---
title: "Мемлекеттік кепілдікті төлеу туралы"
description: "Мемлекеттік кепілдікті тағайындау және төлеу бойынша азаматтардың көптеген өтініштеріне байланысты ..."
author: "deptruda-sockst"
published: "2019-01-24T09:58:35+00:00"
modified: "2019-01-24T09:58:35+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-kepildikti-t-leu-turaly-824510"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-kepildikti-t-leu-turaly-824510/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мемлекеттік кепілдікті төлеу туралы

> Мемлекеттік кепілдікті тағайындау және төлеу бойынша азаматтардың көптеген өтініштеріне байланысты ...

Мемлекеттік кепілдікті тағайындау және төлеу бойынша азаматтардың көптеген өтініштеріне байланысты түсіндіреміз.

Мәлім болғандай, Зейнетақы қоры ай сайынғы аударымдарды сақтап қана қоймай, оларды көбейтуді өз мойнына алады. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған кейбір зейнетақы қорлары экономикалық дағдарыс кезінде айтарлықтай шығынға ұшырағаны құпия емес. Бірқатар зейнетақы қорларында жинақтар бойынша теріс кірістілік байқалды. Нәтижесінде, кейбір зейнеткерлер ақшаларын инвестициялық кірістерсіз жинақтаушы зейнетақы қорынан алды, шығында қалды. Осы себепті мемлекет азаматтардың жинақтарын қорғау және кіріс бөлігін инфляция деңгейіне жеткізу туралы шешім қабылдады.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы №105-V Заңының 5 бабына сәйкес зейнетақы жинақтарының сақталуы бойынша мемлекеттің кепілдіктері бекітілген.

Осы баптың 1 т. сәйкес, мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдеріне алу құқығы кезінде инфляция деңгейiн ecкepe отырып, іс жүзінде енгізілген жарна сомалары мөлшерінде бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналарының (МЗҚ) және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының (МКЗЖ) сақталуына кепiлдiк бередi.

Айырманы (мемлекеттік кепілдікті) төлеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен біржолғы төлемді білдіреді. Салымшылар мемлекеттік кепілдік бойынша төлем алу құқығына зейнеткерлік жасқа толған кезде ие болады.

Бұдан басқа, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жағдайда І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар жандар, Қазақстаннан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен адамдар, мемлекет кепілдігі бойынша төлем алуға құқылы азамат қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері айырма сомасын алуға құқылы.

Өтемақы мөлшері әрбір салымшы үшін дербес есептеледі. Зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде алушының зейнетақы жинақтарының сомасы оның жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңіндегі инфляцияны ескере отырып есептеледі және енгізілген зейнетақы жарналарының сомасымен салыстырылады.

Егер салымшының жүйеде болған уақыты ішіндегі зейнетақы жинақтарының кірістілігі инфляция деңгейінен төмен болса, мемлекет қордың нақты табысы мен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтейді.

Алайда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті жарналар мен инвестициялық табыс есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының сомасы енгізілген жарналардың сомасына тең немесе одан жоғары болса айырма сомасы төленбейді.

Салымшының инфляция деңгейін және инвестициялық кіріс мөлшерін ескере отырып, салымшының міндетті зейнетақы жарналарының сомасы туралы ақпаратты БЖЗҚ ұсынады.

2018 жылдың қазан айында «бір терезе» қағидаты бойынша жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы бірыңғай өтініш беру бойынша композиттік қызмет енгізілді.

Енді зейнетақы жасына жеткен тұлғалар жасына байланысты зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау, сондай-ақ БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналарының түрлері есебінен зейнетақы төлемдерін алу үшін ХҚО-ға бірыңғай өтінішпен және құжаттар пакетімен жүгінеді. Төлем бір шотқа және бір күнде жүргізіледі.

Көрсетілген өтініш негізінде алушыға мемлекеттік кепілдікті төлеу бойынша проактивті қызмет (әдепкі бойынша) көрсетіледі. Әрбір алушы үшін арнайы әзірленген әдістеме бойынша есеп жүргізіледі және егер ол шын мәнінде тиесілі болса, адам өзінің банктік шотына төлем алады.

2019 жылғы 1 қаңтарға дейін 2003 жылдан кейін жасына байланысты зейнеткерлікке шыққан және өз құқығын іске асырмаған адамдар үшін проактивті форматта мемлекеттік кепілдік төлеу бойынша жұмыс жүргізілді. Мемлекеттік кепілдік алу құқығын іске асырмаған 14 148 тұлға үшін есеп жүргізілді, оның ішінде 8 143 адамға айырма сомасының болмауына байланысты төлемнен бас тартылды, 6005 адам 100 958 мың теңге сомасына төлем алды.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-kepildikti-t-leu-turaly-824510](https://yvision.kz/kk/post/memlekettik-kepildikti-t-leu-turaly-824510)