---
title: "Мемлекет мәртебесі - мемлекеттілікті мойындатуда."
description: "Мемлекет мәртебесі: мойындатуда. Егер де біз Қазақ мемлекеті суверенді, егеменді деп танытсақ өзге е..."
author: "NurlanBekmurat"
published: "2012-06-25T02:42:49+00:00"
modified: "2012-06-25T02:42:49+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/memleket-m-rtebesi-memlekettilikti-moyyndatuda-272011"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/memleket-m-rtebesi-memlekettilikti-moyyndatuda-272011/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мемлекет мәртебесі - мемлекеттілікті мойындатуда.

> Мемлекет мәртебесі: мойындатуда. Егер де біз Қазақ мемлекеті суверенді, егеменді деп танытсақ өзге е...

Мемлекет мәртебесі: мойындатуда.

Егер де біз Қазақ мемлекеті суверенді, егеменді деп танытсақ өзге елдерге, оны өзіміз де мойындауымыз керек еді.

Тек тәуелсіздікке жиырма жыл болғанда ғана, біз мемлекеттік символдарды силау керектігін мойындап отырмыз. Әрине, ештен кеш жақсы деуге болады, бірақ баяу шабамыз деп, былжырап божып кетуіміз ғажап емес. Немесе, бұра тартып, діннің артынан жүреміз деп, тілді араб-парсы тілінің түсініксіз қоспасы да қылғандаймыз. Болмаса, ақылдан келген азап деп, қатты ақылды болып бар сөзді аудара беріп, азаптанатындаймыз.

Жиырма жылда не өзгерді?

Келесі қадам қандай болуы тиіс, деген сұрақтарға жауап іздесек, жарытымды қорытынды жасай алмайды екенбіз. Кей затқа көңіл толғанымен, әлі көптеген заттың жайттың, толыққанды өзгермегенін, немесе бұра тартып, лағып кеткенімізді байқаймыз.

Жиырма жылда тіл өзгерді, қазақ тілінде: сөйлесу тілі мен жазба тілінің алшақтап кеткенін байқаймыз. Егер сөйлескенде: ресторан, велесепед, помидор десек, жазғыштар мейрамхана-тойхана, шайтан-арба, қызанақ, деп қызартады. Бұл тіл қазақққа пайда әкеле ме? Әрине, жоқ. Тек шатыстырғаннан басқа еш пайдасын әлі күнге ешкім көре алмай келеді. Қазақтың бетке ұстары деген, интелектуал-ақылгөйі Абай да орыстан келіп жатқан сөздерді сол қалпында қабылдаған еді. Бүгінгі күннің ақылдылары зиядының тасуынан ақылды болудың орнына зияткер болып, тілге қиянат жасап жатыр.

Не өзгермеді? Жарты қазақтың өз тілін менсінбеуі өзгермеді. Кеңес кезінде тек жиырмадан бір ғана қазақ шенеунігі ана тілінде сөйлемесе, тәуелсіздік тұғырланғанда әрбір оныншы шен таққан, қазақ тілінде сөйлей алмайтынын көреміз, көреміз де күмілжиміз. Көңілге кірбің ұялайды. Жасимыз. Егер осы жайтты өзге емес, қазақтың мақтанышы елбасымыз қолдап отырса. Қолдамайды дейін десек, сол кісінің қол астындағы жылпылдаған ЖЛП - VIP\жоғары лауазымды персон, немесе пысықай\ дегендердің дені қазақ тілінде сөйлей алмауын көз көргеннен кейін, кібіртіктейміз. Президент өзі мемлекеттік тілде сөйлегеннен кейін қол астындағыларды да мемлекетті силауға үйретуі керек еді, бірақ өзі қадыр тұтқан тілді, қоластындағыларға қадірлетіп, силатып, үлгі бола алмауы алаңдатады.

Не істеуіміз керек десек, бірінші сөзді, немесе қадамды Елбасы бастауы тиіс. Әрине, Мемлекеттік рәміздерді қорғай алғаны үшін алғыс айтамыз, тек, жиырма жылда тек жыланқұрттай жылжи алғанымыз серпілте алмайды. Сол себепті, егер де мемлекет президенті қазақ тілінде емтихан тапсырса, барлық мемлекеттік қызметкерлер Елбасынан үлгі алып, мемлекеттік тілде емтихан тапсыруға міндетті болуы тиіс. Бұл пункті де талқыланбай, Конституция заңы ретінде қабылдануы тиіс.

