---
title: "Мемлекеттік тіл мерейім!"
description: "Мен, ынтымағы мен татулығы жарасқан Қазақстан Республикасында туып, білім алып, еңбек етіп, өз үлесі..."
author: "ceka"
published: "2015-02-12T23:08:07+00:00"
modified: "2015-02-12T23:08:07+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-mereyim-469671"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-mereyim-469671/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мемлекеттік тіл мерейім!

> Мен, ынтымағы мен татулығы жарасқан Қазақстан Республикасында туып, білім алып, еңбек етіп, өз үлесі...

Мен, ынтымағы мен татулығы жарасқан Қазақстан Республикасында туып, білім алып, еңбек етіп, өз үлесімді қосып жүргендігіме өзімді бақытты жан деп есептеймін. Қазақ халқы көптеген ұлттарды қиын- қыстау кезінде бауырына басып өз төрінен орын бергені тарихтан белгілі.

Ұлты, тілі, діні, салт-дəстүрі басқа деп өзекке теппей бір атаның ұл- қызындай көрді. Соның жемісі болар, Тəуелсіздік алғаннан бұл жақсы дəстүрмен, бүгінде Қазақстанда тыныстап тіршілік ететін ұлт пен ұлыстардың татулығы мен бейбіт өмір сүруі осыған дəлел. Мұндай жағдайға жетуге, біріншіден, қазақ халқының бауырмалдығы, жомарттығы, меймандостығы себеп болса, екіншіден, мемлекетіміздің дұрыс жолды таңдауында деп білемін. Елбасымыздың «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ» деп айтқан аталы сөзінің астарында қаншалықты мəн-мағына бар екендігін аңғару қиын емес. Мемлекеттік тіл мəртебесі əрбір Қазақстан азаматы үшін қымбат болуға тиіс. Қазақ тілі шексіз бай, өте көркем тіл. Мемлекеттік тіліміздің көркемдігін пайдалана алмаған адам, нағыз пақыр жан. Айтыңыздаршы, мемлекеттік тілді білмей тұрып, қалай ғана Қазақстанның патриотымыз деуге болады? Сондықтан мен қазақ құрбы- құрдастарыма: «Жалтақтамай өзге тілді ұлысқа, ең алдымен өз тіліңді дұрыста!» - дегім келеді. Кейде бойымдағы əлде бір күш серпіліп аласұрғандай болады, қазақ тілі мемлекеттік тіл болса да, қоғам арасында кейбір «саңыраулардың» əлі де болса, осыны сезінбей жүргені жүрегіме батады. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Əуезов: "Кімде-кім өз анна тілін, əдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мəдениетті адам деп санауға болмайды" деген екен. Олай болса, қоғамның толыққанды, тең дəрежелі, мəдениетті адамына айналу үшін мемлекеттік тілді меңгеруіміз керек. Қазақ тілі қазақтың ғана тілі емес, барлық қазақстандықтардың ортақ мемлекеттік тілі. Барлығымыз "Meн Қазақстан Республикасының азаматымын, қазақ тілі - менің тілім" дегі айтуымыз қажет. Айтып қана қоймай, іспен де қазақ тіліне деген көзқарасымызды дəлелдеуіміз керек. Тіл жағдайы сонда ғана шешімін табады. Мемлекеттік тілімізді əлемге таныту үшін «Бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығарайық» құрметті замандастар!

 

**«Халыққа қызмет көрсету орталығы»**

**РМК-ның Жамбыл облысы бойынша**

**филиалының №3 бөлім басшысы Б.Ж.Рахимбердиев**

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-mereyim-469671](https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-mereyim-469671)