---
title: "Мемлекеттік тіл – егемен ел айнасы"
description: "Еліміз егемендігін алғаннан кейін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге б..."
author: "mary4"
published: "2016-09-09T22:51:47+00:00"
modified: "2016-09-09T22:51:47+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-egemen-el-aynasy-711348"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-egemen-el-aynasy-711348/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мемлекеттік тіл – егемен ел айнасы

> Еліміз егемендігін алғаннан кейін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге б...

![Мемлекеттік тіл – егемен ел айнасы](http://storage.yvision.kz/images/user/mary4/Kn70PU3d7CtE7WzpPCeA277F5yz3w9.gif)

**Еліміз егемендігін алғаннан кейін мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алына бастады. Соның нәтижесінде, бүгінде елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің басым бөлігі мемлекеттік тілді меңгеруде.**

 

Мемлекет басшысының тікелей араласуымен 1997 жылы елімізде «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңға қол қойылған болатын. Бұл құжат тіл саясатын салиқалы жүргізуге зор ықпал етті. Аталмыш заң аясында кейін кезең-кезеңмен мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, өз жемісін беруде. Мәселен, қазіргі таңда елімізде «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» сәтті жүзеге асып жатқанын айрықша атап өткен жөн.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мәліметінше, бүгінгі күні республика тұрғындарының 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілді жетік меңгерген екен. Ал 2020 жылға қарай қазақстандықтардың 98 пайызы мемлекеттік тілді білетін болады деп күтілуде. Бұл – көпұлтты еліміз үшін үлкен жетістік, дейді мамандар.

Атап өтерлігі, осынау межелі мақсатқа жету жолында, яғни, тәуелсіз ел азаматтарының мемлекеттік тілді үйренуі үшін түрлі іс-шаралар үздіксіз жалғасын табуда. Қазіргі уақытта Қазақстанның түкпір-түкпірінде 88 мемлекеттік тіл оқыту орталықтары жұмыс істеуде. Мұнда қазақ тілін меңгеруге келген тұрғындарға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Яғни, осындай орталықтарға келушілер толығымен оқу-әдістемелік құралдары және сөздік кітаптармен қамтамасыз етілуде. Бұл ретте, елімізде мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы қалыптасқанын мақтанышпен атап өту керек. Жыл сайын том-том сөздік кітаптар, қазақша ертегілер мен балаларға арналған кітаптар, танымдық, ғылыми публицистикалық кітаптар, тіл үйренуге арналған басқа да оқу құралдарының көптеп жарыққа шығуы соның дәлеліндей. Сондай-ақ, елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында аудандық, облыстық және республикалық деңгейде түрлі сайыстар ұйымдастыру дәстүрге айналды.

Тілдерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асқаннан бері отандық бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік тілдің үлесі де артып, бүгінде 60 пайызды құрап отыр. Атап айтар болсақ, «Қазақстан», «Балапан» республикалық телеарналары 100 пайыз, ал «Хабар», «Білім және Мәдениет», «Қазспорт ТВ» және басқа да бірқатар белді арналар бағдарламаларының 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде берілуде. Қуантарлығы, соңғы жылдары қазақ тілінде жарық көретін шығармашылық және авторлық бағдарламалар көбеюде. Сонымен қатар, әлеуметтік желі қолданушыларының мемлекеттік тілдегі үлесі артуда.

Аталмыш мемлекеттік бағдарламаның арқасында ұзақ жылдар бойы өзге тілде аталып келген қала, көше, нысандардың атаулары өзгертілді. Нақтырақ атап айтар болсақ, Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері ономастикалық комиссия 6 қала, 1 348 ауыл, 7 811 көше және 1 мыңнан астам білім, мәдениет, спорт мекемелерінің атауларын өзгерткен. Аз уақыттың ішінде осындай ауқымды жұмыстардың атқарылуы – Тіл туралы Заң мен мемлекеттік бағдарламалардың табысты жүзеге асқанының кепілі екені сөзсіз.

Ерекше тоқтала кетерлігі, Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, үш тұғырлы тіл жобасына басымдық берілуде. Ел тұрғындарының бірнеше тілді қатар меңгеріп, өркениет көшінен қалмауын көздеген тіл саясаты қазірдің өзінде оң нәтижесін бере бастады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы үш тілді меңгерген. Тәуелсіздік алғанына небары ширек ғасыр ғана уақыт болған жас мемлекет үшін бұл – зор жетістік!

Ең бастысы, елімізде үш тілді оқытуға ерекше көңіл бөлінгенімен мемлекеттік тіл – егемен елдің айнасы, тірегі әрі күре тамыры болып қала бермек. Оған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды,. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді», - деген сөзі дәлел.

Марат Серікбай

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-egemen-el-aynasy-711348](https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-til-egemen-el-aynasy-711348)