---
title: "Мемлекеттік қызметке 20 жыл"
description: "Тәуелсіз жас мемлекетіміз әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мы..."
author: "aibatbk"
published: "2018-12-05T05:06:31+00:00"
modified: "2018-12-05T05:06:31+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmetke-20-zhyl-820984"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmetke-20-zhyl-820984/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мемлекеттік қызметке 20 жыл

> Тәуелсіз жас мемлекетіміз әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мы...

Тәуелсіз жас мемлекетіміз әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарынан көріну үшін ең алдымен мықты мемлекеттік аппарат қалыптастыру мәселесі ең өзекті деуге болады. Қазіргі таңда осы «100 нақты қадам» - Ұлт жоспарын іске асыруда ең бірінші кезекте мемлекеттік қызметті дамытуға көңіл бөлініп отыр. Бұл еліміздің мемлекеттілігін нығайтып, қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге, ең ақыры жаһандық және iшкi сын-қатерлерге қарсы атқарылатын ауқымды дүниелердің сапалы атқарылуына деген салмақты саясаттың нәтижесі болатыны сөзсіз.

Даму кезеңімізде мемлекеттік қызметті жетілдіруге бағытталған реформалар жүргізіліп, уақыттың көші жылжыған сайын мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарда барынша күшейтіліп келеді. Нәтижесінде бұл мемлекеттік қызметтің сапасының артуына мүмкіндік береді. 1999 жылы 23 шілдеде мемлекеттік қызметшілердің барлық міндетті, мақсатты қырларын айқындайтын «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Қолданыстағы осы заң бүгінгі күнге дейін бірнеше рет өзгертіліп, толықтырулар енгізілді. Бірнеше жыл бұрын мерекелік күнтізбенің қатарына 23 маусым-Қазақстан Республикасында «Мемлекеттік қызметшілер күні» болып бекітілген болатын.

Бүгінде әрбір арнайы-орта және жоғары білімі бар жас мамандарға мемлекеттік қызметке келу үшін оңай жағдай жасалған. Бұл қызмет түрі үміткерден небәрі жеткілікті білімді, құқықтық сауаттылықты, өнегелі тәртіпті, адалдық пен ар-намыс тазалығын талап етеді.

Жоғары кәсіби мемлекеттік қызметті және тиімді басқару құрылымын құру ісінде міндеттерді іске асыру көбіне мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне байланысты. Сонымен қатар, маңызды функционалдық және мәртебелік маңызы бар мемлекеттік қызмет имиджі халықтың мемлекеттік аппаратқа сенімі деңгейінің көрсеткіші және қоғамның басқару қызметінің тиімділігін бағалау өлшемі болып табылады.

Мемлекеттік қызметкердің нәтижелілігіне байланысты еңбекақы төлеу жақсы бастама деп есептеймін. Қуантарлық жағдай ағымдағы жыл басталысымен еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің қызмет ақысы 30% - ға өскен болатын. Бірінші кезекте бұл сол мемлекеттік қызметкердің нәтижелі жұмыс істеуге итермелейді.

Жалпы мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы, ол өз қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы керек. Заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүріп, кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай, әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстауға тәрбиелеу керек.

Түйіндей келе, Елбасының мына сөзімен аяқтағым келеді «Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады». Елбасының осы айтқан сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmetke-20-zhyl-820984](https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmetke-20-zhyl-820984)