---
title: "Мемлекеттік қызмет этикасы – жұмыстың тиімділігін арттырудың негізі"
description: "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департамент..."
author: "AlmatyAnticorruption"
published: "2016-07-09T00:13:10+00:00"
modified: "2016-07-09T00:13:10+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmet-etikasy-zh-mysty-tiimdiligin-arttyrudy-negizi-701408"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmet-etikasy-zh-mysty-tiimdiligin-arttyrudy-negizi-701408/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мемлекеттік қызмет этикасы – жұмыстың тиімділігін арттырудың негізі

> Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департамент...

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаменті (әрі қарай - Департамент), Алматы қаласының Ішкі саясат, Дін істері жөніндегі басқармалары мен Қазақстан халықтары Ассамблеясының Алматы қалалық хатшылығы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық – қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенімге негізделген маңызды кәсіби стандарт» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтардың және діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен қалалық деңгейдегі сұхбат алаңын өткізді.

Департаменттің басшысы Бақтияр Камалов сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамда мәдениетті қалыптастырудың басты міндеттері мен мақсаттарын және мемлекеттік қызмет институтының маңызын, оның қоғамдағы орны мен рөлін арттырудың тетіктерін түсіндірді. Мемлекеттік қызметкерлер азаматтармен тікелей байланыстарын және сыбайлас жемқорлықтың көріністерін тудыратын жағдайларды барынша азайту үшін мемлекеттік қызметтер көрсету саласын дамытуда кешенді шаралар қолға алынып жатқандығын атап өтті. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді шаралар жұртшылықтың қолдауымен іске асырылуы тиіс. Мемлекет пен қоғам арасында тығыз байланыс болған жағдайда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға болатындығын мәлімдеді. Сонымен бірге үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген Әдеп кодексін жан-жақты түсіндіріп өтті.

«Ақпараттық ресурс орталығы» қоғамдық қорының директоры, Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі, Алтынай Көбеева кеше Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты XXIV сессиясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік органдардың шешімін атқару, оны талқылау және қабылдау ісіне халықтың қатысуының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Мемлекеттік органдардың жанынан қоғамдық кеңестер құрылып, оған ҮЕҰ-мен қатар, ҚХА мүшелері де белсенді мүшелік етуде. Азаматтық бақылау жемқорлыққа, ысырапшылық пен арам пиғылды шенеуніктерге тұсау салу мәселелеріне тоқталды.

Алматы қаласында 100-ден астам ұлт өкілдері тұрады. Бүгінгі таңда Алматы қалалық Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрамында 34 этномәдени бірлестіктер бар. Ассамблеяның сессиясында Елбасы белгілеген стратегиялық міндеттемелерді орындау жағынан қалалық этномәдени ұйымдармен тығыз байланысты болуын және Президент Жолдауындағы қоғамдағы төзімділік пен этноаралық келісім мәселелері бойынша жұмыстар атқарылып жатқандығын мәлімдеді.

«Альтернатив» медиация және бітімгершілік орталығының директоры Анна Данилина Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясына сәйкес сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйелері мен жаңа қабылданған «Әдеп кодексін» жан-жақты түсіндіре келе қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын бірлесе отырып қолға алынып жатқан мәселелеріне өз ойын білдірді.

Алматы қаласы Медеу ауданының бас имамы Тілепберген Жакиев аудан көлеміндегі діни бірлестіктердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар мен азаматтарды рухани тәрбиелеу мәселелеріне тоқталды.

Сұхбат алаңына қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы өзекті мәселелер жөнінде өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды. Жиын пікір алмасу, түрлі сұрақтарға жауап форматында өткізілді.

*(Сұхбат алаңы,* *«Қазақстан», «Алматы» -* ***Телеарналарында**,* *«Алматы Ақшамы», «Вечерний Алматы»* ***Газеттерінде** және* *«Би нюс», «Казинформ», «Информбюро»* ***Интернет-ресурстарында** жириялаумен өтті).

![Мемлекеттік қызмет этикасы – жұмыстың тиімділігін арттырудың негізі](https://storage.yvision.kz/images/user/almatyanticorruption/l0nD0OiihrKxyl6S8a1qJ2TswI8zJo.jpg)

*

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmet-etikasy-zh-mysty-tiimdiligin-arttyrudy-negizi-701408](https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-yzmet-etikasy-zh-mysty-tiimdiligin-arttyrudy-negizi-701408)