---
title: "Нұрсұлтан Назарбаев Италияның EXPO-2015 көрмесі өтіп жатқан Милан қаласына жұмыс сапарымен барды"
description: "Мемлекет басшысы Миландағы Қазақстанның Ұлттық күнінің басталу рәсіміне қатысты. Жер-жиһан тұтас шал..."
author: "TRK_kaz"
published: "2015-06-28T05:17:00+00:00"
modified: "2015-07-02T18:45:53+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-rs-ltan-nazarbaev-italiyany-expo-2015-k-rmesi-tip-zhat-an-milan-alasyna-zh-mys-saparymen-bardy-518351"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-rs-ltan-nazarbaev-italiyany-expo-2015-k-rmesi-tip-zhat-an-milan-alasyna-zh-mys-saparymen-bardy-518351/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Нұрсұлтан Назарбаев Италияның EXPO-2015 көрмесі өтіп жатқан Милан қаласына жұмыс сапарымен барды

> Мемлекет басшысы Миландағы Қазақстанның Ұлттық күнінің басталу рәсіміне қатысты. Жер-жиһан тұтас шал...

Мемлекет басшысы Миландағы Қазақстанның Ұлттық күнінің басталу рәсіміне қатысты. Жер-жиһан тұтас шалқып отырған жоқ. Дастарханынан ит-мысығын тамақтандыратын бай-бағландарды айтпаймыз, талшық етер бір тілім нанға зар жарлы-жақыбайлар саны кемімей отыр, қайырым жоғалған заманда әсілі, кемімейтін де шығар.

![Нұрсұлтан Назарбаев Италияның EXPO-2015 көрмесі өтіп жатқан Милан қаласына жұмыс сапарымен барды](https://storage.yvision.kz/images/user/trk_kaz/4d8WxL9HhYI46PhO52fH3CEEpg3Ttv.jpg)

«Планетадағы әр тоғызыншы тұрғын аш. Ал, 2 миллиардқа жуық адам семіздікке шалдыққан», дейді сандар. Италияның Милан қаласында өтіп жатқан EXPO-2015 халықаралық көрмесі осы бір жаһандық мәселені шешуге аса ықыласты. «Ғаламшарды азықтандыру. Өмір үшін энергия», деп аталатын ірі көрме мамырда басталған еді. Бақандай 5 айға жалғасып, қоңыр қазанның соңына қарай тарқайды.

Кеше Италияға арнайы сапарлаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы Миландағы Қазақстанның Ұлттық күнінің басталу рәсіміне қатысты. Жалпы, мұндай алпауыт көрме енді екі жылдан соң бізде өтетінін ескерсек, бұл Қазақстан үшін үлкен әзірлік, ауқымды сынақ. Екіншіден, бұл Астана EXPO-2017 көрмесін жаһан жұртшылығы алдында жарнамалауға таптырмас мүмкіндік. Ал, Миланға келсек, шаһар көрмеге қатысушы мемлекеттер салған павильондар саны бойынша рекордтық көрсеткіш орнатты. Мысалы, соңғы Шанхайдағы көрмеде павильондар саны 42 болса, Миланда ‒ 53. Ал, көрмеге қанша ел қатысып жатыр? 200 футбол алаңын аумағына сыйдырған Миланға не тәйірі, 144 мемлекеттің басын біріктірген.

Әр мемлекеттің отауы алыстан мен мұндалайды. Туристерді үйіріп әкету үшін көрмеге қатысушылар бар шығармашылығын салған. Бразилия кіре беріске есік орнына тор орнатып, қонақтарын күлдіріп алады.

Ал, Азия елдері қашаннан экзотикалық өсімдікке бай. Павильонды солардың сабағынан өрді. Корейлер минимализмге бейім. Көпті шешімімен таң қалдырған оймақтай ел - Монако. Кәдімгі жүк контейнерлерінен экспозиция жасақтады. Тірек тақырып «Ғаламшарды қалай асыраймыз? Өмір үшін энергия». Әр ел бұл сауалға өзінше жауап іздейді...

**Бурги Маргино, турист:**

Үлкенді-кішілі павильондар әртүрлі материалдардан соғылыпты. Бірі ағаштан, бірі өсімдіктен, бірі темірден, бірі тіпті азық-түліктен мұнара соғыпты. Аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын еңселі Қазақстан көрмесін бір күнде бес мыңға жуық турист тамашалайды. Тек бір айда 130 мың адам келген. Павильон шаруашылықтағы басты дақыл - жүгері мен бидайдың масағын еске салады. EXPO қонақтары көп таңдайтын бес үйдің бірі - шағын қазақстандық ауыл. Оның ең үлкен себебі – экспозицияның тартымдылығында. Көрменің төрінде күні кеше қазақтың көк байрағы көтерілді. Қазақстанның Ұлттық күні тойланды. Шараға Мемлекет басшысы қатысып, EXPO қонақтарын Астанаға шақырды. Өйткені, тура екі жылдан кейін біздің бас қала Миланнан эстафетаны қабылдайды.

**Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:**

«Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен Астанада өтетін алдағы EXPO-2017 көрмесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Энергетикалық қауіпсіздік азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағытының бірі. Миландағы басқосуда басталған диалог елдердің, халықаралық ұйымдар мен бизнестің арасындағы өзара ықпалдастыққа серпін береді және Астанада жалғасын табады. Қатысушылар мен қонақтар біздің байырғы мәдениетіміз және бай тарихымызбен танысып, бүгінгі Қазақстанның жетістіктері мен жоспарлары жөнінде көбірек біле алады. Біздің елді жақынырақ таныған соң Сіздердің міндетті түрде 2017 жылы Қазақстанға баруға құштарлығыңыз оянатынына сенімдімін.

Құммен шыны үстіне салынған сурет, одан әрі ұлттық мұрағаттан алынған құнды естеліктер. Бұл жәдігерлер отандық ауыл шаруашылығы саласының даму кезеңдерін баяндайды.

Қазақ отауының қонақтары алдымен сары қымыздан дәм татады. Қазақстанға виртуалды саяхат жасайды. Әр алуан өсімдіктер әлемі, шабындықтар, «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін жануарлардың өзіндік ерекшеліктерімен танысады.

Мұнда тіпті дала қызғалдағының иісін де сезінуге болады. Ал, Алматы апортының көлемін көргенде саяхатшылар еріксіз тамсанады.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/n-rs-ltan-nazarbaev-italiyany-expo-2015-k-rmesi-tip-zhat-an-milan-alasyna-zh-mys-saparymen-bardy-518351](https://yvision.kz/kk/post/n-rs-ltan-nazarbaev-italiyany-expo-2015-k-rmesi-tip-zhat-an-milan-alasyna-zh-mys-saparymen-bardy-518351)