---
title: "Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі"
description: "Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы е?..."
author: "journalist_n"
published: "2024-10-03T10:58:22+00:00"
modified: "2024-10-03T10:58:22+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/memleket-basshysy-barlyk-dengeydegi-maslihattar-deputattarynyn-ii-respublikalyk-forumynda-soz-soyledi-1007693"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/memleket-basshysy-barlyk-dengeydegi-maslihattar-deputattarynyn-ii-respublikalyk-forumynda-soz-soyledi-1007693/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі

> Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы е?...

Бұл туралы akorda.kz сайты хабарлады.

**Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтті. 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.**

![Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/6e3791ae40b1f3221da2ca64e0e77791.jpg?width=1200&height=780)

– Онда жергілікті өкілді билікке қатысты мәселелер де бар. Атап айтсақ, облыстық мәслихат сайлауы аралас жүйе арқылы өтеді. Ал аудандық депутаттар тек қана мажоритарлық тәсілмен сайланады. Бұл қадам еліміздің демократиялық жолмен дамуына зор серпін берді деп сеніммен айта аламыз. Ауқымды реформаның нәтижесінде саяси бәсеке жандана түсті. Жаңа ережеге сай өткен сайлаудан кейін мәслихаттарға жаңа адамдар келді. Алты саяси партияның өкілдері депутат мандатына ие болды. Қазір мәслихат мүшелерінің оннан бірі ғана – партиялық тізіммен келген депутаттар. Қалғаны түгел – бір мандатты округтен сайланған азаматтар. Өзін-өзі ұсынған – 434 адам депутат атанды. Ашығын айтсақ, бұрын саяси партиялар түрлі санаттағы азаматтармен жұмысқа көп көңіл бөлмейтін. Заңмен талап еткеннен кейін ғана мән бере бастады. Мысалы, партиялық тізімде жастарға арнайы квота бөлінді. Бұл шешім олардың қоғамдық-саяси үдеріске араласуына жол ашып берді. Бұрын мәслихаттағы жас азаматтардың үлесі 2 пайызға да жетпейтін. Қазір заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде бұл көрсеткіш еселеп артты деуге болады. Бүгін де ортамызда көптеген жас депутаттар отыр. Олар түрлі мінберден жастарға қатысты өзекті мәселелерді батыл көтеріп жүр. Өкілді билікте әйелдердің қатары көбейе түсті. Елімізде қыз-келіншектердің бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Әйелдердің құқығын қорғауға баса назар аударылып жатыр. Осының бәрі реформаның нақты нәтижесі екені сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/memleket-basshysy-barlyk-dengeydegi-maslihattar-deputattarynyn-ii-respublikalyk-forumynda-soz-soyledi-1007693](https://yvision.kz/kk/post/memleket-basshysy-barlyk-dengeydegi-maslihattar-deputattarynyn-ii-respublikalyk-forumynda-soz-soyledi-1007693)