---
title: "Наурыз мерекесінде Маңғыстау облысының орталығында «Динамо» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті."
description: "Спорт кешені облыс әкімдігінің қолдауымен тұрғызылды. Салтанатты шарада облыс әкімі Алик Айдарбаев ж..."
author: "DVD_Mangistau"
published: "2016-05-31T00:09:28+00:00"
modified: "2016-05-31T00:11:33+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/nauryz-merekesinde-ma-ystau-oblysyny-ortaly-ynda-dinamo-sport-keshenini-ashylu-saltanaty-tti-694921"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/nauryz-merekesinde-ma-ystau-oblysyny-ortaly-ynda-dinamo-sport-keshenini-ashylu-saltanaty-tti-694921/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Наурыз мерекесінде Маңғыстау облысының орталығында «Динамо» спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті.

> Спорт кешені облыс әкімдігінің қолдауымен тұрғызылды. Салтанатты шарада облыс әкімі Алик Айдарбаев ж...

Спорт кешені облыс әкімдігінің қолдауымен тұрғызылды. Салтанатты шарада облыс әкімі Алик Айдарбаев жаңа кешеннің тәртіп сақшыларының денешынықтыру дайындығын арттырып, саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынғандығын атап өтті. «Барлық құқық қорғау органы қызметкерлерін бүгінгідей айтулы оқиғамен құттықтаймын. Ішкі істер органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру саласы қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыс деңгейін төмендету мақсатын көздейді. Ендеше, полиция қызметкерлері өздеріне жүктелген тұрғындардың сенімін ақтап, өз міндеттерін әділ де адал атқарады деп сенеміз», – деді ол. «Динамо» спорт кешенінің жаңа ғимараты облыстық ІІД-нің аумағында орналасқан. Екі қабатты ғимаратта волейбол, футбол, бокс, пантратион, қоян-қолтық ұрыспен айналысуға болады. Жекпе-жек, күрес, теннис залдары бар. Сондай-ақ, жаңадан пайдалануға берілген кешенде заманауи жабдықтармен жабдықталған 25 метрлік жабық тир бар. Гардероб, киім ауыстыратын орын, душ бөлмелері және тағы да басқа жайлы жағдайлар спортпен шұғылданушылар үшін жасалған. «Бұл көпсалалы спорт кешені құқық қорғау қызметкерлерінің спортпен айналысуына арналған. Олардан басқа мұнда жас динамошылар да спортпен шұғылдана алады. Сондай-ақ, спортшы полицейлер де осында шеберліктерін шыңдайтын болады. Спорт кешенінде бір мезгілде 150 адамға дейін спортпен айналыса алады», – деді «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамы төрағасының орынбасары Игорь Садыкин. Маңғыстау облыстық ІІД-нің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбековтің айтуынша, «Динамо» спорт кешенінің бұрынғы ғимараты 22 шағын ауданда орналасқан. Жарты ғасырға жуық тарихы бар ғимарат күрделі жөндеуге мұқтаж болатын. «Құқық қорғау органдары алдында қылмыстың алдын алу және жолын кесу бойынша үлкен міндеттер тұр. Ал ол үшін кәсіби және әскери дайындықты ұдайы арттырып, спорттық шеберліктерді шыңдап отыру қажет. Жаңа нысанды тұрғызудағы мақсат да осы. Жеке құрам арасында облыс, республиканың намысын халықаралық жарыстарда лайықты қорғап жүрген спортшылар көп. Алдағы уақытта да әріптестеріміз «Динамоның» жеңісті тарихын жалғастыра береді деп сенеміз», – деді облыстық ІІД-нің бастығы Қайрат Дәлбеков. Спорттық кешеннің салтанатты ашылуында спортшы полицейлер, ІІО ардагерлері, түрлі құрылым өкілдері қатысты. Спорт алаңындағы ең бірінші допты облыс әкімі Алик Айдарбаев берді. Осы доппен құқық қорғау органдары арасында футболдан және волейболдан чемпионат басталды. Сегіз команда қатысқан жарыстарда жаңа ғимараттың іші жанкүйерлер дауысына тұнып тұрды. Ойыншылар жаңа залда ойнағанның өзіндік ерекшелігі барын, әсіресе, ойнауға өте ыңғайлы екендігін және жеңіске деген сенім беретінін айтады. «Осы кешенде біз жаз мезгілінде қоян-қолтық ұрыстан ІІМ-нің чемпионатын өткізетін боламыз. Сол кезде келген қонақтарымыз тек жаңа ғимараттың ғана емес, біздің өлкенің ең басты байлығы жадыраған күн және шалқыған теңіздің қызығына бататын болады», – дейді «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамы төрағасының орынбасары Игорь Садыкин.

**Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/nauryz-merekesinde-ma-ystau-oblysyny-ortaly-ynda-dinamo-sport-keshenini-ashylu-saltanaty-tti-694921](https://yvision.kz/kk/post/nauryz-merekesinde-ma-ystau-oblysyny-ortaly-ynda-dinamo-sport-keshenini-ashylu-saltanaty-tti-694921)