---
title: "«Мобильді құлдық» немесе «Мәңгілік нөмір»"
description: "22 сәуірде Мәжіліс ет пен сорпаның арасында, яки бірінші оқылымда-ақ \"Ақпараттандыру туралы\" Заң жоб..."
author: "Orkenzhebek"
published: "2015-05-28T03:37:20+00:00"
modified: "2015-05-28T03:37:20+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/mobildi-ldy-nemese-m-gilik-n-mir-505287"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/mobildi-ldy-nemese-m-gilik-n-mir-505287/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Мобильді құлдық» немесе «Мәңгілік нөмір»

> 22 сәуірде Мәжіліс ет пен сорпаның арасында, яки бірінші оқылымда-ақ "Ақпараттандыру туралы" Заң жоб...

22 сәуірде **Мәжіліс** ет пен сорпаның арасында, яки **бірінші** оқылымда-ақ **"Ақпараттандыру туралы"** Заң жобасын қабылдап тастады. Бұл жобаның бүге-шүгесін тарқатып отыратын менде де, сізде де уақыт тапшы шығар. Бастысы, бұл заң жобасымен енді **«мобильді құлдыққа»** тиым салынады деп отыр.

![«Мобильді құлдық» немесе «Мәңгілік нөмір»](https://storage.yvision.kz/images/user/orkenzhebek/n8MYTFmTjc18u13xasMVK8k4Hy0pKX.jpg)

Демек, әрбіріміздің телефон нөмірімізді өзімізге қалдыра отырып, ұялы байланыс операторын ауыстыруымызға мүмкіндік беріліп отыр. Оператордың қызметі, тарифтері ұнамаса, басқа операторға оңай ауысып кете аласыз. Бұл қызметтің атауы - MNP (Mobile Number Portability).

Қазір телефонды жоғалтқан ештеңе емес. Оның ішіндегі өзіңді түсірген селфи мен контактілерді аяп, «кім көріп қойды екен?» деп тырнағыңды мүжіп отырғаның.. Сол секілді тарифы мен тәртібі келісті боп тұрса да, байланыс операторын ауыстыруға да көп адам келісе бермейді. Себебі, қанша жылдан бері азан шақырып қойған атындай болып кеткен телефон **нөмірінен** ажырағысы келмейді.

Сондықтан да, MNP қызметінің қаншалықты **тиімді** болатынына күмәнмен қарайтындар жетерлік. «Әйтеуір, бір байланыс, бір нөмер». Бірақ, көршіміз **Ресейде** осы қызмет түрі енгізілгеннен кейін оны қолдануға қызыққандар саны **1,2 миллионнан** асып кетті. Ал Балтық жағалауындағы посткеңестік елдерде бұл MNP қызметі 10 жылдан бері қолданылып келеді, демек, біздікі «**қуғыншы**» рөлінде.

Бірақ, MNP-мен бірге мынадай да **қызық** мәселелер қоса туады. Айталық, мен +7778*** нөміріне қоңырау шалып жатып, бұл анық **Актив** деп ойлап тұрамын, бірақ ол MNP қызметіне өткен **Теле 2** нөмірі болып шығуы мүмкін. Яғни, болашақта **префиксіне** қарап операторды тануымыз өте қиын болады. Өте қиын емес, бұл - мүмкін емес. Ал бізде қалай? Ұялы байланыс операторларының біразы тек өз желісі ішінде сөйлескенге тегін немесе арзан **тариф** қояды да, қалған операторларға сөйлескенге енді қымбаттау баға сұрайды. Бұл әрине, байқамай қалта қағады... Бірақ, бұл мәселе шамасы, ұялы байланыс операторларының басын қатыруы керек сияқты. Мүмкін, түрлі байланыс операторларының нөмеріне бір бағамен сөйлесетін **пакеттерді** енгізетін шығар...

Осылайша, MNP қызметінің енгізілуімен әбден сүйегі салдыраған бағзы операторлардың қызметі **жандана** түсетін шығар. Мысалы, **Түркия** аталған қызметті енгізгенге дейін тарифі қымбат елдердің бірі еді, қазір біраз сабасына түсті. Демек, бізде де нарық өзгереді, негізгі ойыншыларға ойын тәртібін өзгертуге тура келеді немесе нарықтан кетуіне тура келеді.Айта кетерлігі, **MNP** қызметіне ауысу үшін тек арызыңызды жазып, жеке куәлігіңізді апарсаңыз жеткілікті. Сосын бірнеше сағат не күн күтесіз де, операторыңыздың ауысып шыққанын көресіз. Бұйырса, бұл қызмет кейбір елдердегідей секілді емес, бізде оңай және **тегін** болады.

**P.S.** MNP қызметін алғаш 1995 жылы Гонконг енгізсе, Сингапур жалғастырып әкетті де, бүгінде әлемнің 70-тен аса елінде қолданылып отыр. Ал Қазақстанда бұл қызметті іске қосу биылғы жазға жоспарланып отыр.

![«Мобильді құлдық» немесе «Мәңгілік нөмір»](https://storage.yvision.kz/images/user/orkenzhebek/CNvT0gUho4mxig4AdeFT8L77iIX6vd.jpg)

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/mobildi-ldy-nemese-m-gilik-n-mir-505287](https://yvision.kz/kk/post/mobildi-ldy-nemese-m-gilik-n-mir-505287)