---
title: "Музыка «шежірешісі»"
description: "Hаум Григорьевич Шафер есімді жайсаң мінезді жанды өңірде білмейтіндер кемде-кем. Жұртшылыққа Нам..."
author: "Akma-q"
published: "2013-10-04T01:11:52+00:00"
modified: "2013-10-04T01:12:22+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/muzyka-shezhireshisi-376354"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/muzyka-shezhireshisi-376354/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Музыка «шежірешісі»

> Hаум Григорьевич Шафер есімді жайсаң мінезді жанды өңірде білмейтіндер кемде-кем. Жұртшылыққа Нам...

**Hаум Григорьевич Шафер есімді жайсаң мінезді жанды өңірде білмейтіндер кемде-кем. Жұртшылыққа Нами Гитин есімімен таныс ол - әлемдегі ең ірі күйтабақ музейінің негізін қалаушы, музыкатанушы, әдебиеттанушы. Наум Григорьевичтің бала кезінен жинақтап, көзінің қарашығындай сақтаған күйтабақтары бүгінде тұтас мұражайға айналған.**

**Павлодардағы Н.Шафердің мұражай-үйіне бас сұқсаңыз, әлемдегі бес құрлық халықтарының музыка қорын көрер едіңіз. Мұнда 27 мың патефон пластинкасы, магнитофон жазбаларының 1500 данасы және 1500 аудиокассета сақталған.**

**Алғашқы күйтабақтар**

– **Наум Григорьевич, мамандығыңыз филолог екенін білеміз. Ал кәсібіңіз һәм нәсібіңіз – музыка екен...**

– Өмірімді музыкамен байланыстыру бақытын маңдайыма тағдырдың өзі жазды. Дегенмен, мен үшін музыка мен әдебиет – егіз ұғым. Бүйірім музыкаға бұрып тұрса да, бұрынғы С.Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Сол заманда бұл оқу ордасы еліміздегі жалғыз жоғары білім ошағы болатын. Студенттік шағымда Пушкиннің, Абайдың, неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің шығармаларына «шөлім қанбайтын». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің, атақты композитор Евгений Брусиловскийдің дәрістерін тыңдадым. Ән жазумен де әуестендім. Негізінен, Исаак Дунаевскийдің шығармашылығына ден қойдым. Бүгінгі таңда жеке коллекциямда оның 400 күйтабағы сақтаулы.

– **Қанша шығарма жаздыңыз?**

– Қоржынымда 300-ге жуық туынды бар. Филология факультетінде оқып жүргенімде Е.Брусиловскиймен жүздесу бақытына ие болдым. Бір күні ол мені шақырып алып: «Наум, музыкаға бет бұрсаң қайтеді? Әдеби шығармалар кітапханаларда мәңгілікке сақталар. Ал аудио немесе бейнекассеталарға жазылған музыкалық шығармалардың дәурені өтер. Сондықтан, заман үнін талай ұрпаққа жеткізер патефон күйтабақтарын жинаған жөн болар» деген ақыл-кеңесін берді. Бастапқыда қызығушылық білдіргеніммен, соншалықты құлақ аса қоймадым. Кейін бұл сөздердің мәнін түсіндім. Патефон пластинкаларына жазылған әлемнің музыка жауһарларын жинау пешенеме жазылғанын сонда түсіндім.

– **Бұл кәсіпке қашаннан бері әуессіз?**

– Мұны өмірлік ісім десем де болады. Жалпы, әуестігім балалық шағымнан бастау алды. Мен 1931 жылы Молдованың Кишинев қаласында дүниеге келдім. Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары ата-анам депортация зобалаңына ұшырап, Қазақстанға жер аударылды. Қазақ елінің шекарасынан өтерде бізге салмағы 100 келідей жүкті алуға рұқсат берді. Ата-анамның неке қиюларына орай туған-туыстары сыйға тартқан 30 күйтабақ пен америкалық патефон бар болатын. Ес білгелі бері менің ойым далада емес, патефондағы әуенде болды. Шекарадан шығарда екі көзім жасқа толып, әлгі пластинкаларды қойныма тыққаным әлі есімде. Олардың ішінде орыс әндері, атақты композитор Глинканың романстары және түрлі би әуендері болды. Сөйтіп, қазақ жеріне күйтабақтарымды бірге алып келдім! Бұл - 1904 жылғы «Отче наш» атты күйтабақ болатын. Соғыс кезінде 10 жасар бала едім. Жастығыма қарамастан, қара жұмысқа араласып, еңбектендім. Заман мектебінен өттім. Біз қоныстанған ауыл «Новый быт» деп аталған еді. Бұл елді мекен көптеген ұлттарға пана болды. Орта мектепті Ақмола облысында тәмамдадым. Алдымен Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында мектеп мұғалімі болып еңбек еттім. 1964 жылдан Павлодардағы педагоги¬калық институттың доценті, кейін профессоры атандым. Бүгінгі күні институтта филологиядан дәріс оқимын.

– **Жоғарыда қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің дәрістеріне қатыстым деп айттыңыз. Бұл кездесу туралы да білгіміз келеді.**

– Бұрынғы Киров атындағы институтта оқып жүргенімде қазақ бөлімдеріне «Абайтану» бойынша дәріс оқытылатын. М.Әуезовтің дәрістеріне біз де қатысуды жөн санап, қазақ студенттерімен ілесіп баратынмын. Абайдың тілін үйренгім келді. Біз ғана емес, тарих, физика-математика факультетінің студенттері де Мұхтар ағамыздың дәрістерінен қалмайтын. Жалпы, бұл - ұзақ әңгіме. Оны айтудан жалықпаймын. Бұл – өмірімнің ұмытылмас сәттері.

