---
title: "Мигранттарға тықыр таянды"
description: "02.11.12.Келер жылдың басынан бастап елімізде шетел азаматтарының сауда-саттық және кәсіпкерлікпе..."
author: "AIKYN"
published: "2012-11-01T21:48:08+00:00"
modified: "2012-11-01T21:48:08+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/migranttar-a-ty-yr-tayandy-299942"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/migranttar-a-ty-yr-tayandy-299942/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мигранттарға тықыр таянды

> 02.11.12.Келер жылдың басынан бастап елімізде шетел азаматтарының сауда-саттық және кәсіпкерлікпе...

**02.11.12. Келер жылдың басынан бастап елімізде шетел азаматтарының сауда-саттық және кәсіпкерлікпен айналысу қызметіне шектеу қойылады. Жаңа ереже бойынша маусымдық мигранттардың жеке саудамен және ұсақ кәсіпкерлікпен айналысуға құқы жоқ. Бұл жайлы ВВС-дің орыс қызметі хабарлады.**

****

Мұндай хабар, әрине, душан­беліктерге жайсыздау тиетіні рас. Тіпті қазақстандық билік өкілдерінің мұндай шешіміне өте алаңдаулы десек те болады. Олардың алаңдайтындай жөні бар. Статистика бойынша жылына 100 мың­ға тарта тәжікстандық мигрант қазақ елі­не келіп нан тауып жеп жүрсе, соның 70 мыңға жуығы сауда саласында жұмыс жасайды. Бұл жайында Тәжікстанның Экономикалық даму және сауда ми­нистрлігінің өкілі Зайниддин Му­минов мәлімдеп те үлгерді. Расымен де, басқаны былай қойғанда, Алматының қақ тө­ріндегі аты мәшһүр Көк базардың өзін­де алатақиялы өзбек пен тәжіктер бая­ғыдан сауданың көрігін қыздырып келеді. Тіпті сол жерден еліміздегі ең алып шаһардың ығай мен сығайлары таңдап жүріп дастарқан мәзіріне қа­жеттінің бәрін өзге жерге қарағанда қымбатырақ бағамен алатынын да бәріміз білеміз. Балғын жеміс-жидек пен кептірілген жемістің неше атасын сол жерден кездестіруге болады. Жаңа ереже 2013 жылдың басынан күшіне енеді. Салық қызметкерлері жер­гілікті сауда нүктелеріне жаңа ереженің жай-жапсары туралы мәлімдемелер та­ратқан. Дереу құзырлы орындарына ха­барласқан саудагерлер әзірге әліп­тің артын бағып отыр. Тәжікстан Көші-қон қызметі екі елдің ведомостволары ара­сында жүргізілетін келіссөздерден әлі де үмітті. Әзірге нақты шешім айтылған жоқ, бірақ таяу мерзімде бұл мәселеге біржолата нүкте қойылары анық. Тағы бір бізге мәлім жайт, тәжік миг­рант­тарының күн сайын қатарының өсіп отырғандығы. Оған дәлел әр күн сайын Тәжікстаннан Қазақстан мен Ресейге еңбек мигранттарын тиеген оншақты авиарейстің қатынап отырғандығы. Тәжік экономистерінің сараптауы бойынша елдің миллионға жуық тұр­ғыны мигранттардың ақшасымен жан бағып отыр. Тіпті өзге елде мигрант бо­лып жүрген тәжіктердің есебінен ел бюджетінің де бір бүйірі томпиып отырғанын да жасыруға болмас. Ал өзге елде жүріп өз отбасын асырап, өз елі­нің бюджетіне қомақты үлес қосып отыр­ған мигранттар еліміздің қаншама қаржы­сын қалтасына басып кетіп жатқа­нын біздікілер енді есепке ала бастаған сы­ңайлы. Қалай дегенде де қасынан өткенді «бір ауыз тиіп кетіңіз» деп сыпайы қа­сына шақырып, майда тілімен кем дегенде 1 келі тауарын өткізбей қоймай­тын саудагерлерге тықыр таянып тұр. Дәруменге бай жеміс-жидекті жақсы көретіндерге талай жылдан бері қалт­қысыз қызмет етіп келе жатқан алата­қиялы бауырлардың жаңа жылдан бас­тап саудасы қаншалықты қызатыны белгісіздеу болып тұр. **Гүлнар ТӘЖИЕВА **

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/migranttar-a-ty-yr-tayandy-299942](https://yvision.kz/kk/post/migranttar-a-ty-yr-tayandy-299942)