---
title: "Мені мазалаған сұрақ"
description: "Ала берсем, қалтама сала берсем парасатты ұрпақ емес, пәрменсіз парақорларды тәрбиелеудеміз. Арнасын..."
author: "a_bahyt"
published: "2011-02-01T22:53:35+00:00"
modified: "2011-02-01T22:53:35+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/meni-mazala-an-s-ra-115303"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/meni-mazala-an-s-ra-115303/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мені мазалаған сұрақ

> Ала берсем, қалтама сала берсем парасатты ұрпақ емес, пәрменсіз парақорларды тәрбиелеудеміз. Арнасын...

**Ала берсем, қалтама сала берсем парасатты ұрпақ емес, пәрменсіз парақорларды тәрбиелеудеміз. Арнасынан асып ағатын тасқын суды бөгеген сайын басқа арна тауып ағатыны секілді, бүгінде жемқорлықты да ауыздықтаған сайын ірілі-ұсақты арнасы көбейіп, сай-саланы жалмап барады. Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жемқорлық етек алған мемлекеттік органдардың алғашқы ондығының көш басында білім саласы тұр. Осыған қарап «білімді ұрпақтың орнына – дәрменсіз, білікті маманның орнына – пәрменсіз парақор азаматтар мен азаматшаларды даярлап жатқан жоқпыз ба?» деген ойға қаласың.**

Біздің қоғамда «барлық мәселені ақшамен шешуге болады» деген қағиданы ұстанатын адамдар жетерлік. Өкінішке қарай, мұны өздерінің өмірлік ұстанымы етіп алған студенттер көбейіп бара жатқан сияқты. Бұлай айтпасқа амал жоқ. Себебі соңғы кездері жоғары оқу орындарындағы парақорлық мәселесі белең алып барады. Жанын қинап білім алғысы келмейтін, оқуға құлқы жоқ жастар бағаны сатып алуды үйреншікті әдетке айналдырып алған. Студенттердiң сессияны ақшамен жабуы өкiнiшке қарай, күнделiктi өмiрдiң заңды құбылысы болып барады. Бұл ретте, өндiрiстен қол үзбей сырттай оқып жүргендердi ғана емес, күндiзгi оқу бөлiмiнiң студенттерiн айтуға болады. Мүмкiн заман талабына сай болар, әйтеуiр, студенттердiң арасында «оқытушының сұрағанын берiп, бас-аяғы не бары 3-4 күнде сынақ кiтапшасын жаптырған тиiмдi» деген қағида қалыптасып кеттi. Ең сорақысы соған бейімделген оқытушылар да жетерлік. Неге бұлай?

Көп жағдайда ұстаздарды пара алуға студенттердің өздері итермелейтін сияқты. Сабаққа келмей, оқуын оқымай, көше кезіп жүріп, дәл сынақ уақыты таяғанда жанталасып, оқудан шығып қалмаудың амалымен оқытушыға жалбарына бастайды. Пара ұсынады. Осылайша ұстаздарды арандатады. Ал «алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, тұрмысы төмен, алған айлығы шайлығына жетпейтін оқытушылар заң бұзуға мәжбүрлейді. Шынымен, кейде қаржы тапшылығы, мұқтаждық, материалдық тарығу адамның адамгершілігін сынға салатын кездер болады. Бұл сынға біреу шыдаса, біреу шыдамасы анық. Мұнымен оқытушылардың 100 пайызы жалақының аздығынан студенттерден ақша алады деп айтайын деп тұрған жоқпыз, әрине студенттерден тек берген бiлiмiн ғана қайтаруға талаптанған оқытушылардың ерекше тобы бар.

Қазіргі кезде Үкімет ешбір дағдарысқа қарамастан әлеуметтік сала қызметкерлерінің, оның ішінде әрине ұстаздардың жалақысын көтеріп жатқандығы белгілі. Дегенмен еңбекақыны көбейту, адамдардың материалдық жағдайын көтеру жемқорлыққа апармаудың, пайдакүнемдік туралы ойға берілмеудің бір жолы ғана. Ендеше ЖОО жемқорлықты ауыздықтау үшін не істеу қажет? Біреулер егер білім беру саласының қызметкерлері, ұстаздар, білдей білікті мамандар өздерінің бойын лас ақшадан таза ұстап, оған арбалмай, артық ақша алуды әдеттен жат қылық деп түсінбесе, онда оларға қатаң жаза қолдану керек дейді. Бірақ пайдакүнемдікке еті үйренген, ақшаға құныққан адамды қанша жерден қатаң жаза арқылы қорқытқанмен оларды «ала берсем, қалтама сала берсем» деген жағымсыз әдетінен арылады деп сенімділікпен айта алмайсың.

Қорыта келгенде, жемқорлықтың бұралаң жолын тек адамгершілік пен имандылық қана кесе алады. Сол себепті жалпы қоғамда имандылық тәрбиесін күшейтіп, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында адамгершілік принциптері алдыңғы орынға қойылмай бір нәтижеге жету қиын. Себебі жемқорлыққа бару, бармау жеке адамдық қасиетке байланысты. Елін шын сүйетін, жұртына жанашыр, рухы таза адам жалақысы аз болса да, көп болса да, біреудің ала жібін аттамай, ешқашан өзінің материалдық жағдайына қарағанда рухани дүниені жоғары қоймайды. Өзінің абыройымен қоса қоғамның абыройын ойлаған білімді, иманды, тәрбиелі жас біреуге пара ұсынбайды. Ал білімнің, адамгершіліктің іргетасы мектепте, ұшқан ұяда қаланатын болғандықтан, ең алдымен ата-ана, орта мектептегі мұғалімдер балаларға моральдық тұрғыда дұрыс тәрбие беруі тиіс.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/meni-mazala-an-s-ra-115303](https://yvision.kz/kk/post/meni-mazala-an-s-ra-115303)