---
title: "Нағашысына тарқан қара ұл немесе сиыр туралы сыр"
description: "Нағашысына тарқан қара ұл немесе сиыр туралы сыр! Алаш жұрты «Ат – ер қанаты» деп жылқыны аса құрмет..."
author: "Fvfylsr"
published: "2019-08-26T13:46:11+00:00"
modified: "2019-08-26T13:46:11+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/na-ashysyna-tar-an-ara-l-nemese-siyr-turaly-syr-839397"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/na-ashysyna-tar-an-ara-l-nemese-siyr-turaly-syr-839397/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Нағашысына тарқан қара ұл немесе сиыр туралы сыр

> Нағашысына тарқан қара ұл немесе сиыр туралы сыр! Алаш жұрты «Ат – ер қанаты» деп жылқыны аса құрмет...

![](https://storage.yvision.kz/images/user/346450/8c4e7678a27206405229273cef182f.jpg)

Нағашысына тарқан қара ұл немесе сиыр туралы сыр! Алаш жұрты «Ат – ер қанаты» деп жылқыны аса құрметтейді, мінсең – көлік, жесең – ет, ішсең – қымыз дегендей. Ал, қой туралы «малды бақсаң қойды бақ, май кетпейді шарадан» деп атам қазақ бекер айтпаған-ау. Жалпы, жұртымыз әуелден сиырға қырын қараған сияқты, олай дейтін себебім «қарасан келгір» деп бәлендей жақтыра қоймайды. Басқа үй жануарларына қарағанда кеш қолға үйретілген cекілді. Ұстазым Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, ұлтымыз қазақ-қалмақ соғыстары кезінде жұртта қалған сиырларды ұстап, жерсіндірген сияқты. Бір қызығы сиырдың пірі Зеңгі баба қорымы өзбек жерінде екен. Бірақ, менің айтпағым сиырға қатысты мына сыр еді. Әке-шешеміз өте балажан кісілер, үйдегі үлкендерімізді Ақ Сәбен, Ақ Ғабен, Ақ Қалдан, Ақ Мақантай деп еркелетеді де отырады, маған келгенде Қара ұл деп дүңк еткізеді. Расында үлкендеріміз аққұбаша келген де, мен қара торымын (бірақ, өзімде қара торымын деп есептемеймін). Нағашыңа тартқансың дейді, ұлы нағашым Батырғали деген кісі екен. Батырғалидың мінезін білмеймін, бірақ, ісі жақсы. Олай деп отырған себебім, 1930 жылдары қазақ даласын шарпыған ашаршылықта атам – Әмірхамза «цинга» деген аурумен ауырады. Сөйтіп, ол кісі цинга ауруынан көз жұмады. Аурудың белгісі - адамның бүкіл тістері түсіп, қызыл иек болып қалады екен. Цинганың бірден-бір емі жуа. Атамыз марқұм: «Ой, дүние-ай, Қорған (Қыпшақ Сейітқұл атамыз салдырған қорғанның жұрнағы еді) мен Жуалы түбектің жуасына жете алмадым-ау...» - деп қамығып жатады екен... Атамыз қайтыс болар кезде руы Дәулетбике, Ербатыр деген досына (әжеміз Шынардың да руы Дәулетбике): «бір түйір ұлымды тапсырдым» дейді. Еміс-еміс түсінгенім топты бала-шағасы бар ол кісі және Шынар әжем ұлы Қорғанмен бір уақыт бауыры Батырғалимен бәрі бірге тұрады. Сонда, Батырғали нағашымыз Сабыр Батырғалиұлы, Ипан Молдағалиұлы сияқты өз және бауырының балаларынан бөлектемей Қорғанға да жанашырлықпен қарап, бәрі бір сиырдың сүтін талғажу қылыпты. Ол заманда қорадағы сиырыңды айдап кететін уақыт қой, топты жан қорадағы жалғыз сиырын қарауылдапты, сөйтіп аштықтан аман қалыпты. Әкемнің айтуынша Батырғали нағашымыз қолындағы наны болсын, майы болсын пышақтың қырындай қылып бәріне әділ бөліп береді екен! Не деген бауырмалдық, туысқандық десеңізші, сөйтіп бір сиыр қаншама жанның аман қалуына себеп болды. Cуретте Торғай жерінің Көкалат ауылындағы сиырлар, фото авторы Данил Потапов-Поличинский!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/na-ashysyna-tar-an-ara-l-nemese-siyr-turaly-syr-839397](https://yvision.kz/kk/post/na-ashysyna-tar-an-ara-l-nemese-siyr-turaly-syr-839397)