**Иманжүсіптің әні жазылған**

– **Әлемдегі ең ірі патефон пластинкалары мұражайын құруды қашан қолға алдыңыз?**

– Коллекциямдағы ең көне күйтабақ 1898 жылға тиесілі. Фонотекалық қорда, бұлардан бөлек, жылдар бойы жинақтаған кітаптар, аудио және бейне кассеталар баршылық. Олардың қатарында әлем бойынша сирек кездесетін пластинкалар бар. Өнердегі ұстазым Евгений Брусиловскийдің жол сілтеуімен талай қазақ ауылдарын аралап, халықпен тілдестім. Көңіліме жақын әуендерді жинастырдым. Тағдыр тәлкегімен Қазақ жеріне қоныс тепкен ұлттардың халық музыкасын жинауды мақсат еттім. Қазіргі таңда коллекциямда дүниедегі бес құрлық халықтарының тіліндегі музыкалық туындылар бар. Біле білсеңіз, қазақ тілінде алғашқы рет жазылған күйтабақ та мұражайда тұр! Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиев сынды біртуар азаматтардың шығар-малары жетерлік. Тіпті, атақты сазгер, палуан Иманжүсіп Құтпанұлының ұмыт бола бастаған «Ерейментау», «Сарымойын» әндері жазылған күйтабақтар бар.

– **Қазақ тіліндегі алғашқы күйтабақ жайында айтыңызшы?**

– Ол түпнұсқа күйінде сақталған. 1936 жылы қазақтың бірінші күйтабағына жазылған Құрман-ғазының «Кеңес» күйін Жаппас Қаламбаев пен Лұқпан Мұхитовтың орындауында мұражайдың концерттік залынан тыңдауға болады. Бұдан бөлек, «Күләш Байсейітова ән шырқайды», «Жамал Омарова ән салады» атты жинақтарым қалың тыңдарманға қолжетімді. Келіп, емін-еркін тыңдаймын деушілерге есігіміз әрдайым ашық. Қазір қорда Роза Бағланованың жас кезінде жазылған, алайда, көпшілік біле бермейтін әндері бар. Бұл – шыны күйтабаққа жазыл¬ған үш минуттық туынды. Евгений Брусиловскийдің әнін алтын дауысты бұлбұлымыз Роза Бағланова 1940-шы жылдары орындапты. Әншінің өнеріне тәнті болған Брусиловский оған «Қыз арманы» деген әнді арнағаны тарихтан белгілі. Пластинкасының сыртында әншінің суреті де бар. Мұндай пластинканы еш жерден таппайсыз!

– **Қорда Бибігүл Төлегенованың әндері де бар ғой?**

– Біздің мұражайда Бибігүл Төлегенова да ән шырқайды. «Алтын ай астында» атты өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары патефон күйтабақтарынан көшірілген жазбаларда өнерпаздың орындауын-дағы қазақ, орыс, неміс, татар, армян, латыш, қырғыз, украин тілдеріндегі әндер жазылған.

– **Наум Григорьевич, арманыңыз қандай?**

– Менің есіміммен аталған мұражай – мемлекеттің қамқор-лығында болғанына шүкіршілік етемін. Бастапқыда бұл мұраны өзімнің кішкентай пәтерімде сақтап келгенмін. Пластинкаларды сақтау – үлкен жауапкершілікті қажет ететін шаруа. Шыны керек, сақтау ережелерін бұзуға тура келді. Орын тапшы болатын. Осы орайда бір қызықты жайтты айтып өтейін. Бірде Омбы облысының басшылығы пластинка қоры туралы хабардар болып, қызығушылық білдірді. Олар маған Омбыға көшіп барып, сол жерде мұражай ашуды ұсынды. Алайда, мен бас тарттым. Өйткені, осы құндылықтарға қамқор болатын жомарт азаматтар өзімізден табылды. Менің арманым біреу, ол – өзімнің маңдай теріммен жинап, қастерлеп, бүгінгі күнге жеткізген мол мұрамды келер ұрпаққа жеткізу. Әр күйтабақ – жеке әлем! Оны таныту – менің өмірлік мұратым.

**Мұражайға келген адамның күйтабаққа жазылған әуезді үнді патефон арқылы тыңдауына болады. Техниканың қарыштап дамыған заманында көне патефон жазбаларын тыңдаудың өзі қызық әрі ерекше әсерге бөлейді. Таңдай қағасың, таңданасың. Наум Шафермен жарқын әңгімеміздің соңында сонау 1945 жылы Шөже ақынның орындауындағы Ұлы Жеңіске арналған «Айналайын, Сталин» әнін патефон арқылы тыңдап, тамсанып қайттық.**

 

**

![Музыка «шежірешісі»](http://im9.asset.yvimg.kz/userimages/akma-q/DtMi16q6mhIa25373akVG8ln5Y0Zx9.jpg)

**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/muzyka-shezhireshisi-376354](https://yvision.kz/kk/post/muzyka-shezhireshisi-376354)