---
title: "Назгүл Нұрбаева — Жобалық басқаруға деген бетбұрыс"
description: "Назгүл Нұрбаева - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы Техника мен технология ..."
author: "kzppp"
published: "2016-04-27T04:48:27+00:00"
modified: "2016-04-28T00:31:02+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/nazg-l-n-rbaeva-zhobaly-bas-aru-a-degen-betb-rys-690567"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/nazg-l-n-rbaeva-zhobaly-bas-aru-a-degen-betb-rys-690567/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Назгүл Нұрбаева — Жобалық басқаруға деген бетбұрыс

> Назгүл Нұрбаева - Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы Техника мен технология ...

***Назгүл Нұрбаева -*** ***Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы***

![Назгүл Нұрбаева — Жобалық басқаруға деген бетбұрыс](https://storage.yvision.kz/images/user/kzppp/5c9r9o4287FHcTzF1XLDVQDcy43re2.jpg)

**Техника мен технология дамып, барлық саладағы әлемнің озық үлгілерін өзімізге өлшеп көрген сайын, біздің елде де әртүрлі мамандықтар, сан түрлі салалар ашылып жатады.** **Соның** **бірі,** **әрі** **бірегейі** **ЖОБАЛЫҚ** **МЕНЕДЖМЕНТ****.**

**Екі сөзді екі бөлек қарастырсақ, мағынасын бүгінде жұрттың бәрі біледі.** **Дегенмен****, «****жоба****»** **ұғымы** **адамның** **алған** **тәжірибесін** **синтездеуге** **үйрену****,** **білімді** **қалыптастыру** **және** **мақсаттарын** **жоспарлаудан** **басталатын** **өзінің** **түпкілікті** **тамырлары** **бар** **адамзат** **өміріндегі** **құбылыс****.** **Мұнда** **адам** **оған** **берген** **әлемді** **түрлендіріп****,** **білімі** **мен** **еңбегінің** **арқасында** **мақсаттарына** **қол** **жеткізе** **отырып** **дамиды****.** **Өзі** **ғана** **емес****,** **айналасын****,** **қоршаған** **ортасын****,** **қоғамды****,** **қала** **берді** **мемлекетті** **өркениет** **көшіне** **ілестіреді****.** **Ал** **енді** **басқару** **деген** **мағынадағы** **«****менеджмен****т****»** **сөзімен** **байланысқанда** **не** **береді****?** **Оның** **өнімі** **не****?**

Әуелі жобалық менеджменттің атқаратын қызметін түсіндірмес бұрын, бірнеше мысалға көз жүгіртейік.

![Назгүл Нұрбаева — Жобалық басқаруға деген бетбұрыс](https://storage.yvision.kz/images/user/kzppp/Z1s3o0t6Sn5mKc7XcB0O34SqMWlz3f.jpg)

Әлемдегі алып әрі көз тартатын ғимараттардың бірі – Австралияның символына айналған Сидней опера ғимараты. Өткен ғасырдың 73 жылы королева Елизаветаның қатысуымен ашылды. Бір қарағанда ешқандай кедергісіз бір деммен салынған сияқты көрінеді. Алайда ол да көптеген үлкен ғимараттар секілді, ұзақ әрі сатылы түрде салынды. Алғашқы жобасы 1959 жылы басталып, үш жылдан кейін жобаның бюджеті үш есе өскен. 1966 жылы даниялық архитекторы Йорн Уотсон жобадан босатылып, 1967 жылы жаңа архитектор тағайындалады сөйтіп, жоба 1973 жылы ғана аяқталады. Жобаның басынан аяғына дейін ғимараттың шығыны он есеге өскен. Ал енді жоба табысты іске асырылды деп айта аламыз ба?

Сондықтан жобаның басталу кезеңінде оның барлық көрсеткіштері нақты айқындалуы және тиісті дәрежеде жоспарлануы тиіс, жобаның одан әрі іске асырылуы осыған тікелей байланысты болып табылады.

