---
title: "Н.Назарбаев бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ЮНЕСКО-ның әлеуетін кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті"
description: "Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясына қатысты, деп хабарлад..."
author: "Anuarbek_Ainash"
published: "2015-11-05T23:30:00+00:00"
modified: "2015-12-02T00:30:39+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-beybitshilik-pen-t-ra-tyly-ty-amtamasyz-etude-yunesko-ny-leuetin-ke-inen-paydalanu-azhet-635758"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-beybitshilik-pen-t-ra-tyly-ty-amtamasyz-etude-yunesko-ny-leuetin-ke-inen-paydalanu-azhet-635758/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Н.Назарбаев бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде ЮНЕСКО-ның әлеуетін кеңінен пайдалану қажеттігін атап өтті

> Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясына қатысты, деп хабарлад...

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО Бас конференциясының 38-сессиясына қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде ЮНЕСКО-ның алатын орны айрықша екенін атап өтті.

«Қазақстан негізгі басымдығы Біріккен Ұлттар ұйымының орнықты даму мақсатының маңызды бағыты болып саналатын ЮНЕСКО-ның қызметін толық қолдайды,» – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті өзі осы мінберден 20 жыл бұрын баяндаған мақсат-міндеттердің бәріне, сондай-ақ БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарына біздің ел қол жеткізгенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық, мәдениетаралық, дінаралық негізде өркениеттердің күйреуі мен қақтығысы ушығып кеткеніне арнайы тоқталды.

«Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас ассамблеясының мерейтойлық 70-ші сессиясында өткен дебаттар әлем дамуының жаңа парадигмасын әзірлеу қажеттігін дәлелдеп берді. Қазақстанның халықаралық бастамалары осы маңызды міндетті орындауға бағытталған. Біз «Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045» жоспарын ұсынамыз. Оның мәнісі – соғыстар мен қақтығыстардың түпкі себептеріне жол бермейтін бүкіләлемдік даму стратегиясын жасау», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің мақсаты ядролық қарусыз әлемді орнықтыру екенін, сол үшін БҰҰ Ядролық қарудан ада әлемге қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларация қабылдауды ұсынатынын айтты.

«2016 жылы менің Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойғаныма 25 жыл толады. Бұл әлем қоғамдастығының ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолында күш жұмылдыруы үшін маңызды себеп бола алады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы терроризм мен діни экстремизмге қарсы біртұтас халықаралық майдан ашу мәселесіне де тоқталды.

«Әлемдік өркениеттер мен негізгі діндердің бесігі болған ежелгі Месопотамия жері бүгінде аяусыз бүлініп, тонауға түсті. «Ислам мемлекеті» деген атты жамылғандар Таяу Шығыстың бірегей тарихи-мәдени мұрасына орны толмас зиян келтіруде. Қазақстан терроризм мен экстремизмнің кез келген көрінісін батыл айыптайды. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы әрекеттің әлемдік бірыңғай желісін құруды ұсынамыз», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы іс-шараға қатысушыларға Қазақстанның ЮНЕСКО-ға біздің ел бастамашылық еткен 2013-2022 жылдарға арналған мәдениеттер жақындастығының халықаралық онжылдығын жүзеге асыру ісі бойынша қолдау көрсетіп отырғаны туралы да айтып берді.

Соңында Қазақстан Президенті еліміздегі білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформаларға және Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындық барысына тоқталып, барша делегаттарды осы көрмені келіп көруге шақырды.

[Ақпарат көзі](http://strategy2050.kz/news/28065/)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-beybitshilik-pen-t-ra-tyly-ty-amtamasyz-etude-yunesko-ny-leuetin-ke-inen-paydalanu-azhet-635758](https://yvision.kz/kk/post/n-nazarbaev-beybitshilik-pen-t-ra-tyly-ty-amtamasyz-etude-yunesko-ny-leuetin-ke-inen-paydalanu-azhet-635758)