---
title: "Өнер тарландары мен дарындыларына «Еңлікгүл»"
description: "27наурыз күні Халықаралық театр күніне орай М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма..."
author: "mereika_91"
published: "2011-04-02T10:33:07+00:00"
modified: "2011-04-02T10:33:07+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/ner-tarlandary-men-daryndylaryna-e-likg-l-139642"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/ner-tarlandary-men-daryndylaryna-e-likg-l-139642/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Өнер тарландары мен дарындыларына «Еңлікгүл»

> 27наурыз күні Халықаралық театр күніне орай М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма...

27наурыз күні Халықаралық театр күніне орай М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрына бардым. Ол күні Қазақстан Театр қайраткерлері одағының өнер тарландары мен дарындыларына «Еңлікгүл» атты кәсіби сыйлығы табыс етілді.

«Еңлікгүл» сыйлығы Қазақстанның әр аймағындағы драма театрларда халыққа рухани азық беріп жүрген талант, дарын иелеріне құрмет көрсету үшін дүниеге келген болатын. Өткен жылы 4 номинация бойынша сыйлықтар үлестірілсе, биылғы жылы оның саны жетеуге жетіпті. Театр қайратерлер одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың айтуынша, елімізде 52 мемлекеттік театр бар екен. Осы театрлардың 10-ы жеке меншік және онда 3480 өнер майталмандары еңбек етеді екен. Өнер иелерінің кәсіби мерекелерінде марапаттауды Қазақстан аймағымен шектеліп қалмай, оны кең ауқымда Халықаралық дәрежеде өткізуді мақсат еткенін де атап өтті танымал актер. Биыл екінші рет өткізіліп отырған шарада әр номинацияда 2 үміткер бақ сынасты. Оның біреуі міндетті түрде жеңімпаз атанса, екіншісі дипломант атағына ие болды. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай беріліп отырған биылғы «Еңлікгүл» сыйлығының орны ерекше. Онда биылғы үздіктер де анықталды. «Жыл актері» аталымы Лермонтов атындағы драма театрының актері - Виталий Бодрянсовке бұйырды. Сондай марапатпен «Жыл актрисасы» атағы - Жамбыл облыстық драма театрының майталман әртісі Гүлшат Қыпшақованың қанжығасына байланды. Режиссерлік шешімдермен көзге түскен Жамбыл облыстық драма театрының режиссері - Қуандық Қасымов «Жыл режиссері» мәртебесіне қол жеткізді. «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясы - Қарағанды музыкалық комедия театрының актері Владимир Суховқа «Жылдың опералық балеттік партиясы» Абай атындағы опера және балет театрының солисті Болат Есімхановқа бұйырды. Жансыз қуыршааққа тіл бітіріп, қимыл қозғалыс арқылы көрермен жүрегіне жол табудың өзі бір өнер. Сол қиын өнерді қапысыз меңгеріп жүргендердің бірі - Маңғыстау облыстық қуыршақтар театрының актері Ержан Бегашев «Қуыршақ театрының жыл өнерпазы» номинациясын жеңіп алды. Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театрының бас суретшісі Әсия Құрманәлиева - Жылдың театр суретшісі» аталымына иелік етті.

Бұдан өзге «Жыл драматургі» номинациясын Корей театарының драматургі - Цой Ен Гым, «Жылдың озық театртанушылық мақаласын» М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының театртану бөлімінің ғылыми қызметкері Исламбаева Зухра олжалады. Шымкенттегі Ж. Шанин атындағы облыстық драма театрының менеджері ө Белаусова Марина «Жылдың озық менеджері» сыйлығын иемденсе, «Жылдың озық музыкалық көркемдеушісі» сыйлығына Астанадағы Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдеушісі Жұмашев Амантай ие болды. Ал, М. Әуезов атындағы драма театрдың жарық берушісі - Левина Надежда «Жылдың озық жарық берушісі» атағын иемденді.

Салтанатты кешке «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Алматы қалалық әкімшілік демеушілік жасағанын айта кету керек. Мерекелік шараны «Ақсарай», «Інжумаржан», «Орда», «Салтанат» топтары айшықтай түсті. Бұл кеш өте үлкен дайындықпен ұйымдастырылған. Мен ерекше әсерде қалдым. Көңілім бір жайланып сала берді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/ner-tarlandary-men-daryndylaryna-e-likg-l-139642](https://yvision.kz/kk/post/ner-tarlandary-men-daryndylaryna-e-likg-l-139642)