***Ірі*** ***жобалардың*** ***іске*** ***асырылуының*** ***негізгі*** ***басқарушылық*** ***қателіктері******:***

- *Жобаның* *мақсаты**,* *көретін* *нәтиже* *мен* *орындау* *мерзімі* *айқындалмаған**;*

- *Жобаның* *стратегиясы* *мен* *іске* *асыру* *жоспары* *шикі* *әзірленген**;*

- *Жобаны* *басқару* *сауатты* *әрі* *кәсіби* *ұйымдастырылмаған**;*

- *Жобаға* *қатысушылардың* *мақсат**-**мүдделеріндегі* *қайшылықтар**;*

- *Жобаның* *ішкі* *және* *сыртқы* *ұйымдармен* *тиімсіз* *байланысы**.*

Осындай ірі жобаларды қаржыландырумен айналысатын Дүниежүзілік банкі әлемнің әр елінде осы сынды 157 жобаны қаржыландыру барысында түрлі қиындықтарға тап болған. Ірі инфрақұрылымдық жобалармен байланысты негізгі проблема тапсырыс берушінің, жоба менеджерінің және мердігердің атқаратын қызметтерінің дұрыс белгіленбеуі және жауапкершілік шеңберінің айқындалмауы болып отыр.

Міне, сол себепті де қазіргі уақытта ең тиімді өзгерістерді басқару әдісі жобалық менеджмент. Жобалық менеджмент (Project Management) – бұл бірінші кезекте дамуы төмен заңнама және салық жүйелерімен, бағалардың өсуін әлсіз бақылау мен ресурстар дефицитімен, тұрақсыздық және белгісіздік жағдайларында өзгеріс шарттары және даму жүйелерінде тиімді басқарудың универсалды технологиясы мен жобаларды әзірлеу мен іске асыру құралы.

Егер мемлекетке, қоғамға немесе кәсіпорынға даму және өсу, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, міндет пен мақсаттарын іске асыру үшін кешенді проблемаларды шешу қажет болса, ең жақсы әдіс – бұл оң тәжірибе базасында басқаруды стандарттау.

![Назгүл Нұрбаева — Жобалық басқаруға деген бетбұрыс](https://storage.yvision.kz/images/user/kzppp/fcj33880s4wVG50qIFsP15XY3r3iH6.jpg)

АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия, Ресей Федерациясы және т.б. елдерде өздерінің жобаларды басқарудың ұлттық стандаттары бекітілген.

Жобаларды басқаруда заманауи тәсілдер ХХ ғасырдың 90 жылдарынан бастап қалыптаса бастады. Барлық стандарттар сақталып жүзеге асқан жоба ретінде Парсы шығанағының жағасындағы Катар мемлекетіндегі сұйылтылған газ шығару зауыты және оған қызмет көрсету бойынша теңіз терминалын айтуға болады. Жүзеге асырған негізгі мердігер Жапонның «Chiyoda» компаниясы. 1993-1998 жылдары жүргізілген бұл құрылысқа әлемнің елу елінен шамамен екі мыңға жуық компания қатысқан. Жобаның бюджеті шамамен $1,7 млрд. Бұл жоба кәсіби басқару және заманауи ақпараттық технологияларын, оның ішінде Intel Sat спутнигі мен Интернет ғаламдық желісі арқылы телекоммуникациялар: Electronic Data Management System (EDMS), Global Communication System, Project Material Management System, New Project Management Tools, Project IT қолдану арқылы жүргізілді. Жобаны әбден пысықтау, өндірісті ұйымдық-технологиялық дайындау, жұмыстарды кешенді жоспарлау, жобаның ілгерілеу жұмысына тұрақты мониторинг жүргізу және оның негізгі параметрлерін бақылау, сонымен қатар белгіленген көрсеткіштерден орынсыз ауытқу және пайда болған проблемаларды шешу бойынша шешімдерді уақтылы қабылдау нәтижесінде жергілікті кадрлар болмауына қарамастан (құрылыс жұмыстары кезінде алаңда тоғыз мың адамға дейін жұмыс атқарды) Араб шөлінің қиын жағдайларында іске асырылған бұл жоба талап етілген сапамен сәтті аяқталды. Ең маңыздысы – жоғарыда айтылған қиындықтарға қарамастан бастапқыда белгіленген бюджет 11% үнемделген, жоба жоспарланған мерзімінен сегіз ай бұрын аяқталған. Міне, дұрыс әрі сауатты жобалық менеджменттің жемісі!

