---
title: "Мен өзгердім."
description: "Менің байқағаным, көп жағдайда көңіл-күйім жоқ кездерде ғана жазба жазады екенмін. Сіздерде де солай..."
author: "ksmila"
published: "2018-12-06T18:06:33+00:00"
modified: "2018-12-06T18:08:05+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-zgerdim-821204"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-zgerdim-821204/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мен өзгердім.

> Менің байқағаным, көп жағдайда көңіл-күйім жоқ кездерде ғана жазба жазады екенмін. Сіздерде де солай...

Менің байқағаным, көп жағдайда көңіл-күйім жоқ кездерде ғана жазба жазады екенмін. Сіздерде де солай ма? Жазба деп айтқаныммен, бұл жерде көп ештеңе де жазып жүрген жоқпын. Бірақ жазғандарымның барлығы менің шын болмысым деп білгейсіздер. Бұл жерде барлығы шынайы... Неге шын өмірде адамдар шындық пен шынайылықтан қорқады екен. Сол адамдардың қатарында мен де бар болғанмын. Өзімді жоғалтып, енді таптым десем де болады. Жазбамның тақырыбы "Мен өзгердім", өзгергенім жоқ, бұрынғы шынайы қызды таптым, бойыма қайтардым. Балалығымда қалып қойған ерке қыз оралды, ол ерке қыз қайда кетіп еді?

"Өмірдің қиындықтарын көріп, еркелігін қойып, өзінің жүрегінің түкіпірінде тығылған еді, ол айналасына басқаша қарауды бастаған еді, адамдарға сенбеуді, жақындарын ренжітпеуді, таныс емес жандармен достық қарым-қатынасқа түспеуді, бұрынғыдай сыңғыр қағып күлмеуді, тек мақсат пен арман жолында тура жүруді бастаған еді. Төрт жыл бойы өзіне емес басқа біреу үшін өмір сүргендей кейіпте жүрген болатын".

Өмірімде осындай өзімді жоғалтып алған қызық жылдар болды.Оның басты себебін тура осы деп айта алмаймын. Мүмкін ересек өмірге бейімделу шығар, мүмкін мен үшін бейтаныс болған орта шығар, анығырақ ештеңе де айта алмаймын. Қазір бәрі басқаша... Бұрынғыдай өміріме ризамын. Бұрынғы мақсаттарым материалдық құндылықтармен байланысты болса, қазіргі арманым мүлдем басқа. Жаңа достар тауып, керемет адамдармен таныстым. Олармен бірге күлуді, олармен бірге жылауды үйрендім. Өзімнің жылуыммен бөлісуді үйрендім. Кішкентай ғана, қысқа мерзіммен байланысты, маңызы шамалы мәселерді ойлаудан арылып, өмірге деген көзқарасымды өзгерттім. Өміріме тағы да ғашық көздермен қарай бастадым.

Әй, бұл қыз ғашық болып қалған ба деп ойласаңыз... Өкінішке орай, ондай жағдай болмады. Бірақ, бірақ ғашық болғым келіп жүр... Көздерімен кезігіп қалсам, тұла бойым діріл қағатындай, басымды көтеріп тік қарауға ұялатындай, жаныма жақын келсе екі бетім қызыл реңге боялатындай, сұрақ қойса екі сөздің басын қоса алмай, жауап беруге қиналып, қобалжитындай, күлімсіреген күлкісінен көзімді алмайтындай, өмір бойы сақтап келген жүрегімдегі үлкен орынды сыйлайтындай, ерінімнен емес, маңдайымнан сүйетін жігітке ғашық болғым келеді...

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/men-zgerdim-821204](https://yvision.kz/kk/post/men-zgerdim-821204)