---
title: "Месси: «Криштианудың Әлем чемпионатына баратынына қуаныштымын»"
description: "«Барселонаның» шабуылшысы Лионель Месси Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына қосымша ойын арқылы өтк..."
author: "kazsportagent"
published: "2013-11-25T23:42:13+00:00"
modified: "2013-11-25T23:42:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/messi-krishtianudy-lem-chempionatyna-baratynyna-uanyshtymyn-386757"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/messi-krishtianudy-lem-chempionatyna-baratynyna-uanyshtymyn-386757/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Месси: «Криштианудың Әлем чемпионатына баратынына қуаныштымын»

> «Барселонаның» шабуылшысы Лионель Месси Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына қосымша ойын арқылы өтк...

[!\[Лионель Месси мен Криштиану Роналду\](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2013/11/photo-33-300x166.jpg)](http://kk.sport.gov.kz/wp-content/uploads/2013/11/photo-33.jpg)

«Барселонаның» шабуылшысы Лионель Месси Бразилияда өтетін Әлем чемпионатына қосымша ойын арқылы өткен Криштиану Роналду және оның құрамасының қуанышына ортақ екенін мәлімдеді.

Лионель Месси: «Әрине, Криштиану Роналду және оның құрамасының Әлем чемпионатына жолдама алғанына қуаныштымын. Төрт жылда бір келетін үлкен бәсекеде мықтылардың ғана болғаны дұрыс. ӘЧ-да тек үздік команда мен үздік ойыншылар ғана жеңіске жетуге тиіс. Бұл – футболдың деңгейі үшін керек. Криштиану – ұлы ойыншы. Көбісі оны соңғы кезде ғана жақсы ойнап жүр дейді. Бірақ ол көп жылдан бері жақсы ойнап келеді» — дейді.

Ал Нидерланды құрамасына қатысты: «Сіздер Нидерланды құрамасынан кімдерді көрдіңіздер? Робин ван Перси және Арьен Роббен. «Қызғалдақтар елінде» басқа да мықты ойыншылар жетерлік. Ван Перси – керемет сұрмерген, ал Роббеннің мүмкіндігін болжап білу тіптен мүмкін емес. Оның доп алып жүрудегі ғаламат шеберлігі ылғи да қорғаушылардың мазасын кетірумен болады» — деп ағынан жарылды.

Аргентиналық футболшы мұнымен қатар өзіне басқа да клубтардан ұсыныс түсіп жатқанын айтып өтті. Месси: «Өзге клубтардың маған деген қызығушылығы – мен үшін үлкен құрмет. Көптеген командалар мені өз ойыншылары қатарынан көргісі келсе де, мен өз ұстанымымнан таймаймын. Мені Барселонамен көп нәрсе байланыстырып тұр. Каталониялықтардың сапында ойнау – менің өмір бойғы арманым еді. Бұл маусымда көп жағдай сәтті жүзеге аспай жатқаны аян. Алайда жаңа жылдан соң бәрі өз орнына келеді деген үміттеміз» — дейді.

Дайындаған: Нұржігіт Айдарха

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/messi-krishtianudy-lem-chempionatyna-baratynyna-uanyshtymyn-386757](https://yvision.kz/kk/post/messi-krishtianudy-lem-chempionatyna-baratynyna-uanyshtymyn-386757)