ҚХР-нда 15 күн ішінде 30 қабатты үй құрылысының мысалы таңғаларлық! Бұл жобаның менеджерлері жете жоспарлаудың арқасында фантастикалық жылдамдық көрсетумен қатар әлемдік стандарттардан 20 есе жоғары қоршаған ортаның зиянсыздығына қол жеткізді! Бұдан басқа, материалдарды алты есе және энергияны бес есе үнемдеуге қол жеткізілді.

Бұндай сауатты жоспарланып, сәтті аяқталған мысалдарды да көптеп келтіре беруге болады.

Статистикаға жүгінетін болсақ, жобалық басқару құралдарын тиімді қолдану жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға жұмсалатын қаражатты шамамен 15-20%-ға, уақытты 20-30%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді екен.

«Жобалық басқару – күрделі жобаның құрылымын дамыту әдісі, мұнда уақыт, құн, ресурстар және адамның мінез-құлқы тәрізді тәуелсіз ауыспалы өлшемдері ұштасады» - дейді Рори Бурке, Enablement кәсіпорнының аға жоба менеджері (Стэмфорд, АҚШ).

Сарапшылардың бағалауы бойынша әлемде 24,4 млн. аса маман әр түрлі салаларда түбегейлі өзгерістер жүргізу, жаңа өнімдер мен қызметтерді құру бойынша жобалық бағыттағы қызметке тартылған. 2016 жылы бұл көрсеткіш 32,6 млн. дейін өседі деген болжам бар. Яғни, жыл сайын бұл мамандарға деген сұраныс та арта түседі деген сөз.

Қазақстанда жобалық менеджмент саласында оң өзгерістер 2014 жылы басталды. Өткен жылдың қазан айында «Жобаларды басқару бойынша нұсқаулық» СТ РК ISO 21500:2014 стандарты қабылданды, биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Былтыр 27 қараша күні Астанада I Халықаралық жобалық менеджерлердің конгрессі өткен болатын. Сол жиында отандық және шетелдік сарапшылар «Қазақстанның мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ-ын мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша жобалық офис ретінде тану идеясын көтерді. Және бұл ұсыныс сарапшылар тарапынан қолдау тапты.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының қызметі инвестициялық жобалармен тікелей байланысты. 2015 жылдың қараша айында «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» жаңа заң қабылданған болатын. Осы заңның қабылдануына байланысты МЖӘ Орталығын мемлекеттік органдар үшін жобалық офис ретінде қалыптастыру, Think Thank орталығына айналдыру тұжырымдамасын іске асыруды мақсат етіп отыр. Бұл бағытта мемлекеттік органдардың жобалары, салалық бағдарламалар, жол карталарын әзірлеу барысында МЖӘ Орталығы жинаған білім және тәжірибе базасында, ақпараттық басқару жүйелері, жобалық офис активтері арқылы сервистік қызметтерін көрсететін болады.

Яғни, бұл сала кенже дамып, енді ғана қолға алынып жатқанымен жарқын болашаққа ұмтылған біз секілді жас мемлекет үшін өте маңызды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/nazg-l-n-rbaeva-zhobaly-bas-aru-a-degen-betb-rys-690567](https://yvision.kz/kk/post/nazg-l-n-rbaeva-zhobaly-bas-aru-a-degen-betb-rys-690567)