Екінші пункт, жиырма жылға созылған қазақ тілінің қорлануына тосқауыл қойылып, қазақ тілінің мазақ болуын тиу керек. Тіл сақшысы дегендердің бейшара болып шыр-пыр болуына адамның жаны ашымай қоймайды, сол себепті де егер де қазақ тілінде жазылған реклама-жарнама, басқа да көрінетін жерлерге қойылған тақташаларда мемлекеттік тілді мазақтау орын алса, әке-көке демей бірден штрафтау саясатына көшу қажет. Заңды тұлғаға он көрсеткіш айыппұл бірінші ретте салынса, келесі жолы мемлекеттік тілді мазақтамас бұрын, он рет ойланып алады. Бұл да мемлекеттің Заңнамасына кіруі ӨТЕ ҚАЖЕТ.

Егер де біз осы екі ғана белді мәселені жақын арада шеше алмасақ, онда біздің елдігіміздің ертеңі жоқ деуге болады. Мәймөңкелеп мазақ болудың, арты орны толмас азап болады. Бұл барлық мен қазақпын деген, депутат мандатын қалтасына салған азаматтарға арналады. Егер де ел бастаған, президентті қоршаған қауым өз хақын пайдаланып, бұл мәселені жиырма жылда шеше алмаса, тым болмаса МЕН ҚАЗАҚПЫН деген бір депутат табылуы тиіс бұл елде. Әйтпесе, қазақты қазақ атаудың керегі болмай қалады. Жай ғана ана тілі жоқ, орыс тілдес елдердің бірі болып кете береміз.

Бұл екі пункті де орыс тіліне еш нұқсанын келтіре алмайды, қай тілде сөйлесең де рұқсат, тек мемлекетті силап мемлекеттік тілді менсінбегендерді тәртіпке шақырар кез өтіп барады. Сол себепті де, сипалақтамай сабырлы, салмақты, салауатты мемлекет екенімізді өзімізге дәлелдеуіміз бірінші реттегі қажеттілік.

Сөз соңында, мен қазақпын деп көкірек соғып жүрген жандарға, айғай-ойбайдың қажеті жоқ, өз үстемдігімізді асыра сілтемей ақырындап мойындата беруіміз керек. Егер де қай жерде қазақ тілі қорланып жатса, шара қолдануыңыз сіздің борышыңыз болуы шарт. Мен өз басым, талай жерде тартысқа түскеннен кейін жазып отырмын, Медеуде Қазақ әндері орындалмағаны үшін "Медеудегі масқара" деп жазып жатып қазақ әндерін орындаттым, Оттавадағы мемлекеттік консулдық қызметтегілер қазақша сөйлемегені үшін де қырқысып, бет жыртысып, қазақша сөйлеттім де жазғыздым. Бұл менің қазақ тіліне деген кішкене ғана құрметтеу мәзірім деп санаймын. Алматының МАИ қызметкерлерімен қазақша білмегендері үшін соттасайын деп ойлаған едім, соңғы кездері тоқтатулары тиылып қалды, және қазақша сөйлесең қазқаша жауап беретін қызметкерлер көбейіп кетіпті. Соттасуға сылтау таба алмадым. Егер сыныққа сылтау табылса соттасудан тайынбаңдар, егер мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде қызмет көрсетпесе ол өте серезный сылтау, аяқсыз қалдыруға болмайды ондайды. Қатты ашуланып қызанақтанбай, күле күрделендіріп, салмақты аргументер келтіріп, салыңыздар салмақты. Сонда ғана біз өз-өзімізді силай алатын елдер қатарына кіре аламыз. Әзірге біз орыс тіліне кіріптар болған, колониялды пиғылдан арыла алмаған именшек елдердің біріміз.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/memleket-m-rtebesi-memlekettilikti-moyyndatuda-272011](https://yvision.kz/kk/post/memleket-m-rtebesi-memlekettilikti-moyyndatuda-272011)