---
title: "«Музей түні – 2026» тарих пен мәдениетті тоғыстырған ерекше кеш"
description: "18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акц?..."
author: "AselOmarova"
published: "2026-05-19T11:28:24+00:00"
modified: "2026-05-19T11:28:24+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/muzey-tuni-2026-tarih-pen-madenietti-togystyrgan-erekshe-kesh-1020920"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/muzey-tuni-2026-tarih-pen-madenietti-togystyrgan-erekshe-kesh-1020920/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Музей түні – 2026» тарих пен мәдениетті тоғыстырған ерекше кеш

> 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акц?...

**18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі дәстүрлі «Музей түні – 2026» мәдени-танымдық акциясын өткізді. Биылғы іс-шара «Әрқилы әлемді бір арнаға тоғыстырған музейлер» тақырыбымен ұйымдастырылып, келушілерге тарих пен мәдениетті жаңа форматта таныстырды.** ![](https://storage.yvision.kz/images/user/582720/3397870570c9919f9660a042462d1f8d.jpg?width=1280&height=960) «Музей түні» тек көрме тамашалайтын алаң ғана емес, өткен мен бүгінді байланыстыратын, ұлттық мұраны кеңінен насихаттайтын ірі мәдени жобаға айналды. Акция аясында музей 18 мамыр күні таңғы 09:00-ден түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істеп, қонақтарға арнайы экскурсиялар, интерактивті бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар мен шеберлік сабақтарын ұсынды. ![](https://storage.yvision.kz/images/user/582720/e201dad3aa088629c3938b90c0552c1f.jpg?width=1600&height=1066) Іс-шара бағдарламасы бірнеше бағытты қамтыды. Соның ішінде ерекше назар аудартқан көрмелердің бірі – «Масатыдай құлпырған…» атты кілемдер көрмесі болды. Көрмеде музей қорында сақталған қалы және тақыр кілемдер, тұскілемдер мен шағын тоқыма бұйымдары ұсынылды. Экспозициядағы ең құнды жәдігерлердің қатарында көне үлгі негізінде қайта тоқылған атақты «Сыр кілемі» қойылды.Сондай-ақ келушілер «Бірегей!» көрмесінде XII ғасырдан бастау алатын антикварлық бұйымдарды, сирек сағаттар мен шамдалдарды, фарфор және керамика туындыларын тамашалады. Ал «Төсбелгілердегі тарихи-деректік көріністер» көрмесі арқылы Қазақстанның спорт, мәдениет, білім және бұқаралық ақпарат саласының тарихымен танысты. ![](https://storage.yvision.kz/images/user/582720/04ea0d311c72dc4a718aba5565972597.jpg?width=1553&height=1035) Биылғы акция аясында Қазақ радиосының 105 жылдығы мен Шалқар радиосының 60 жылдығына арналған «Ұлттың үнбайрағы» мерейтойлық көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеде архивтік құжаттар, тарихи дыбыс жазбалары мен радио саласының ардагерлеріне тиесілі жәдігерлер қойылды. Арнайы «Жұлдызды гид» жобасы аясында белгілі дикторлар келушілерге экскурсия жүргізді.Мәдени кештің маңызды бөлігінің бірі – М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры-ның 100 жылдығына арналған «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесі болды. Экспозицияда қазақ кәсіби театрының қалыптасу тарихы, тарихи спектакльдер, әйгілі актерлердің сахналық костюмдері мен жеке заттары ұсынылды. ![](https://storage.yvision.kz/images/user/582720/13dc1824720ecf9068efa0fd9186dffa.jpg?width=1600&height=1066) Іс-шара барысында келушілер «Жанды музей» форматындағы театрландырылған экскурсияларға қатысып, Алтын адам, Томирис, қазақ хандары мен ертегі кейіпкерлерімен жүздесті. Сонымен қатар, Қазақфильм киностудиясының фильмдері көрсетіліп, музей алаңында концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.«Музейге сый» акциясы да мәдени кештің маңызды бөліктерінің біріне айналды. Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова және паралимпиада жүлдегері Теміржан Дәулет өздерінің құнды жәдігерлерін музей қорына табыстады. ![](https://storage.yvision.kz/images/user/582720/6373af3ca10ff17f0898b42e2710a34b.jpg?width=1600&height=1066) Сонымен бірге қолөнер шеберлік сағаттары, көне түркі руникалық жазуы бойынша сабақтар, квесттер, квиздер, робот шоу мен VR бағдарламалары ұйымдастырылып, келушілерге ерекше әсер сыйлады.«Музей түні – 2026» ұлттық мәдениет пен тарихи мұраны заманауи форматта дәріптеген ауқымды мәдени шаралардың біріне айналды. Бұл кеш музейдің тек өткенді сақтайтын орын ғана емес, қоғамды біріктіретін шығармашылық әрі танымдық кеңістік екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.** Назерке Жаханова**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/muzey-tuni-2026-tarih-pen-madenietti-togystyrgan-erekshe-kesh-1020920](https://yvision.kz/kk/post/muzey-tuni-2026-tarih-pen-madenietti-togystyrgan-erekshe-kesh-1020920)