---
title: "Менің ойымша, трамвай..."
description: "Алматы қаласында ‪#‎трамвай‬ қызметі өз жұмысын уақытша тоқтатуына байланысты әркім әртүрлі пікір ай..."
author: "BerikSultan"
published: "2015-11-03T23:53:49+00:00"
modified: "2015-11-05T11:16:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/meni-oyymsha-tramvay-634351"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/meni-oyymsha-tramvay-634351/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Менің ойымша, трамвай...

> Алматы қаласында ‪#‎трамвай‬ қызметі өз жұмысын уақытша тоқтатуына байланысты әркім әртүрлі пікір ай...

Алматы қаласында [‪#‎трамвай‬](https://www.facebook.com/hashtag/%D1%82%D1%80%D0%B0%D0%BC%D0%B2%D0%B0%D0%B9?source=feed_text&story_id=855733851210710) қызметі өз жұмысын уақытша тоқтатуына байланысты әркім әртүрлі пікір айтып жатыр. Бірі трамвай керек десе, бірі тоқтатылғаны дұрыс болды дейді. Әрине пікір айтып, ой тудырушылардың барлығы трамвай жұмысы туралы біле бермейді. Көпшілігі қоғамдық пікірге еріп, өз сөзін айтып қалуда. Елден қалмау да дұрыс шығар. Менің де осы тақырыпта сөз қозғауға толық хақым бар. Себебі Трамвай депосын Алматы қаласы әкімімен бірге мен де аралап көрдім. Ой түйдім. Естігенімді емес, көргенімді айтайын.

![Менің ойымша, трамвай...](https://storage.yvision.kz/images/user/beriksultan/S0OIw65M99BYmTb4IOR5216ycY2W4E.jpg)

Біріншіден қызметкерлер отыратын ғимарат өте нашар. Жөндеуден өтпеген. Бұзылған трамвайларды жөндейтін орындар да шаршаған. Пайымдауымша талапқа сай емес. Осыдан 2-3 жыл бұрын Германиядан 17 трамвай сатып алынғанын білесіздер. Соның 14-і ғана халыққа қызмет көрсетіп келіпті. Қалған үшеуі түрлі себептерге байланысты жөндеуде тұрған. Бұл өте аз. Оның үстіне аялдамада трамвайда 10-15 минут күтесіз. Бұл да халыққа тиімсіз.

![Менің ойымша, трамвай...](https://storage.yvision.kz/images/user/beriksultan/6as960aE4pfseoizs014CNo2WGh5Zp.jpg)

Айтпақшы сіз бен біз трамвай салдарынан болған 2-3 апатты ғана білеміз. Негізі осы жылы трамвай салдарынан болған жол-көлік оқиғасының саны 43 екен. Бұл да аз сан емес.

![Менің ойымша, трамвай...](https://storage.yvision.kz/images/user/beriksultan/BusjrXq01EOSTEWgGY863Wx5968Au1.jpg)

Енді неге трамвай релстері жаңартылып, қайта пайдалануға берілмейді деген сұраққа да жауап беріп көрейін. Трамвай жолдарын жөндеу үшін 2 млрд керек екен. Ал, ол ақшаға 50 жаңа автобус сатып алуға болады. Сондай ақ жөндеу жұмыстары жүргізілсе қаланың бірнеше жолдары жабылады, көлік кептелісі көп Алматы үшін бұл өте тиімсіз. Ал, жөнделген күннің өзінде бұл жұмыстың 2-3 айда бітпейтінін сіз де білесіз.

![Менің ойымша, трамвай...](https://storage.yvision.kz/images/user/beriksultan/9W7yHZYAohB6LsnvY499FwSL3eLUzP.jpg)

Әкімшілік ғимарытаны келіп те, хат жолдап та трамвайға шағым айтушы тұрғындар көбейіп кетіпті. Қауіпті дейді. Меніңше трамвайдың уақытша тоқтатылуы өте дұрыс шешім. Енді жерді дірілдетіп жүретін трамвайдан халық қорықпайтын болады. Көлік жүргізушілері трамвай келе жатса, соғып кетеді деп үрейленбейді. Ал бұл жүйеде жұмыс істейтіндердің барлығы басқа жұмыстарға орналастыру туралы әкім тапсырмасын өз құлағыммен естідім. Ешкім жұмыссыз қалмасын деп шегелеп айтты. Ешкім жұмыссыз қалмайды.

![Менің ойымша, трамвай...](https://storage.yvision.kz/images/user/beriksultan/3YwaSZeRUt4ZZK02PcBXHLL7b4252Y.jpg)

Иә, трамвай экологиялық таза көлік. Алматының сәні. Бірақ, біз үшін адам өмірі қымбат емес пе?! Алдағы уақытта трамвай жүретін 1-2 жол ашылады деп жоспарланған екен. Сағындырмай, ол да іске қосылады деп сенеміз. Көргенім мен түйгенім осы!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/meni-oyymsha-tramvay-634351](https://yvision.kz/kk/post/meni-oyymsha-tramvay-634351)