---
title: "Менің апам"
description: "Менің нағашы апам 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды, оның анасы да 85 жасында дүниеден озды. Бал..."
author: "Mysli_v_Sluh"
published: "2017-11-03T04:44:35+00:00"
modified: "2020-01-16T08:43:42+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/meni-apam-783760"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/meni-apam-783760/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Менің апам

> Менің нағашы апам 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды, оның анасы да 85 жасында дүниеден озды. Бал...

Менің нағашы апам 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды, оның анасы да 85 жасында дүниеден озды. Бала күнімізде бізді ертіп алып, анасының зиратына апаратын, Құран оқып, дұға бағыштап, аяғында біраз жылап та алатын. "Апа, мені неге тастап кеттің?" деп жылайтын. Біз болсақ ол неге "апа" деп айтты деп таң қалар едік, ол оның анасы ғой, "мама" немесе "ана" деу керек еді, әйтсе де бұрынырақ қазақтар шешелеріне "апа" деп айтса керек.

Апаммен байланысты естеліктер өте көп. Ол кісі мені үй тірлігін атқаруға баулыған бірден-бір адам. 12-13 жасымда болуым керек, қыс не көктем каникулы кезінде апамның үйінде ауылға бардым. Бір күні үйде нан бітті, нан алу керек. Апам маған "нан бітсе, нан илеп, нан жабу керек" деді. Мен ондай нан илеу жағын бұрын жасап көрмеген едім. Біраз уақыт өзім нан илей алмаймын, болмайды деп айтып көндіруге тырыстым... "Менің қызым саған дым үйретпеген екен" деп өзімді ұялтты. Соңында нан илеп, қамыр ашығанда оны пісіріп алдым. Жап-жақсы тәп-тәтті нан болды. Тіпті үйге келген туысымызға айтып, менің мақтауымды асырды. Жаңа піскен нанмен шай ішіп, бір мәз болдық.

![](https://storage.yvision.kz/images/user/mysli_v_sluh/fERb0MTmav467N8u4LOoPREX4hZS6H.jpg)

Сол жылы жазда барғанда тағы да қамыр илеу дәрісі алдық. Ол кезде бөлем екеуміз барып едік. Бір күні апам, бөлем және мен пельмени жегіміз келді. Апам "пельмени жегіміз келсе, қамырын илеу керек" дей салды. Мен де, бөлем де ондай қамыр илеуге жоқпыз, не істейміз? Апам біз тұрғанда ұнға жоламайды. Тағы да қамыр илеуге тура келді. Бөлем екеуміз жақсы болады деп ойладық. Пельмени пельмени болмады, қамыр суда езіліп кетті, өзі де бос жұмсақ иленген еді. Сонымен быламық сияқты сорпа болды. Апам бізді мақтап-мақтап жеп алды. Сол пельмени мұң екен, күнде қамыры бар тамақ жаса деп, бізге қамыр илетті. Кеспе дей ме, кеспеден басқа тамақ тамақ емес дей ме... Біздің суда езілетін кеспемізге де мәз болады өзі. Кейін тағы бір бөлем келді, ол келгенде біз қатты қуандық, оның жасы бізден үлкен еді, ол қамыр илегенді біледі деп ойладық және ойымыз дөп шықты. Ол келген күні-ақ нағыз кеспе жеп, бір мәз болдық, сонымен қамыр илеуден мастер-класс өтті. Үйге қайтқанымда мамам менің қамыр илеу өнерін меңгергенімді біліп, қатты қуанды.

Апамның тағы бір әдеті жаз шыққанда үйдегі көрпе-жастық, кілем, киім-кешектің бәрін күнге жаю болатын, күн көзін көруге үйдегі сандық, шкаф, диван мен төсек те шығып кететін еді. Әрине, бар ауыртпалық балаларға және нағашыма түсетін. Апам басқарушы ғана еді. Әсіресе ауыр төсекті далаға шығарғанда нағашым қатты қиналатын, ол жалғыз ересек кісі болатын. Бүкіл ауылда мебельді күнге жаю менің апамның енгізген жаңалығы болатын.

Ал бір кезде біз ыстық күнде картоп еккен болатынбыз. Мезгіл жаз болатын. Ол кезде жасым 10-11 шығар. Үйде жатқан, былтырдан қалған картоптарды апам тауып алып, егу керек деп шешкен. Бақшада ыстық күнның астында қатқан топырақты інім екеуміз қазуға тырысып, қара терге батқан едік. Содан көлеңке іздеп отырайын десек, жалғыз көлеңке апамның көлеңкесі екен. Ол да ыстықтап бір тасқа отыра кеткен, біз апамның артына көлеңкесіне күннен тығылайық десек, апамның Шарик деген иті жатып алған тұрмайды. Бір кезде бізді үйден іздеп таппаған апамның інісі, бақшаға келді, біздің картоп еккен кейпімізді көріп әрі таңқалды, әрі ашуланды. "Қонақ балаларға неге картоп отырғыз дейсің, бұл картоп отырғызатын мезгіл емес, тіпті күн түс ауған аптап ыстық" деп апама ұрсып, бәрімізді үйге қайтарып, ал інім екеумізді жұмыстан құтқарған еді. Қазір сол күн есіме түссе, сол күйбең тірлікте бір философия бар сияқты болып тұрады, әсіресе көлеңке іздеуімізде және сол көлеңкенің бос болмауында, апамның самайынан аққан терінде - бір мызғымас заман өлшемі, мағынасыз іс-әрекетте өмірдің өткінші ауыртпалығы жатқандай.

Апа, сен біздің санамызда өшпес ізіңді қалдырдың, сенің өмірің біреулерге ұзақ болып көрінді, ал біз үшін мезгілсіз кеткендей болдың. Сен қайтыс болғанда түс көрдім, мамамның ең кіші сіңлісі "мама сен өлмедің бе?" деп жылап жатыр екен, оянғанда апамның қайтыс болғанын түсіндім. Үйге телефон шалдым, папам "қызым, апаң қайтыс болды" деді.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/meni-apam-783760](https://yvision.kz/kk/post/meni-apam-783760)