---
title: "Мода және әдебиет немесе Халің қалай қазақ кинематографы?!"
description: "Жиырма бірінші ғасыр! Бұл мода ғасыры... Технология мен идеология әбден қоғамды билеп-төстеп алған з..."
author: "adebiportal"
published: "2015-01-28T03:32:21+00:00"
modified: "2015-01-28T03:32:21+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/moda-zh-ne-debiet-nemese-hali-alay-aza-kinematografy-464617"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/moda-zh-ne-debiet-nemese-hali-alay-aza-kinematografy-464617/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мода және әдебиет немесе Халің қалай қазақ кинематографы?!

> Жиырма бірінші ғасыр! Бұл мода ғасыры... Технология мен идеология әбден қоғамды билеп-төстеп алған з...

**Жиырма бірінші ғасыр! Бұл мода ғасыры...** Технология мен идеология әбден қоғамды билеп-төстеп алған заман. Адам баласы ішкі түйсіктен гөрі, сәнмен жүру салтына бағынады. Арты қайырлы болсын...

Менімен танысқан адамдар мамандығымды сұрап-білген соң, кітап жайлы һәм әдебиет жайында «терең» «ой» қозғап кететіні қызық; «Ооо, әдебиет пе, йә, мен де әдебиетті қатты жақсы көрем, кітап оқығанды ұнатамын. Әсіресе Пауло Коэльонің кітаптары ғажап классика ғой» деді біріншісі... Жарайды. Екіншісі «Орыс әдебиеті дейсіз бе, ооо, керемет қой! Мен де орыс әдебиетін сүйіп оқимын. Әсіресе Онегиннің романдарын ұнатамын» деді... Жарайды, өзі білсін... Ал үшіншісі келіп «Еее, «Кітап білім бұлағы» деп Абай атамыз бекер айтпаған...» дегеніне енді қалай шыдаймын?!

Міне жастар! Жастар еліміздің болашағы деп жатушы еді ғой лозунгтарда. Бұл не мода ендеше?! Ақымақтар модасы ма?! Олардың айтуы бойынша Пауло Коэльо – классик, Онегин – жазушы, ал кез келген мақалға «Абай атамыз айтқандай» тіркесін қосып айтсаңыз шатаспайды екенсіз!

... Бұл медальдің де екі жағы бар. Біріншісі, әрине, «модаға» еліктеп жүрген «оқымысты» ақымақтар! Ал екіншісі, ойланып қарасаңыз, кітап оқу, әдебиеттен хабардар болу жастар үшін қалай да «МОДАға» айналған екен. Менімше бұл Голливудтың көркем шығармаларды негізге ала отырып түсірген фильмдерінің арқасы. Йә, батыс десе елең ете қалатын халықпыз ғой, ол жақта әдебиет қоғамды әлі де әлдилеп отыр. Петербургтың көшелерінде он қадам аттаған сайын кітап дүкені, нан сатып алатын дүкен таппауыңыз бар, кітап сататын дүкенді тез табасыз. Көшеде жайып тастап та кітап сатып отырған шалдар анау. Өйткені сұраныс және оқырман бар! Оқырман бар жерде – әдебиет алаңында тек мықтылар қалады. **Оқырманы бар әдебиет – халтурщик, шоумэншілерді маңына да жолатпайды.**

Сонымен, ХХІ ғасыр қазақ әдебиетіне не жетіспейді?! Әдебиет қараусыз қалды... Әдебиеттің қараусыз қалуы – дегеніміз сыншылардың жоқтығы, оқырман, талап, талғамның жоқтығы. Дәл қазір талантты жазушы-ақындар жоқ дегім келмейді: олар бар! Ал солармен қоса, және екі есе, жоқ үш есе санының көптігімен әдебиет алаңында – әнші, биші, тамадалар мен өлеңшілер жүр. **Халтурщиктердің алды – жұлдыз, арты – «керемет» сыншы. Бұл бір.**

**Екіншіден, «Қазақ фильмі» халің қалай?!** Жақында Голливудтың әйгілі режиссері **Баз Лурманның** кезекті бір сұхбатынан мына бір сөздерді оқып қалып, ойландым: **«Өз кезінде Фрэнсис Скотт Фицжеральд «Великий Гэтсби» кітабын бір дүкенге әрең дегенде өткізіп, мүлдем сатылмағанын көрген ол – лавкадағы барлық кітаптарды өзі сатып алған екен. Ал қазіргі таңда жайғдай өзгерді. 2012 жылы менің түсірген картинамнан кейін «Великий Гэтсби» баспадан шықпай жатып миллиондаған тиражбен сатылып кетті».** Міне кинематографтың ғажабы! Егер кітаптың орынын кино басты деген заманның шындығымен бетпе-бет келетін болсақ, одан да бір пайда түсіруге болады екен ғой?! Кітаптың орынын кино басты, кино келіп көрермендерді кітапқа баулыды! Ғажап емес пе?! Қазақта шіркін түсіремін десе сюжет те, тақырып та жетіп жатқан жоқ па?! Бірақ, **Тәуелсіздіктің 23 көктемін қарсы алып, Абайын экранға шығара алмаған елден не сұраймын?!...**

Жалпы, **кітап оқу – модаға айналып барады, бірақ біз бұл жағдайдан пайда түсіре аламыз ба?!** Әлемнің басқан ізіне біз де ілесе жүруіміз керек, һәм өз ұлттық ерекшелігімізді де жоғалтпауымыз да қажет. Әсіресе әдеби үрдіс жағынан. Сондықтан ХХІ ғасырда әдебиет пен кинематограф бірікпесе – екеуі де кетеді дей беріңіз сахнадан. Себебі сананы сән билеп тұр! Әдебиетіміз сәнге айналып, сауатты оқырмандарымыз көбейсе – ол халықтың ортақ нұрлы болашағы екеніне күмәнім жоқ.

**Ақерке АСАН**

**(Ақжауын)**

**Санкт-Петербург**

**2015 жыл**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/moda-zh-ne-debiet-nemese-hali-alay-aza-kinematografy-464617](https://yvision.kz/kk/post/moda-zh-ne-debiet-nemese-hali-alay-aza-kinematografy-464617)