірлігі конфуцийшылдық деп аталатын ілімді құрды. «Учитель редко говорил о выгоде, воле неба и человеке… Он не вдавался в пустые размышления, не был категоричен в своих суждениях, не проявлял упрямства и не думал о себе лично».*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/nfucciyshyldy-din-be-lde-filosofiyaly-zh-ye-me-411393](https://yvision.kz/kk/post/nfucciyshyldy-din-be-lde-filosofiyaly-zh-ye-me-411393)