---
title: "Н.Назарбаев: Екі елдің кедендік шекараларын ашу екіжақты экономикалық қатынастарға оң ықпал етеді"
description: "Елбасы Нұрсұлтан НазарбаевҚырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті, деп хабар..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-09-21T04:08:00+00:00"
modified: "2015-10-02T04:08:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-eki-eldi-kedendik-shekaralaryn-ashu-ekizha-ty-ekonomikaly-atynastar-a-o-y-pal-etedi-528997"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-eki-eldi-kedendik-shekaralaryn-ashu-ekizha-ty-ekonomikaly-atynastar-a-o-y-pal-etedi-528997/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Н.Назарбаев: Екі елдің кедендік шекараларын ашу екіжақты экономикалық қатынастарға оң ықпал етеді

> Елбасы Нұрсұлтан НазарбаевҚырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті, деп хабар...

Елбасы Нұрсұлтан НазарбаевҚырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында екі мемлекеттің көшбасшылары еуразиялық ықпалдастық мәселелерін және Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруіне байланысты өзара іс-қимылдың, сондай-ақ оған ЕАЭО аясында қолдау көрсетудің жаңа жағдайларын талқылады.

Сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастың ахуалы мен оның инвестиция, өнеркәсіп, жол құрылысы, туризм және басқа салалардағы перспективалары қарастырылды.

Мемлекет басшысы қазақ-қырғыз қарым-қатынасы әрдайым жоғары деңгейде екенін, Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі қазірдің өзінде 1 миллиард доллардан асатын тауар айналымын одан әрі жандандыра түсуге жағдай туғызатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, кедендік шекараларды ашу екіжақты экономикалық қатынастарға оң ықпал етіп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Қазақстан мен Қырғызстан президенттері өңірлік қауіпсіздік мәселелері және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде де пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қырғызстан А.Атамбаевтың басшылығымен орнықты даму қарқынын көрсетіп отырғанына назар аударды.

Қырғыз көшбасшысы Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлін атай отырып, сапарлап келгені және жемісті ынтымақтастық үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, бүгін, 12 тамызда Қырғызстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісім шартқа қосылуы туралы келісім шарт күшіне енді. Қырғызстан Республикасы ЕАЭО-ның толық құқылы мүшесі болды, деп хабарлады ЕЭК баспасөз қызметі.

«Қырғызстанның ЕАЭО-ға қосылуы үлкен бірлескен интеграциялық жұмыстың нәтижесі. 2014 жылы Қырғызстанның қосылуы туралы «жол карталар» жүзеге асырылды. Жалпы, бірқатар мәселелер өз шешімін тапты», - делінген хабарламада.

Қырғызстанның ЕАЭО-ға кіруі туралы шартқа 2014 жылдың 23 желтоқсанында Мәскеуде Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес отырысында қол қойылған. Шартқа сәйкес ол депозитарий дипломатиялық арналар бойынша елдердің ратификациялау туралы мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған сәттен бастап күшіне енеді.

2015 жылдың 6 тамызынан бастап Қырғызстанның Еуразия Экономикалық Одаққа мүше ретінде қосылды. Енді Қырғызстан Армения, Белоруссия, Қазақстан және Ресейден кейінгі бесінші мемлекет болып ЕАЭО-ға қосылды. Өткен аптада Қазақстанда Қырғызстанның қосылуы бойынша барлық ратификациялық рәсімдер аяқталды.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/24741/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-eki-eldi-kedendik-shekaralaryn-ashu-ekizha-ty-ekonomikaly-atynastar-a-o-y-pal-etedi-528997](https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-eki-eldi-kedendik-shekaralaryn-ashu-ekizha-ty-ekonomikaly-atynastar-a-o-y-pal-etedi-528997)