---
title: "Медеу, коньки, сырғанақ."
description: "Медеу, коньки, сырғанақ. Төгілген әуен, шабытты ырғақ. Аяққа тағып мұзатты, Мінгендей тұлпар, кетесі..."
author: "NurlanBekmurat"
published: "2013-01-13T04:27:29+00:00"
modified: "2013-01-13T04:27:29+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/medeu-konki-syr-ana-313892"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/medeu-konki-syr-ana-313892/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Медеу, коньки, сырғанақ.

> Медеу, коньки, сырғанақ. Төгілген әуен, шабытты ырғақ. Аяққа тағып мұзатты, Мінгендей тұлпар, кетесі...

Медеу, коньки, сырғанақ.

Төгілген әуен, шабытты ырғақ.

Аяққа тағып мұзатты,

Мінгендей тұлпар, кетесің зырлап. Медеу, әрине тамаша, теңдесі жоқ мұзда сырғанау айдыны. Тек, әттең дегізетін, бірнеше ыңғайсыздық болмаса.

Біріншісі, коньки деген мұзда сырғанау құралының қазақша аудармасының қайта-қайта дұрыс баламасын таба алмай аударыла салынып келуі. 2007-2008 жылдары Медеу мұз айдының әкімшілігі "шаңғы" деп аударып, жарнамалық бағандар мен басқа да жазуға боларлық тақтайшаларға жаза салған еді, биылғы жылы "сырғанақ" деп аударыпты да: сырғанақсыз мұзға шығуға болмайды,- деп баттитып жазып тастапты, ескерту бағандарына. Тым болмаса " коньки" дегенді "мұзат", "мұзтақ" - мұз тақтайшалары, деп те көрмепті. Сырғанақтың басқа таудан сырғанау, жазық даламен шаңғымен сырғанау деген түрлері болатындарын естеріне де алмапты.

Екінші жанға жайлы емес нәрсе, ол Медеу мұз айдынын басқаратын адамдардың менеджмент деген мәселені ескермейтіндіктерінде екен. Ақша табудың жолын талдап, мониторинг жасайтын болса, қалай жасағанда ақша көбірек түседі деп ойланар еді. Ал тек бағаны шарықтатқаннан басқа түк жасамағандықтан, келушілердің саны күрт азайып кеткен екен, соңғы жылдары. Биыл 2400 теңгеге дейін көтерілген баға 1800 теңгеге түскен екен Жаңа жылдан кейін, бірақ ол да өте көп ақша екенін түсіне алмапты. Дұрысында, түске дейінгі, және түстен кейінгі сырғанақты қалдыру керек еді. Егер екі сағатта 900 теңге болатын болса, талай адамға ол жағымды болар еді. Өз басым елуден асқаннан кейін бір-екі сағаттан артық сырғанай алмаймын. Жаңадан мұзда сырғанауды үйреніп жүрген жандар үшін де, екі сағат жеткілікті. Екі сағатта сарғанаққа тойынбайтын жан жоқ шығар, ал түстен кейін де сырғанаймын деген жандар үшін 50% жеңілдік болар болса, ол жандар да жеңілдік деп жан қинамас еді.

Ең бастысы халықтың жағдайын түсініп, халықтың қалтасының қамын ойлайтын болса, қарапайым халық та мұз айдының бюджетін қомақты қаржымен толтырар еді. Бағаның шарықтауымен емес, халықтың көп келуімен келеді қаржы деген. Ал қазіргі Медеу менеджментімен, мәзір де мәз емес, мұз айдынында сырғанаушылар да қуана зырлай алмайды. Дамыған елдерде мұзсырғанақтар тегін де, таза, жайлы, музыкасы да керемет. Мысалы Торонтода, Канада елінде жүздеген мұзайдыны жылда құйылады, еш баға алынбайды, ең бастысы күніне екі рет тазаланып тұрады. Міне, мұны халықтың қамын ойлау деп түсінуге болады. Егер де мемлекет, халықтың денсаулығын, болашағын ойлар болса, онда алдымен халық үшін қызмет көрсетер еді. Ал Медеу мұз айдынын басқарушылар ма, әлде Алматы қаласының әкімшілігі ме, халықтың төлеген салығына салынған, жөнделген мекемені, өз меншіктеріндей пайда табу көзіне айландырғандай. Бұл әрине, тұйыққа тірейтін қате саясат, ертеңі жоқ, біркүндіктен арыны ойлай алмайтын қатерлі бағыт.

Ал, Медеу менеджментіне қарсы альтернатива қалыптасып келеді Алматыда, жыл сайын көптеген мұз айдындары қалада құйыла бастады, бағалары да 500 теңге, балаға 300теңге болады екен. Адамшылыққа келетін баға. Биыл мен Медеуге үш рет барсам, оның екеуінде дискоунт бағасын пайдаланып, билетті 1000 теңгеге алғаннан кейін ғана бардым, қалған күндері Құрманғазы мен Бәйсеитова көшелерінің қиылысында құйылған айдында сырғанақ тептім. Медеуге альтернатива жоқ деу қате, әр қимылға қарсы қимыл болмай қоймайтынын ескермеген жағдайда, Медеу де тек мұражай-музей экспонатының кебуін киуі әбден мүмкін. Биыл мен ауылдан келген туыстарымның балаларын Медеуге тек суретке түсіруге ғана апарып, сырғанақты үйдің қасындағы мұзайдында тептік. Адам баласы әруақытта өз жанына жайлы затты іздейді. Ол заңдылықты бұзу мүмкін емес!

Сол себепті, Ойлану керек, Медеу имиджмейкерлері!

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/medeu-konki-syr-ana-313892](https://yvision.kz/kk/post/medeu-konki-syr-ana-313892)