---
title: "Маңғыстаулық өнерпаздар жалпыхалықтық рефрендумды қолдады"
description: "Маңғыстау облыстық АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Н. Жантөрин атындағы өңірлік музыкалық-драма театрының ұжымы..."
author: "journalist_n"
published: "2024-09-19T08:03:18+00:00"
modified: "2024-09-19T08:03:18+00:00"
locale: "kk"
canonical_url: "https://yvision.kz/kk/post/mangystaulyk-onerpazdar-zhalpyhalyktyk-refrendumdy-koldady-1007428"
markdown_url: "https://yvision.kz/kk/post/mangystaulyk-onerpazdar-zhalpyhalyktyk-refrendumdy-koldady-1007428/markdown"
site_name: "Yvision.kz"
---

# Маңғыстаулық өнерпаздар жалпыхалықтық рефрендумды қолдады

> Маңғыстау облыстық АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Н. Жантөрин атындағы өңірлік музыкалық-драма театрының ұжымы...

**Маңғыстау облыстық АЭС құрылысын қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері Н. Жантөрин атындағы өңірлік музыкалық-драма театрының ұжымымен кездесіп, бейбіт атом қуатын экономика игілігіне бағыттаудың басымдықтары, халықтың әлеуметтік әлеуетіне оң әсері жөнінде пікір алмасты. **

![Маңғыстаулық өнерпаздар жалпыхалықтық рефрендумды қолдады](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/9670a3fdcff5e6e0cb31744d92b9cd45.jpg?width=1600&height=1066)

«Еліміз бойынша халық тығыз қоныстанған шығыс пен оңтүстік өңірлерде электр қуатынының жетіспеушілігі белең алуда. Тіпті былтыр біздің өңір Маңғыстауда қыста жылумен жабдықтау желілеріндегі апаттар салдарынан біршама қиындықты бастан өткердік. Себебі «МАЭК» энергетикалық комбинаты 30 жылдан бері күрделі жөндеу көрмей әбден тозығы жеткен. Мұндай көрініс еліміздің көптеген өңірлерінде қалыпты жайт. Сондықтан мемлекеттік деңгейде электр қуатын өндіретін кәсіпорындар салу керек деген шешім шықты. Осы тұста күн мен жел энергиясы сынды табиғи қуат көздерін игеру, бейбіт атом қуатын кәдемізге жарату бастамалары жанданғаны мәлім.

Қазірдің өзінде ең қуатты реакторлық қондырғының құрылысы Түркия елінде жүріп жатыр. Бүкіл әлемде тұңғыш рет жылдам нейтронды АЭС біздің Ақтауда орналасқанын ескерген жөн. Мәскеу түбінде 71 жыл бұрын салынған АЭС әлі күнге дейін жұмыс жасап, халықты электр қуатымен қамтамасыз етіп келеді. Одан беріде төртінші буын атом реакторлары пайда болды. Жаңа типтегі реакторлық қондырғы құрылымын жасақтауда апат орнаған атом станцияларының технологиялық сараптамасы мен ықтимал қатерлердің алдын алу ескерілген.

Былтыр Қазақстан 22 мың тонна уран өндірді.Біздің импорт әлемдік нарықтағы уран рудасының 41 пайызын құрап отыр. АЭС құрылысын жақтаушылар баламалы қуат көздерін қатар дамытуды қолдайды»,-дейді эколог Орынбасар Тоғжанов.

![Маңғыстаулық өнерпаздар жалпыхалықтық рефрендумды қолдады](https://storage.yvision.kz/images/user/580804/d2e59de2a6b8597b2ca22d973d3215ef.jpg?width=1600&height=1066)

Өңірдегі өнер ошағының ұжымы АЭС құрылысына қатысты өздерін толғандырған көкейкесті сауалдарын қойды.

«Бүгінгі кездесуде еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі жөнінде біршама мағлұматқа қанықтық. Ел ертеңі, ұрпақ болашағы үшін аса маңызды шешімді халықпен кеңесіп, қабылдау жөн мәселе. Себебі не жасалса да, адам өмірі мен табиғат қауіпсіздігі қорғалуы тиіс, халық игілігі үшін жасалуы тиіс. Сондықтан өнер ошағының ұжымы саяси науқаннан қалыс қалмайды деген ойдамын»,-дейді Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театрының директоры Айдос Тастаев.

---

Source: [https://yvision.kz/kk/post/mangystaulyk-onerpazdar-zhalpyhalyktyk-refrendumdy-koldady-1007428](https://yvision.kz/kk/post/mangystaulyk-onerpazdar-zhalpyhalyktyk-refrendumdy-koldady-1007428)