---
title: "«Мен – қазақпын» шығармасына деген көзқарасыңыз қандай?"
description: "Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» шығармасына негізделген Ерболат Құдайбергеннің әнін естімеген ..."
author: "Aiym_Tlepbergen"
published: "2019-01-06T17:19:43+00:00"
modified: "2019-01-06T17:19:43+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-shy-armasyna-degen-k-z-arasy-yz-anday-823216"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-shy-armasyna-degen-k-z-arasy-yz-anday-823216/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Мен – қазақпын» шығармасына деген көзқарасыңыз қандай?

> Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» шығармасына негізделген Ерболат Құдайбергеннің әнін естімеген ...

Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» шығармасына негізделген Ерболат Құдайбергеннің әнін естімеген қазақ жоқ шығар.

Осы шығарманың негізгі өзегіне айналған келесі жолдар әр қазақтың бойында ұлтына деген махаббат сезімін оятып қана қоймай, мақтанышқа да бөлейтіні анық.

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен Жылағанда жүрегім, күн тұтылып, Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Бұған келесі өлең жолдарын қосыңыз:

Мен – қазақпын, бір биік белеспін мен Европа да, Азия да емеспін мен. Аралықпын, жетінші материктей, Бірақ барша адаммен тел өстім мен.

Көбісі бұл шығарманы өлең деп ойлайтыны да белгілі. Сондықтан болар, өлең емес, поэма ретінде жазылған «Мен – қазақпынды» басынан аяғына дейін оқып шыққан қазақтың санын аз-ау. Себебі мектеп қабырғасында бізге бұл шығарманың өзіміздің ұлтымызды ұлықтаған тұстарын ғана іріктеп беріп, қай дәуірде жазылғанын, қазақ тарихын қалай «дәріптегенін» көрсететін тұстарын алып тастағанын білмейтін едік.

Өсе келе, осы поэманы басынан аяғына дейін оқып шыққан маған оған талдау жасау да, ондағы ойларды оқып-тоқу да қиынға соқты. Бір жағынан жазылғанның бәрі шындық десек, онда сол кезде үстем болған идеология жетегінде кетер едім, ал, бүгінгі күнгі тәуелсіз тарихи ой-сана сүзгісінен өткізіп қарасам, поэмадағы келесі жолдарға қандай баға беруге болады:

Абылайды, Жәңгірді, хан Кенені Қазақ өзі қашаннан аң демеді?! Қылықтары еріксіз түссе еске, Қан татыған аузыма дәм келеді.

Солар мені қамаған қараңғыға, Соларды тек жебеді сараң құдай. Мен де ұқтым көзімнің ашылмасын, Озбырлықты отамай, қараң қылмай.

Қысқасы, бұл тек мені ғана қиын жағдайда қалдыратын шығарма емес және бұл осы поэмадағы мені қиын жағдайда қалдырған тек бір үзінді ғана емес. Одан әрі барсақ, «Мен – қазақпын» сынды шығармалардың әлі талайы бар, бірталайын қазақ білсе, енді біреулерін бүгінгі күні ешкім оқып та жатпаған болар. Алайда оларға тарихи баға беру кезі келді ме, мысалы, қазақтың қамын ойлаған, алайда түрлі саяси ұстанымдарды ұстанған біздің интеллигенция өкілдеріне толыққанды баға берілді ме деген сұрақтардың дені осы сынды шығармаларды оқу барысында ойымды алай-дүлей етеді. Сондықтан XIX-XX ғасырлардағы оқиғаларға ғана емес, олардағы қазақ интеллигенциясының, соның ішінде ақын-жазушылардың шығармаларында сол кездегі оқиғалардың көрініс табуына арналған ауқымды зерттеу жұмыстарының басталар уақыты келді деп есептеймін.

Алып-қосарларыңыз болса, пікір қалдыруларыңызды өтінемін.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-shy-armasyna-degen-k-z-arasy-yz-anday-823216](https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-shy-armasyna-degen-k-z-arasy-yz-anday-823216)