---
title: "Мен саған есірткі жайлы айтып беремін..."
description: "Есірткіден азат қоғамды қалыптастыру, жастар арасында саламатты және салауатты өмір салтын насихатта..."
author: "dvdkzokz"
published: "2015-03-20T02:54:27+00:00"
modified: "2015-03-20T02:54:27+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-sa-an-esirtki-zhayly-aytyp-beremin-483311"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-sa-an-esirtki-zhayly-aytyp-beremin-483311/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...

> Есірткіден азат қоғамды қалыптастыру, жастар арасында саламатты және салауатты өмір салтын насихатта...

Есірткіден азат қоғамды қалыптастыру, жастар арасында саламатты және салауатты өмір салтын насихаттау, бүкіләлемдік зұлматқа айналып отырған дерттің кең етек алуын болдырмау мақсатында Қызылорда облысы ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаментінің ұйымдастыруымен «Мен саған есірткі жайлы айтып беремін...» тақырыбында орта мектеп оқушылары арасында эссе жазудан байқау өткізілді.

Сайыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында есірткі заттарының қоғамға әкелетін зияны жайлы пікірлерін білу, өзіндік көзқарасын білдіруге мүмкіндік беру, азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру болып табылады.

Сайысқа 10-14 жас аралығындағы 54 оқушы қатысып, дәлелді фактілерді қолдана отырып, белгіленген тақырыпқа қатысты ойларын нақты, дәл және көркем жеткізе білді.

Құрылған комиссияның шешіміне сәйкес, 54 байқауға қатысушының 14-нің шығармасы ерекше атап өтілді. Ал сайыс қорытындысы бойынша топтан оза шапқан Қызылорда қаласы №3 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Шәкір Рүстембектің шығармасы үздік деп танылып, бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал Шиелі ауданы №48 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Омарханова Гүлнұр – екінші орынды еншілесе, Қызылорда қаласы №176 орта мектебінің 6-сынып оқушысы Рахман Жанель үшінші орын иегері атанды.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылы заманауи техникалық құралдардың мүмкіншіліктерін пайдалана отырып жастардың есірткіге қатысты белсенді азаматтық пікірін білдіруіне мүмкіндік беретін «Есірткісіз өмір ғажайып!» тақырыбында орта, орта арнаулы білім беру орындары оқушы, студент жастарының қатысуымен үздік бейнеклиптер сайысы ұйымдастырылды.

Сайысқа 10-18 жас аралығындағы 43 сайыскер қатысып, өздерінің есірткіге қатысты ойларын мәнді бейнесюжет арқылы әнмен әрлеп, рэп, ұранды сөздермен мәндеп жеткізе білді.

Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша 15 сайыскердің жұмысы байқау талаптарына толық сәйкес келеді деп танылып, 5 сайыскердің бейнеклиптері әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды. Алайда, «жарыс болғаннан кейін жеңімпаздары да болады» демекші, ең үздік деп танылған бейнеклип авторы Қызылорда қаласы №3 мектеп- лицейінің оқушысы Амангелді Мұстафа 1-орынды иеленсе, екінші және үшінші орындарды Арал ауданы №13 орта мектебінің оқушысы Маратов Айдос пен Қазалы ауданы №226 гимназия оқушысы Жұмахан Арайлым теңдей бөлісті.

 
 

**Қызылорда ОІІД баспасөз қызметі**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/men-sa-an-esirtki-zhayly-aytyp-beremin-483311](https://yvision.kz/kk/post/men-sa-an-esirtki-zhayly-aytyp-beremin-483311)