---
title: "«Мен қазақпын» поэмасындағы рухани жігер мен ұлттық код ұғымдарының көріністері"
description: "Қазақ халқы – рухы биік, жігері асқақ, ұлттық мұрасын көздің қарашығындай сақтаған қастерлі ұлт. Қаз..."
author: "ShalkarovaAidana"
published: "2020-10-04T15:03:07+00:00"
modified: "2020-10-04T15:04:49+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-poemasynda-y-ruhani-zhiger-men-ltty-kod-ymdaryny-k-rinisteri-867944"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-poemasynda-y-ruhani-zhiger-men-ltty-kod-ymdaryny-k-rinisteri-867944/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# «Мен қазақпын» поэмасындағы рухани жігер мен ұлттық код ұғымдарының көріністері

> Қазақ халқы – рухы биік, жігері асқақ, ұлттық мұрасын көздің қарашығындай сақтаған қастерлі ұлт. Қаз...

Қазақ халқы – рухы биік, жігері асқақ, ұлттық мұрасын көздің қарашығындай сақтаған қастерлі ұлт. Қазақты жырына қоспаған қазақ ақыны, қазақты сөзге қоспаған қазақ қаламгері жоқ шығар. Ұлы дала халқын жырына қосып, жалын атқан жасампаз намыстың туы еткен ақындардың бірі - Жұбан Молдағалиев. Ақиық ақынның «Мен қазақпын» деп үн қатқаны-оның қазақ азаматы ретіндегі биік ұраны.

Жұбан Молдағалиев-қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін, дәстүрін, халықтың рухани байлығын анық ашып көрсеткен шебер ақын. Ақынның «Мен қазақпын» өлеңінде өршіл рух, терең патриоттық сезім, ұлттық жігер сынды сезімдер көрініс тапқан. Сондықтан да қазір бұл өлең еліміздің әрбір азаматының,яғни әрбір қазақтың өшпес ұраны.

Мен-қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде табыстым мұң тілімен,

Жылағанда жүрегім күн тұтылып,

Қуанғанда күлкімен түн түрілген.

Бұл өлең жолдарында ақын өзінің азаматтық ұстанымы мен ұлттық намысын паш етеді. Өзін «мың өліп, мың тірілген» қазаққа теңеп, тарих қойнауындағы мықты, ешкімге беріспейтін берік қазақты дәріптейді. Ана тілінің, баба тілінің дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап өн бойына сіңірген асыл қазынасын мақтанышпен айтады. Ақын қазақ халқының сан ғасырлық ауыр зардабын өткір тілмен өрнектеп, тебірене жырлап, мақтаныш сезімімен мадақтап «Мен қазақпын» деп шарқ ұрады. Оның өз ұлтымен, өз елімен мәңгі мақтанғаны сөзсіз.

«Мен қазақпын» деп қолыңды жүрегіңе қойып, елің үшін адал азамат болу - Отаныңа деген шексіз махаббатың, туған өлкеңе деген ыстық лебізің және сенің ұлттық кодты сақтауың. Бүгінгі күні Жұбан Молдағалиевтің «Мен қазақпын» толғауы сазды әуенге айналып, кез келген қазақтың құлағының түбінде сайрап тұр. Менің ойымша, бұл өлең-халқымызға күш пен қайрат , жігер мен намыс, рух пен зор даңқ сыйлайтын, ұлттық құндылығымыздың дәрежесін асқақтатын ерекше ән. Мына өлең жолдарынан ақынның өз еліне деген нағыз адалдығын, шынайылығын көреміз:

Республика! Ерікті ел- Қазақстан!

Келді ақыры көп күткен жаз алыстан,

Келді алыстан аңсатып, армандатып,

Торды бұзған мен де бір мәз арыстан,-

деп елінің тәуелсіздігін қанша уақыт бойы, жылдар бойы зарыға күтіп, асқан ерлікпен, бірлікпен қол жеткізгенімізді жырлайды. Өлең астарында ақынның ұлттық рухы, жігері жасырылған. Кез келген ақын осылай ішкі толғанысын барынша әсерлі етіп жеткізе алады деп санамаймын. Демек, «Ж.Молдағалиев- өз елінің бақытын шексіз сезіммен, бойындағы күш-қайратымен, жүрегімен, бар ынтасымен сезініп, көпшілікке үн қата алған ақын» деген тұжырымға келеміз.

Бүгінгі күні «Мен қазақпын» деп жалындаған, Жұбан атамыз салып кеткен сара жолды жалғастырушы жандар жетерлік. Мысалы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты көлемді мақаласы қайрат пен жігерге толы өлеңнің жалғасы іспеттес. Жұбан Молдағалиев өз ұлтына деген жалынды үнін, махаббатын өз өлеңімен халықтың жүрегіне жеткізсе, Елбасымыз көркем сөзбен өрнектеп жеткізген асыл сөзі әрбір қазақтың жан-жүрегін тербейді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазақ халқының бес жүз жылдан астам тарихи күндерін қамтиды. Бұл мақала тек қазаққа ғана тән ерекшеліктерді, қазақ халқының басынан өткерген тар жол тайғақ кешу кезеңдерін танытып, ұлт құндылықтарын одан әрі айқындай түседі. Сол себепті қазақ жұртына арналған айбынды өлең мен қазақтың төл тарихын айшықтайтын мақаланы бір арнаға тоғыстырып, саралап, терең ой түйіп, ата-бабаның дара жолын жалғауға ұмтылуымыз қажет.

Бір сөзбен айтқанда, кез келген қазақ Жұбан ақындай «Мен қазақпын» деп мақтана алады. Біз, қазақ халқы, зеңгір көктің аясында желбіреген көк тудың астындағы бейбіт заманда егемендігімізді қолдан жібермей, ынтымақтастығымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, болашаққа нық қадам басып келе жатқан сәулеcі жарық халықпыз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-poemasynda-y-ruhani-zhiger-men-ltty-kod-ymdaryny-k-rinisteri-867944](https://yvision.kz/kk/post/men-aza-pyn-poemasynda-y-ruhani-zhiger-men-ltty-kod-ymdaryny-k-rinisteri-867944)