---
title: "Нәпсім семіріп кетті..."
description: "(Сықақ әңгіме) Боқаш көптен бері джип ізін салмаған ауылдағы үйге асыға-үсіге келді де, қарттық жеті..."
author: "kunduz"
published: "2014-07-29T06:00:03+00:00"
modified: "2014-08-08T06:01:29+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-psim-semirip-ketti-423271"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-psim-semirip-ketti-423271/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Нәпсім семіріп кетті...

> (Сықақ әңгіме) Боқаш көптен бері джип ізін салмаған ауылдағы үйге асыға-үсіге келді де, қарттық жеті...

***(Сықақ әңгіме)***

Боқаш көптен бері джип ізін салмаған ауылдағы үйге асыға-үсіге келді де, қарттық жетіп, таяғына сүйеніп зорға отырған шешесіне: «Апа, не істесем екен, нәпсім семіріп кетіпті» деді, амандық-саулықтан соң.

Боқаштың ауылға келмей кеткеніне 5 жылдан асқан. Анасы өзге ұлдарына қарағанда осы Боқашына көп алаңдайды. Шешей таяғына сүйеніп алады да, таң атқаннан кеш батқанға дейін қаладан келгендердің әңгімесін аңдиды, пыш-пыш, ду-ду гәпқа қалай жақын болып кеткенін сезбей қалды. Бірде көршісі Бәтима қаладан келді дегенді естіп, иттерін шулатып үйіне кіріп барған.

![Нәпсім семіріп кетті...](https://storage.yvision.kz/images/user/kunduz/5snpITo4B2yv6yFZRtW7dEL80syji4.jpg)

Сонда бар сұрағаны Боқаштың жайы. Бәтима болса, міз бақпастан, «апа, сол бір кісіге пайдасы жоқ ұлыңызды неменеге сонша зарыға күтесіз, қалада үлкен фирмасы бар, өзінен басқа ешкімді көзге ілмейді, алдап, арбап, өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп айтып жүріп жатыр. Ой, апа, Сізде одан басқа да балаларыңыз толып жүр ғой» деді. Мұндайды күтпеген шешей жұлып алғандай, «әй, менің он балам болса, жүрегімде әрқайсысының өзіндік орны бар, ана үшін баласының жаманы жоқ» дегенді айтты да, күбір-күбір сөйлеп барып, есікті таяғымен тырс еткізіп ашып, шығып кетті. Содан бері талай уақыт өткен.

Енді келіп, зарыға күткен ұлынан естігені мынау, «нәпсім семіріп кетті, апа, дәрігерлер солай деді». «Еее», -деді шешей, - сол екен ғой ауылды ұмытқаның. Нәпсі деген бір пәле, оған жақсылап азық берсең болды, үйреніп алады да, соңында өзіңді де жейді, оған ешбір доқтыр дауа таба алмайды»,- деді. Шешесінің не айтып отырғанын Боқаш толық түсінген де жоқ. Көріпкелдігі бар шешесі Боқашты ауылға келген сайын ұшықтап жіберетін, бұл жолы да солай болады деп жетіп келгенін сезген шешесі: «Балам, нәпсің шынында қатты семіріп кетіпті, сені емдеу мына менің қолымнан келе қоймас» деді.

![Нәпсім семіріп кетті...](https://storage.yvision.kz/images/user/kunduz/r0X90fA1jiimkz55RIA5UdJ4XWuelD.jpg)

Сол-ақ екен, Боқаш басын ұстап, біткен жерім осы болды-ау дегендей, «апа, енді не істеймін?» деп мөлие қарады. Шешесі: «Нәпсінің емі қиын ұлым, оны өзіңнен басқа ешкім де емдеп, жаза алмайды» деді жаны ашып. Боқаш шешесі не айтса бәрін жасауға бар. «Апа, тапшы енді бір емін, қалай арықтаймын, нәпсім неден семірді, емін айт» деп жалынды. Сонда шешесі Боқашқа қарап: «Анау қолыңда ұстап отырған телебизорыңа жазып аласың ба, болмаса анау жепіңде отырған көмекшіңді шақырасың ба, жақсылап тыңдап ал» деді.

- Күнде таңертең тұрып, Құдайға құлшылық ет. Біреудің ақысын жөн жосықсыз жей берме, қарамағыңдағыларға қамқор бол. Жұмасына бір рет ораза ұста. Азға қанағат ет. Демалысыңды бала шағаңның ортасында өткіз. Келінге жылы сөзіңді айт, қолыңнан келсе оған сыйлық жаса. Біреуді сыртынан ғайбаттама. Дархан жүректі жандармен жиі пікірлесіп, араласып тұр. Адамды талай бәлеге душар ететін - нәпсі. Сабыр, қанағат, рахым, опа - нәпсіңді жеңер достарың.

Жамандыққа бойың бір үйренсе құтылуың қиын. Ешкімді басынба, біреуді өзіңнен төмен санама. Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы. Алдымен ниетіңді, пейліңді тазарт, сонда ғана нәпсің семірмейді, денең жаның нұрлы болса ғана жөнделмек. Осы айтқандарымды ықыласпен орындасаң, ауру сырқаудан, ақымақтықтан аулақ боласың,- деді сөзін аяқтап.

Шешей Боқашқа: «Түсіндің бе, ұлым» дегендей қарады. Ал, Боқаш болса, қасындағы көмекшісіне қарап, жазып алдың ба, ертең мен барып жүрген дәрігерге көрсетесің, осы бойынша маған диагноз қойып, ем-домын жасасын» деп тапсырма берді де, «апа, осы біздің дәрігерлер сауатсыз иә, Сіз неге дәрігер болмағансыз» деп асығыс тысқа шықты да, көлігіне қарғып мініп, қалаға кетіп қалды. Апасы ұлының шөлп еткізіп сүйген бетін ұстаған күйі, «мынаның нәпсісі семіріп кеткеннен қойып, асқынып кетіпті, қамшымен сабалау керек еді бұл баланы» деп таяғына сүйеніп, ас үйге қарай беттеді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/n-psim-semirip-ketti-423271](https://yvision.kz/kk/post/n-psim-semirip-ketti-423271)